Қоғам • 25 Ақпан, 2020

16 жастағы жасөспірім дәрігерге өз бетінше жүгіне ала ма?

675 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл «Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс қабылданатыны белгілі. Бұл күндері Денсаулық кодексінің жобасы қайта-қайта талқыға түсіп, ұсыныстар пысықталу үстінде.

16 жастағы жасөспірім дәрігерге өз бетінше жүгіне ала ма?

Сонымен, Алматыда өткен кезекті талқылауға Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, Парламент Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова, Балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Аружан Саин, үкіметтік емес сектордың, кәсіподақтардың, медициналық ұйымдардың мүшелері, денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар, қоғам белсенділері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел түрінде өткен жиында вакцинация, трансплантология, кәмелетке толмағандардың репродуктивтік денсаулығын сақтау, жастардың жыныстық тәрбиесі мәселелерін қамту мәселесі қызу талқыға түсті.

Жаңа заң жобасында жастардың жыныстық тәрбиесі туралы мәселелер қамтылған. Балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Аружан Саин балаларға 16 жасынан бастап ата-анасының қатысуынсыз дәрігер кеңесін алуға рұқсат беру қажеттігін алға тартты. Оның айтуынша, бұл көп балалардың өмірі мен денсаулығын сақтап қалмақ. Ал Мәжіліс депутаты, Денсаулық кодексін қарау бойынша жұмыс тобының төрағасы Зәуреш Аманжолова осы бағытта кодекске өзгерістер есепке алынатындығы туралы айтты.

«Бүгін сарапшылардың айтқан статистикасын өздеріңіз естіген боларсыздар. Қазір балалардың 40 пайызы 16-16,5 жаста жыныстық қатынасқа түседі екен. Егер осы жаста бала дәрігерге келсе, дәрігерлер ата-анаңды алып кел дейді. Ал бала ата-анасына айтудан қорқады немесе ұялады. Содан ол қайтып келмейді. Ол қасындағы құрбыларынан, достарынан, интернеттен ақыл сұрай бастайды. Сондықтан консультативтік көмек 16 жастан болуы керек. Бұл осы Кодексте қарастырылатын болады», – деді Зәуреш Аманжолова.

Жаңа Кодекстің жобасымен аталған құқық неғұрлым егжей-тегжейлі регламенттеледі, өйткені репродуктивті денсаулықты қорғау және адамгершілік-жыныстық тәрбие алу дұрыс жыныстық мінез-құлық туралы ақпараттандырылуға байланысты. Дұрыс жыныстық мінез-құлықтың мақсаты – қажетсіз жүктілікті және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралуын алдын алу болып табылады.

Өз кезегінде осы мәселені реттеу мақсатында ақпаратты келесі жазбадағыдай көрсету ұсынылады: «Әрбір бала қажетсіз жүктілікті және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралуын болдырмау мақсатында репродуктивті денсаулығын сақтау туралы ақпаратты қолжетімді нысанда алуға құқылы».

Парламент Мәжілісінің депутаты, осы Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Зәуреш Аманжолова репродуктивті денсаулық бойынша дәрігердің консультациялық көмегі туралы норманы бекіту жоспарланғанын түсіндірді. Бүгінгі таңда Қазақстанда репродуктивті медицина мектебі бар, кеңес алу үшін педагогикалық ұжымның рұқсаты қажет.