Қазақстан • 25 Ақпан, 2020

Ерлан Тұрғымбаев су тасқынына дайындық барысын айтты

189 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту бойынша іс-шаралар жайын баяндады.

Ерлан Тұрғымбаев су тасқынына дайындық барысын айтты

«Қазгидрометтің қазіргі болжамы бойынша елдегі қар қоры мен өзен бассейндеріндегі ылғал қорының көлемі нормадан айтарлықтай жоғары болып отыр. Қар басу процесі жалғасуда. Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жағдайдың қиындау ықтималдығы жоғары. Қазір елімізде 609 елді мекенді және 675 автомобиль жолын және 259 темір жолды су басу қаупі бар. Тасқынның алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдар елді мекендерден 8,8 млн текше метрден аса қар шығарды», - деді Ерлан Тұрғымбаев.

Министрдің мәліметіне сәйкес, төтенше және шұғыл шығындарға резервтерде 34,2 млрд теңге көзделген.

«Ықтимал су басу жағдайына эвакуацияланатын халықты қабылдайтын 1 707 бекет әзірленіп, маршруттар жаңартылды, қажетті көліктер бөлінді. Сондай-ақ тұрмыс-тіршілікті қамтамасыз ету үшін әкімдіктер қажетті құралдарды, азық-түлік пен ауыз су қорын дайындады. Су тасқыны болған жағдайда жедел ден қою мақсатында ішкі істер органдарынан жалпы саны 9 мың адам және 1 730 техникадан арнайы күштер мен құралдар топтамалары құрылды», - деді Ішкі істер министрі.