Экономика • 25 Ақпан, 2020

«Қаржы пирамидалары» қайтып келді ме?

216 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Гарант 24», «Estate Ломбард», «Home Avto Invest»... Соңғы бірнеше күннің бедерінде осы үш мекеменің төңірегіндегі дау өршіп тұр. Еліміздің әр қаласындағы клиенттері өткен аптадан бері аталған ломбардтардың кеңселерін басып алып, салған қаржысын қайтаруды талап етіп жатыр.

«Қаржы пирамидалары» қайтып келді ме?

 

Алдымен бұл мекемелер туралы аз-кем ақпарат бере кетейік. «Гарант 24» пен «Estate Ломбард» ломбард ретіндегі қызметін айт­па­ғанда, «несие­леудің басқа да түр­лерін» ұсынып келген. Алай­да клиенттері «көте­ріліске» шық­қан­нан кейін іле-шала Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл ком­па­ния­лардың банк лицензиясы жоқ екенін, сәйкесінше қандай да бір несиелік операция жүр­гі­зу­ге құқы жоқ екенін хабарлады. Агент­тік бұл екеуінің әрекетінде қаржы пира­­мидасының сипаты бар деп түсін­дір­ді. Бұл:

– өте жоғары табыс туралы уәдені үйіп-төгуі;

– жаңа қатысушы тартқаны үшін сыйақы беруі;

– салған инвестицияның қай­та­ты­нына кепілдік бар деп сендіруі;

– жалған инвестициялық нысандарды пайдаланғаны;

– жарнамасы жер жаруы.

Қай жағынан алып қарасақ та, «Гарант 24» пен «Estate Ломбард»-тың жұмысы қаржы нарығын рет­теу­ші мекеме айтқан осы сипат­тар­ға сай келеді.

Заңды тұлғаларға қатысты де­рек­терді тіркеумен айналысатын «Учет. Проверка контрагентка» сай­тын­дағы дерекке сүйенсек, «Estate Ломбард» ЖШС-ның бас кеңсесі Алматы қаласындағы Алмалы ауданының Жамбыл көшесіндегі 175-үйде орналасқан. Басшысы Нұржан Елеуов есімді азамат.

БАҚ-тардың хабарлауынша, «Гарант 24» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігінің басшысы Аслан Мурзабеков есімді азамат. Бас кең­селері елордада орналасқан лом­­бардтың Орал, Ақтөбе, Ақтау, Пав­лодар сынды бірнеше қалада кең­с­есі бар. Статистика комитетінің ха­бар­лауынша, мекемеде 51-100 ара­лығында адам жұмыс істеген көрінеді. Мемлекеттік кірістер комитеті оның 121 мың теңгеден сәл-ақ асатын салық берешегі бар еке­нін хабарлады.

Ішкі істер министрлігі атал­ған мекемелердің жер-жер­де­­гі кең­се­­ле­рінің басшыларын тұт­қын­дау­­да. Атап айтсақ, «Гарант 24»-тің Павлодар, Тараз, Қа­ра­ған­ды, Орал қалаларындағы кеңселерінің бас­шылары ұсталғаны белгілі болды. «Home Avto Invest»-тің Атыраудағы директоры алды­мен алданған клиент­тердің қо­лына түсті. Оны кепіл­ге алған атырау­лықтар алдымен ақшаларын қай­тар­ғаннан кейін боса­тамыз деп, кейін ішкі істер депар­таментіне тап­сырды.

Жалпы, біздің қоғам қаржы пирамидаларының қулық-сұм­ды­ғы туралы ақпаратқа кенде емес. Тоқсаныншы жылдардағы жабайы капи­тализм кезінде жер сипап қал­ғандар туралы айтпа­ған­да, кейін­гі жылдары аңғал аза­мат­тар­дың ақшасын қағып алғандар туралы дүркін-дүркін айтылып та, жазылып та жүр. Алайда адамдар отқа үймелеген көбелек құсап, қар­жы пирамидаларын төңіректеуді қояр емес. Неге? Бұл туралы әлеу­мет­танушы Эльмира Отар былай дейді:

– Мұның әлеуметтік және пси­хо­логиялық аспектілері бар. Бірін­ші кезекте, бұл азаматтардың қар­жы сауатының төмендігін көр­­се­­теді. Өзінің қаржы саясатын дұ­­рыс құрмайтын, оны дұрыс жос­­­­парлай алмайтындар қаржы пира­­мидасының құрығына оңай түсе­ді. Екіншіден, кейбір азаматтар түрлі оқиғаларға байланысты бір реттік қаржыға зәру болып қалып, шарасыздықтан осындай жағ­дай­лар­ға ұрынуы мүмкін. Үшінші себеп – азаматтардың сен­гіштігі. Халық бір жерде оңай олжа бар деп естісе, мол табысқа кенелесің десе сеніп қалады. Оның үстіне, «пи­рамидаларды» жар­на­ма­лау­ға таны­мал тұлғалар қатысты.

Халық сенбей қайтеді, атақты вайнер Мейіржан Төребаев, әнші Айқын, «Найман» деген лақап аты бар ережесіз жекпе-жек шебері Қуат Хамит сияқты «жұлдыздар» жар­на­масын қатырып жасап берсе. Бір айта кетерлігі, аталған «жұл­дыздар» әлеуметтік желіде халықтан кешірім сұрап, өздері де сан соғып қалғанын айтып, тіпті ішкі істер органдарына арызданып жатыр.

Жалпы, «Тақиям толған сөк, ерте тұрсам дым да жоқ» деген жұмбақты еске түсіретін жағдай посткеңестік кеңістіктегі елдер үшін таңсық емес. Тоқсаныншы жыл­дардағы топалаң тұсында қаржы пирамидаларының талайы құры­лып, талайы күйреп, талай адамның аузы күйген. Дегенмен бір мезгілде елдің бірнеше қаласында ашынған азаматтардың «ақшамды қайтар!» деп айқайлап ломбард кеңселеріне басып кіруі біраз жылдың бедерінде бол­маған оқиға.

Әлеуметтанушы Эльмира Отар айт­қандай, осындай оқиғалар қоғам үшін сабақ болады, әрине. Бірақ жағдай қайталанбасын десек, халықтың қаржылық сауатын же­тілдіру керек. Сонымен қатар оңай олжаға батамын деп барынан айырылып қалмауды үйрететін әлеуметтік жарнамаларды көбірек тарату қажет. Өкінішке қарай, қазір ондай әлеуметтік жарнамадан бұрын, әлеуметті сан соқтыратын жарнамалардың аты озып тұрған жайы бар.