Аймақтар • 25 Ақпан, 2020

Алматыдағы қисайған үй қалпына келтіріледі

225 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен жылдың 11 желтоқсанында Алматы қаласының Алатау ауданына қарасты «Зерделі» шағын ауданының тұрғындары үйлерінің қисайғанын айтып дабыл қаққан еді. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев аталған үйдің тұрғындарымен кездесіп, әкімдік оларды көшіруге дайын екенін жеткізген болатын.

Алматыдағы қисайған үй қалпына келтіріледі

Таяуда «Зерделі-6» шағын ауданындағы №179 үйдің зерттеу нәтижелерін ҚазҚСҒЗИ жария етті. Қисайған көпқабатты үйде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков айтып берді.

«Жүргізілген сараптама нәтижесі бойынша, үйді қайта қалпына келтіруге болады. Қазір жұмыс жүріп жатыр, тағы 3-4 айға созылуы мүмкін. Ол жағын нақты айта алмаймын. Сол үйдің тұрғындары басқа жақта пәтер жалдап тұрып жатыр. Оның ақшасын әкімдік төлейді. Үйдің іргетасы бетонмен толтырылады. Құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Біз тұрғындармен үнемі кездесіп, түсіндіріп отырамыз», - дейді Азамат Қалдыбеков.

Аталған жағдайға байланысты 18 қаңтар күні прокуратура өкілдері қылмыстық іс қозғалғаны туралы мәлімдеме жасаған болатын.