Руханият • 24 Ақпан, 2020

Алматылық ұстаз ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың тың әдісін жасады

647 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушысы Ұлжан Алашабаева қазақтың ұлттық мәдениетін сақтауға және дамытуға бағытталған жобаны жүзеге асыруда.

Алматылық ұстаз ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың тың әдісін жасады

Сондай-ақ оның қанатқақты идеясы көру қабілеті нашар және соқыр балалардың таным көкжиегін арттыру арқылы қоғамға бейімделуіне бағытталған.

Қыздар университеті оқытушысының жобасы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры мен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырған «Қайырымдылық керуені» республикалық конкурсында үздік деп танылды.

«Асар» номинациясы бойынша үздік атанған Ұлжан Алашабаеваға жарыстың ең жоғары наградасы – бірінші дәржелі медальді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрайымы, аталған Қордың директоры Дариға Назарбаева табыстады.

Екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан жобаның мақсаты – қайырымдылық идеяларын кеңінен дәріптеу, белсенді азаматтық бастамаларды дамыту.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға республика бойынша батыл, қайырымды, жігерлі жандар қатысты. Былтыр тамыз айынан бастап еліміздің барлық өңірінде осындай адамдарды анықтау және іріктеу жұмыстары жүргізілген. Осымен екінші жыл қатарынан өткізіліп отырған байқауға қатысушылар әлеуметтік, қоғамдық проблемаларды шешуге әрі жомарттығымен басқаларды мейірімділікке ынталандыруға үлес қосып жүрген азаматтар.

1

Жиын барысында Дариға Назарбаева байқаудың маңыздылығын атап өтіп, қайырымдылық, мейірімділік, жанашырлық сияқты құндылықтар қашанда халқымызға тән қасиеттер екендігін тілге тиек етті.

– Байқау жеңімпаздарын іздеу барысында біздің жобаның жұмыс тобы сан түрлі ғажап адамдармен кездесті. Олардың арасында кәсіпкер-меценат, үкіметтік емес ұйым өкілдері, мұғалімдер, фермерлер, дәрігерлер, зейнеткерлер, студенттер және тіпті, мектеп оқушылары бар. Жыл санап сайысқа қатысушылардың қатары артып келе жатқанына өте қуаныштымыз. Егер алғашқы «Қайырымдылық керуені» байқауына 97 қатысушы қатысса, бүгінде 231 адам бақ сынап отыр. Бәріңізге немқұрайлы болмай, патриотизм, жауапкершілік пен мейірімділік танытқандарыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Сіздердің әрқайсыларыңыз бізге, әсіресе жас ұрпаққа үлгі-өнегесіздер! – деді Дариға Назарбаева.

Айта кетейік, жобаны қорытындылау барысында бес номинация бойынша конкурс жеңімпаздарының есімдері жарияланып, оларға I, II және III дәрежелі медальдар, сондай-ақ «Оқжетпес» шипажайына жолдамалар мен ақпараттық серіктестер «Хабар» агенттігі мен «КТК» телеарнасының сыйлықтары  тапсырылды.

 

Жандар АСАН,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің

баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы