Қоғам • 25 Ақпан, 2020

Киіктің киесі жібермейді

1276 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қоғамды бейжай қалдырмаған бұл қанды оқиға өткен жылдың қаңтар айында болған еді. Арада жылжып жыл, аунап ай өткенде осы қылмыс бойынша қаралған іске де соңғы нүкте қойылғандай... «Киіктің қаны қанжығасында көп қатқан адам оңбайды», деген сөз қалған еді бұрынғылардан. Ал айдың-күннің аманында кісі қанын мойнына жүктегендердің екі дүниеде тартар жазалары қандай болмақ?..

Киіктің киесі жібермейді

Ақбөкен жарықтық тізеден келетін ақборық қарда бой жазып қаша алмайды екен. «Ә» деп салғандағы ұшқырлығы жар­ты шақырымға, ұзаса бір шақы­­рымға жетеді де, одан кейін жыл­дамдығы бәсеңдеп ба­рып бар­лығады да қалатын көрі­неді. Оның үстіне жер апшысын қуыр­ған джип жанын қоя ма, жетіп келіп үстіне мініп алады ғой...

Жол талғамайтын екі көлік­ке мінген жетеудің бұл күні қан­жығалары қанға бөге майланған еді. Ішіндегі өңкиген текелерін таң­дап атқанның өзінде он жеті ба­сын жусатып салған.

Жазықсыз жануарлардың тамағынан сырылдап аққан қан аппақ қарды қынадай қылып қызылға бояған-ды...

Қара мылтық қанданып, қан­жыға майланып, ендігісі киік­тің жас етінен қаймақ қосып қуы­­рылар қуырдақтан қарбыта асау­­ды ғана ойлап, қозғала бер­ген­­дерінде, қайдан шыққаны бел­­гісіз, «Охотзоопром»-ның шо­қаң­даған «Нива»-сының жетіп келгені...

Мол олжаның буы, қиялдағы тәбет шақырған қуырдақтың дәмді иісі, бәрі-бәрі әдірем қалды да, мына «қызылкөз пәледен» қайт­сек құтылсақ деген үрейлі ой же­теудің санасын дырау қам­шы­дай осқылап өткен. Үсті­лерінен түскеннің саны – екеу, бұлар болса – жетеу. Онан кейін, әнебір мұртты қазақтың анау-мынау әңгімеге көнетін түрі көрінбейді. «Құжаттарыңды көрсетіңдер, қару­ларыңды тапсырыңдар!», деп дікіңдеп-ақ тұр. Өзінен де бар ғой... келісімге келер емес, айтқанға құлақ асар емес...

Сорғалаған қан, сойдақтаған ізбен келіп тұр. Көлік болса мы­нау: іші толы бауыздалған киік, мылтық анау: оқ-дәрінің кеңсі­рікті қыжылдатқан иісінен әлі ары­лып үлгермеген... Тап қазір мұртты инспектордың айтқанына көнер болса, бастарына бәле тілеп алды деген сөз: айыппұл, сот, түрме... Қорқақтың құтын қашырған осы сұмдық ойлар қапыда тұтылған жетеуді жексұрын бір іске жетелеген еді.

Қолмен ұрған, аяқпен тепкен соққыда есеп болмады, арасында қара пышақ та қарыс ұзарған. Екі инспектордың денесінен жан кеткендей иленіп қалған кезінде ғана барып ес жиған...

Иә, 2019 жылдың 13 қаңтары күні Қызылорда облысының жеті тұрғыны екі қорықшыны өлімші етіп сабап, ақ қар, көк мұздың елсіз даласына осылайша тастап кеткен еді. Жай ғана кетпеген: қорықшылар мінген көліктің кілтін қалталарына салып, GPRS-трекер құралының сымын үзіп кеткен. Сол себепті де қансыраған инспекторларды бірден тауып алу мүмкін болмаған еді.

Тек, қас қарайғанда барып құтқарушылар өлімнің ар жақ, бер жағында жатқан екі қорықшыны әрең дегенде тауып алған. Жолда олар Нұра ауданындағы Баршын ауылына, одан кейін Қорғалжын елді мекеніне соғып, ол жерлерде жансақтау бөлімі болмағандықтан, көп қиындықтармен елордаға жеткен болатын. Бас қаладағы №1 аурухананың дәрігерлері қолдан келгеннің бәрін жасағанымен, басынан ауыр жарақат алған Ерлан Нұрғалиевтің өміріне араша бола алмады. Ал жағы сынып, пышақталған Петр Ницык әупіріммен аман қалған...

Сөйтіп, елудің үшеуіне жасы келген Ерлан Нұрғалиев Арқаның сәні болған ақбөкенді қорғаймын деп өмірін қиды. Ал қорықшыларға қастандық жасаған браконьерлер арада апта өтпей жатып қолға түскен.

* * *

Өткен аптаның аяғында Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қызылорда облысының жеті тұрғынына қатысты сот үкімі жарияланды. Атап айтқанда, сотталушылар Берік Ахметов, Қайрат Ақшанов және Нұрлан Шукилдиков адам өлтіруге оқталу, мән-жайларды ауырлататын жағдайларда адам өлтіру және заңсыз аңшылықпен айналысу айыптары бойынша кінәлі деп танылып, оларға өмір бойы бас бостандықтарынан айыру жазасы кесілді. Сотталғандар жазаны қылмыстық атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесінде өтейтін болады.

Сонымен қатар, аталған қылмыстық іске қатысы бар Берден Базаров, Батырбек Қайырбеков, Жарасхан Мырзабаев және Айдос Әкімов аса ірі залал келтіре отырып, заңсыз аң аулады деген айыппен алты жылға сотталды. Бұлар жазаларын орташа қауіпсіз колония-қоныста өтейді. Сотталғандардың бәрі бес жылға дейін аң аулау құқығынан айырылды.

Жәбірленушілердің моральдық зиян және материалдық залалдың орнын толтыру жөніндегі азаматтық талап арызын сот ішінара қанағаттандырды. Мәселен, судья марқұм Ерлан Нұрғалиевтің інісінің талап арызы бойынша материалдық залал ретінде 500 мың теңге және моральдық зиян есебінде 9 млн теңге, сондай-ақ марқұмның ұлының пайдасына, сәйкесінше, 1 млн 890 мың теңге және 15 млн теңге өндіру туралы үкім шығарды. Ал жәбірленуші Петр Ницыктың талап арызына сәйкес, сот материалдық залал деп 500 мың теңге және моральдық зиян келтіргені үшін сотталушылардан 6 млн теңге өндіріп алуға шешім қабылдады. Бұдан бөлек, сот үкімі бойынша, 17 киікті өлтіргені үшін сотталушылар 89 750 750 теңге өтемақы төлейтін болады.

Әлбетте, айыпталушы жақтың адамдары жазаны тым қатаң, әділетсіздеу деп санайды. Мәселен, Нұрлан Шүкілдіков пен Берік Ахметовтің адвокаты Ерлан Шолохов «Рас, қоғамда резонанс тудырған қылмыс болды. Ешкімді кінәлағым келмейді. Дегенмен, күдіктілер ұсталғаннан бері сайттар мен блогтар түймедейді түйедей қылып жіберді. Аяусыз қанды өлім болды дейді. Қайдағы өлім? Өзара болған төбелестен кейін жәбірленуші сол жерде емес, ауруанада көз жұмды ғой...», деген уәж айтады. Сотталғандардың өзі де «Сот әділ өтпеді, біржақты шешім қабылдады», деп наразылық танытып жатты... Ал жәбірленуші Петр Ницык болса, сот шешімі туралы қандай да бір түсінік беруден бас тартты.

Ескерте кететін бір жайт, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Яғни, сотталушылардың оған шағым келтіруге құқығы бар.

Ресми деректерге сүйенер болсақ, қазіргі таңда еліміздегі киіктің саны 210 мыңнан асыпты. Жалпылай алып қарағанда, бұл көңілге демеу боларлық көрсеткіш. Әйтсе де, қазақтың даласымен бірге жасасып келе жатқан киелі жануарға төнген қауіп-қатердің азаятын түрі көрінбейді. Соңғы жылдары белгілі де белгісіз себептермен қынадай қырылған оқиғалардың жиілеп кеткені өз алдына, «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен аладының» керін келтіріп, браконьерлер де бөкеннің киік дейтін баласына қырғидай тиюін қояр емес. Жол талғамайтын мықты да жүйрік көлік мінген, мылтықтың неше атасымен қаруланған арсыз аңшылардың бұл жолда ештеңеден тайынатын түрі жоқ. Олардың кейбіріне киік аулау көңіл көтерер ермек болса, енді бір тоғышар топ үшін ақбөкеннің мүйізін сатып, көл-көсір пайда табу кәдімгідей кәсіпке айналған. Ал бұларды құрықтауға тиіс қорықшылардың қолы қысқа, қауқары шамалы. Осыны жақсы білетін қаскөйлер көп жағдайда табиғат қорғаушыларын шаңға көміп, құтылып кетіп жатады. Ұсталған күннің өзінде заңды талапқа бағынбай, қорықшыларды жазым етулерін қояр емес. Бұған мысалды алыстан іздеп керегі жоқ: Ерлан Нұрғалиев қаза болғаннан кейін, арада алты ай өткенде тура осындай қанды оқиға тағы да қайталанды. Бұл жолы броконьерлер Ақмола облысында өздерін ұстамақ болған инспектор Қаныш Нұртазиновты өлтіріп, оның әріптесі Самат Оспановты жаралап кеткен болатын...

 

 4

P.S. Былтыр Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ержүректілігі мен жанқиярлығы үшін марқұм қорықшы Ерлан Нұрғалиев пен инспектор Петр Ницык ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен наградталды.

Биліктің осылай елегені ауыр қайғының, аяусыз соққының зардабын жеңілдетуге аз да болса септігін тигізген шығар. Әйтсе де, аң-құстың өмірі үшін қара басын қауіп-қатерге тігіп жүрген қорықшыларға қатаң заң, қамқор жағдай қорған болмайынша, мұндай қанды оқиғалардың оқтын-оқтын қайталанбасына ешкім кепілдік бермейді.

 

Қарағанды облысы