Аймақтар • 25 Ақпан, 2020

Жамбыл облысы көктемгі егіс дала жұмыстарына дайын ба?

196 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы жиын өткізді. Сонымен қатар жиында ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған пилоттық жобаның жүзеге асу жайы да қаралды.

Жамбыл облысы көктемгі егіс дала жұмыстарына дайын ба?

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеевтің айтуынша, көктемгі егістікке қажетті дәнді масақ тұқымдарының тиісті көлемі әзірленген. Сондай-ақ картоп 90 пайызға, майлы дақылдар 88,7 пайызға, қолданыстағы 8,4 мың бірлік ауыл шаруашылық техникасы 98 пайызға дайын.

Сонымен қатар 18,3 мың тонна дизель отынын арзандатылған бағамен жеткізу наурыз айында басталады деп күтілуде. Сонымен қатар өнімділікті арттыру мақсатында 25,7 мың тонна минералды тыңайтқыштар сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге қарастырылмақ.

Жиында Бердібек Сапарбаев жақсы өнім алу үшін сапалы тұқым дайындау мен егудің маңыздылығын атап өтті. «Әсіресе, қант қызылшасы, майлы дақылдар, көкөністер мен бақша дақылдарын көбірек өсіруге ден қойған абзал», деді әкім. Тағы бір айта кететін мәселе, шекара маңындағы аудандардың қажеттіліктеріне көңіл бөліп, маусымдық кезеңде су тапшылығы туындамас үшін қырғыз көршілермен алдын-ала келіссөздер жүргізу қажет.

«Аудандардағы жұмыс сапарымда тұрғындардың дені  бос жерлердің жоқтығын айтып шағымдануда. Сондықтан да, ең алдымен талдау, түгендеу жұмыстарын жүргізіп, пайдаланусыз жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және оларды ауыл шаруашылық мақсатында айналымға енгізу негізгі міндет болып отыр», деді Бердібек Сапарбаев.

 

Жамбыл облысы