Аймақтар • 25 Ақпан, 2020

Игерілген инвестицияның игілігі

121 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Өткен жылы Алматы облысы бойынша негізгі капиталға қосылған инвестиция көлемінің қаржылай құны 641,2 миллиард теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 107 пайызды құрады. Жалпы, аймақтардың экономикалық әлеуеті мен логистикалық мүмкіндігі инвесторлардың назарын бірден аударатыны анық. Бұл тұрғыдан алғанда Алматы облысының жұлдызы жанып тұр.

Игерілген инвестицияның игілігі

Алматы қаласы сияқты ірі мегаполиспен шектесетін өңірде тұтыну нарығы, жұмыс күші және жергілікті инфрақұрылым үшін алаңдауға негіз жоқ. Мұнан бөлек, облыстың транзиттік тасымал жолдарындағы қолайлы мүмкіндігі мен логистикалық қызмет көрсету бойынша тәжірибесі де өндіріске құйылатын инвестицияның көлемін арттыруға оң ықпал етіп отыр. Бұл өз кезегінде аймақта жаңадан іске қосылған өнеркәсіп нысандарына жұмсалатын бюджет қаржысын азайтуға мүмкіндік беріп, жеке компаниялардың қаражатын арттыруға жол ашты. Мәселен, былтыр игерілген инвестиция қаржысының 80,8 пайызы жеке компаниялардың үлесінде екен. Бұл 517,8 миллиард теңге шамасындағы ақшалай инвестицяны құрайды.

Қазір еліміздің экономикалық саясаты өнеркәсіп пен өндіріс орындарының шикізат секторына тәуелділігін жоюға бағытталып отыр. Яғни, өңірлер тек шикізат қана дайындап қоймай, ішкі, сыртқы нарыққа толық өңделген дайын өнім шығару ісіне маңыз беруі тиіс. Бұл бағыттта да Алматы облысында жетістік бар. Өткен жылы шикізаттық емес секторға жұмсалған негізгі инвестициялық капиталдың үлесі 8,4 пайызға ұлғайған. Өңдеу өнеркәсібіне құйылған ақша 111,7 миллиард теңгеге жетіп, бұл көрсеткіш бұрнағыға қарағанда 32,3 пайызға өсті.  Нәтижесінде облыс бойынша өңдеу өніркәсібіндегі өнім көлемі ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеге жетіп отыр.

Дерек бойынша,  2019 жылы  жалпы өңірлік өнім көлемі бұрнағыға қарағанда 4,5 пайызға өсіп, қаржылай түсім 3 триллион теңгені құраған екен. Мұндай экономикалық өрлеу өңір бюджетін толықтырып, барлық бағыттар бойынша қолға алған жұмысты ілгерлететіні айқын. Жалпы, 2019 жылы аймақ бойынша мемлекеттік бюджетке 509 миллиард теңге жиналған. Мұндағы өзіндік кіріс сомасының үлесі 226 миллиард теңге шамасында болып отыр. Өңір экономикасының табысты болуы шағын және орта бизнестің дамуымен тікелей байланысты екен. Өткен жылы бұл саладағы нысандар саны 122 мыңға жетіп, жиналған салық түсімі 113 миллиард теңгені құрапты. Ал шағын және орта бизнестің өңірлік өнім өндірудегі үлесі 32 пайызға жеткен. Кәсіпкерлерді ынталандыру мен мемлекеттік қолдау да өз деңгейінде екен. Былтыр шағын және орта бизнесті қолдауға қазынадан 11,8 миллиард теңге жұмсалыпты. Нәтижесінде облыс бойынша 48 мыңнан астам жаңа жұмыс орыны ашылған. Бір жыл ішінде отыз бір мың адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты.

