Оның ішінде үй іргелік жер әрбір отбасының қазынасына, байлығына айналуы керек. Міне, Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының табысын жақсарту үшін қосалқы шаруашылықтарды қолдауға бағытталған қанатқақты жобаның басты мақсаты – осы. Жалпы алғанда жері кең Сарысу ауданындағы шаруалардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінде 630 шаруашылықтың 534-і тұрақты жұмыс жүргізуде. 9 округтің 7-інде шаруалар егістікпен тұрақты айналысып келеді. Былтыр барлығы 20 292 гектар жер игерілді. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 223 гектарға артық. «Жамбыл облысының тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы қолға алынғалы бері облыс тұрғындарына несие ретінде қарастырылған 7,2 млрд теңгенің 841,3 млн теңгесі Саудакент ауылына бөлініп отыр. Ауыл көркін үй жағдайы ашатыны рас. Әр үй ешкімге алақан жаймастан, ешкімге кіріптар болмастан еңбекқорлық пен қанағаттың арқасында алақандай жерден бүкіл әулетті асырайтын табысқа кенеліп жатса, қанеки. Сондықтан Саудакент ауылында жылыжай салу, құс асырау, бақша өсіру және мал бордақылау алаңдарын әлі де көбейту қажет. Бұл бағытта «Саудакент-2019» кооперативі ашылып, жұмысын бастады. Одан бөлек, «Саудакент кредиттік серіктестігі» арқылы 5 шаруа қожалығы несие алып, 5 «Беларусь» тракторы мен 12 қосалқы құрылғыларын алды.
Тағы бір айтары, мал өнімдері мен төрт түлік малды сатуды жолға қояр кез келді. Жайылымдық жерлердің электронды картасын қалыптастыруда Байқадам округі 69,2 пайызды ғана қамтыған. Мал айдау жолдары бөлек рәсімделіп, ауыл әкімінің жеке қарауына берілетін болады. Мал жайылымдығын реттеу бағытында Байқадам, Түгіскен, Жайлаукөл орман алқаптарында 532092 гектар мемлекеттің орман қоры бар.
Ал «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 79 жоба, «Саудакент кредиттік серіктестігі» арқылы 18 жоба және екінші деңгейлі банк филиалдары арқылы 10 жоба мақұлданып, жеңілдетілген кредиттер алды. Сарысу ауданы бойынша «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Саудакент пен Жайылма елді мекендері еніп отыр. Енді ауыл ішіндегі 18 көшенің жол жабындыларын орта жөндеуден өткізу, абаттандыру, көгалдандыру, саябақтарды жөндеу, көшелер жарығына жыл ішінде қондырғылар орнату мен электр қуаты төлемдерін жасау құжаттарын дайындау секілді жұмыстар атқарылады.
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА
Жамбыл облысы,
Сарысу ауданы