Абай • 24 Ақпан, 2020

Таразда Абай атындағы фестиваль өтті

703 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, Назарбаев зияткерлік мектебінің бастамасымен М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінде «Білімдіден шыққан сөз» атты ақын шығармашылығына арналған облыстық фестиваль өтті. Шараға облыстың 10-нан астам мектептерінен келген командалар қатысып, өнер, робототехника салалары бойынша бақ сынады.

Таразда Абай атындағы фестиваль өтті

Шара шымылдығы «Хәкім Абай» театрландырылған қойылымымен ашылды. Жиында университет ректоры Махметғали Сарыбеков және облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмилә Бекбатырова шараның маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Фестиваль барысында «Абайдың ізімен» атты білім саласын дамытудағы өзекті мәселелер бойынша дөңгелек үстел, «Абайдың қара сөздері – өнеге көздері» тақырыбындағы ақынның өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқу сайысы және «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас» тақырыбында робототехника олимпиадасы бір мезетте ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстел барысында жергілікті университет ректорлары мен мектеп директорлары мектеп пен жоғары оқу орны қызметіндегі сабақтастық мәселелерін талқылады. Мұнда кадр дайындау, студенттердің білім сапасы, білікті мамандарды мектепке тарту туралы мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары ұсынылды.

Сонымен қатар университет фойесінде оқушылар құрастырған роботтар қазақтың ұлттық ойын түрлерінен жарысқа түсті. Бұдан кейін облыс аудандарынан келген мектеп командалары Абай шығармалары бойынша драмалық қойылымдар сахналады. Сайыс талабына сай ата-аналар, ұстаздар мен оқушылар бір сахнада өнер көрсетті. Фестиваль соңында жеңімпаздар анықталып, оларға жүлделі орындар табысталды.

 

Жамбыл облысы