Қазынаға түскен қаржының еселеп артуы ел дамуына нақты кепіл болады. Әсіресе, бюджетке арқа сүйеген әлеуметтік саланы қолдауға жұмсалатын шығын мөлшерін арттыруға мүмкіндік беретіні қуантады. Мысалы, биыл игерілетін бюджет қаржысының көлемі 586 миллиард теңге шамасында болжанған. Оның ішінде 252 миллиард теңге қаражат облыстың ішкі табыс көздерінен құралып отыр екен. Ал бөлінген қаржының 75 пайызы тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мен тіршілік етуге қолайлы орта қалыптастыруға бағытталмақ. Оның ішінде білім саласына 59 миллиард теңге, жолдарды жөндеуге 40 миллиард теңге, тұрғын үй құрылысын жүргізуге 32,6 миллиард теңге, ауыз сумен қамтуға 10,5 миллиард теңге және табиғи газ жүйесіне қосуға 3,2 миллиард теңге қаржы қарастырылған отырған көрінеді.

Инвестиция тақырыбына қайтып оралайық. Экономиканың тұрақты өсімі мен жаңа өндірістердің көптеп ашылуының арқасында Алматы облысы барлық бағыт бойынша тұрақты дамып келетінін жиі айтып келеміз. Бұған нақты дәлел жеткілікті. Қазір облыстың инвестициялық портфелінде жалпы құны 4,9 триллион теңгеден асатын 422 жоба бар екен. Атқарылған іс берекетін берсе, бұл жобалар 40 мың адам үшін жұмыс орынын ұсынбақшы.

- Бұл жобалардың қатарында 94,5 миллиард теңге инвестиция құйылған «Жетісу вольфрамы» кен өңдеу зауыты мен құны 40 миллиард теңге болатын «Прима-Құс» фабрикасы қазір жұмысын бастады. Алдағы жарты жылдықта аймақта құрылысқа қажетті цемент өндіретін «Алацем» зауыты іске қосылмақшы. Бұл жобаға жеке инвесторлар 47 милллиард теңге жеке қаржы салып отыр. Жалпы, облыс экономикасына инвестиция тарту ісі өз жемісін беріп отыр. Биыл 384 миллиард теңге жұмсалатын 126 жобаны іске қосу жоспарда тұр. Нәтижесінде 7300 жұмыс орны ашылады. Жалпы, біз бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз. 2025 жылға дейін облыс экономикасына құйылатын инвестиция көлемін 1,6 есеге дейін арттыруға мүмкіндік бар. Соның нәтижесінде өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін де 2 есеге ұлғайтуға қол жеткіземіз. Ал шикізаттық емес экспорт үлесі де 1,8 есе артады деген болжам жасап отырмыз, - дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Жалпы, инвестициялық қаражатттың игілігі облыстың барлық саласында байқалып отыр. Мысалы, өткен жылы аймақтың агроөнеркәсіп кешеніне 76,6 миллиард теңге инвестиция құйылған. Оның ішінде 20,9 миллиард теңгеге жұмсалған 49 жоба қазір пайдалануға беріліп, жемісін беріп отыр. Мұның ішінде 5 нысан ауыл шаруашылығы өнімін толықтай қайта өңдеу бойынша жүзеге асқан екен. Нәтижесінде облыстағы тамақ өнеркәсібінің бір жыл ішіндегі мүмкіндігі 3 пайызға артып, 227,9 миллиард теңгенің дайын өнімі нарыққа шығарылған.

Айтпақшы, Алматы облысы тұтас еліміз бойынша құйылған шетел инвестициясын игеру бойынша да алдыңғы қатарда тұр екен. Әсіресе, трансұлттық компаниялардың қаржысына ашылуы тиіс 19 жобаның тоғызы Жетісуда жүзеге асып жатыр. Шетел капиталының қатысуымен іске қосылатын өндіріске 156,1 миллиард теңге қаржы жұмсау жоспарланса, бүгінге дейін 53,8 миллиард теңге игеріліп, нәтижесінде 2200 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

- Шетел инвесторларымен жұмыс істеу үлкен дайындықты қажет етеді. Қалталы компанияларды шақыру мен қаржы құюға көндірудің арасында үлкен еңбек жатыр. Инвесторлардың талабынан шығу үшін  облыста барлық қолайлы жағдай жасалған. Өндіріс ашатын жер телімін анықтау, ол жерге инфрақұрылым жеткізу, жергілікті шикізатпен қамту, жұмыс күшін дайындау сияқты жұмыс уақты пен ресурсты қажет етеді. Біз осының бәрін жылдам, талапқа сай әрі еліміздің мүддесіне сай талаптармен жүзеге асырып жатырмыз. Осыдан 2 жыл бұрын Қапшағай қаласының маңында «Маревен Фуд» атты кәсіпорынды аштық. Бұл өндіріс бидай өнімін толықтай өңдеп, нарыққа дайын кеспе шығарып отыр. Осы компанияның қожайындары Өзбекстан қаржы салуды ойлап, Орта Азиядағы теңдессіз зауытты сол жақтан ашпақ болып жүр екен. Біз инвестициялық форумға шақырып, облыстың транзиттік, логистикалық мүмкіндігін таныстырдық. Инфрақұрылым жүргізіп береміз дедік, дайын шикізат пен жұмыс күшімен қамтуға уәде бердік. Нәтижесінде зауыт салатын инвестор Қазақстанда қалды. Қазір «Маревен Фуд» компаниясы облыс экономикасына 15,4 миллиард теңге инвестиция құйып, 523 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал жақында Америкадан келген трансұлттық «Tyson Foods» компаниясы мен олардың Қазақстандағы серіктесі болып отырған «Kusto Group» өндірістік-инвестициялық компаниясының өкілдерімен кездестім. «Tyson Foods» компаниясының қаржы айналымы өткен жылы 42 миллиард АҚШ долларына жеткен екен. Негізінен ет өндірісінде көшбасшы болып отырған осы компания Жетісу жерінде өз зауытын ашуға ынталы. Бұл біздің еліміз үшін өте қолайлы жоба ғой, облыс өз тарапынан барлық мүмкіндікті қарастыруға кірісті. Қажетті аумақ пен инфрақұрлымды дайындап береміз. Зауыт іске қосылғанда жергілікті тұрғындарды ұмысқа алады және қажетті шикізатты да біз дайындап береміз. Бұл – мемлекеттің талабы. Және бұл компанияның салуға ниеттеніп отырған зауыты күніне 2 мың бас ірі қара етін өңдейтіндей қуатқа ие екен. Демек, облыстың мал шаруашылығы үшін сұраныс артады, - дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Осы жерде сөзіміздің дәлелі ретінде көрші Ресейдің «Лукойл» компаниясы тарапынан Қазақстанға құйылған инвестиция жайында айта кетсек.  Жалпы, екі ел арасындағы іскерлік байланыс жолға қойылған 24 жылдан бері «Лукойл» біздің экономикаға  7,5 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйған екен. Соның бірегейі Алматы облысының Іле ауданында былтыр жаңадан ашылған майлау материалдарын шығаратын зауыт. Жылына 100 мың тоннаға дейін техникалық сұйықтық пен май өндіруге қауқарлы өндіріс облыстағы толық іске қосылып, бюджетке пайда әкеле бастаған жобалардың да көшін бастап тұр. Ал бұл кәсіпорыннан бюджетке түсетін кіріс жыл сайын 10 миллион АҚШ доллары шамасында екен. Майлауға қажетті сұйықтың 80 түрін жасап жатқан зауыттың Жетісу жерінде салынуы да кездейсоқ емес. Қазір облыс аумағында  «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізі арқылы жүретін жүк көлігінің үлесі артып келеді. Демек, техникалық майлау материалына деген сұраныс да ұлғая бермек. Сонымен қатар келешекте Іле ауданынынң аумағындағы зауыттан өндірілген май Орта Азиядағы тұтыну нарығын толығымен қамтитындай мүмкіндікке ие бола алады. Жүзеген асқан жобаның инвестициялық құны 94 миллион АҚШ долларын құраған. Қазір зауытта 225 адам еңбек етуде, жұмыспен қамтылғандардың 90 пайызы жергілікті тұрғындар.