Парламент • 25 Ақпан, 2020

Сенаторлар Шымкент қаласының кәсіпкерлерімен кездесті

245 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары Шымкент қаласында кәсіпкерлермен және «Қазақстанның инвестициялық қоры», «Shymkent» ӘКК» акционерлік қоғамдары мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасының басшыларымен кездесті. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Сенаторлар Шымкент қаласының кәсіпкерлерімен кездесті

Бұл шара «Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі: жоғары өнімді бизнестің қазіргі жай-күйі және даму келешегі» тақырыбы бойынша парламенттік тыңдауларға дайындық аясында өткен болатын.

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Серік Жақсыбеков бастаған және депутаттар Манат Көбенов пен Әлімжан Құртаев құрамына енген жұмыс тобы Шымкент қаласындағы бірқатар кәсіпорындарда болды.

Сенаторлар жұмыс сапары аясында «Гауһар» тігін фабрикасы мен толық циклді «AZALA Textile» тоқыма комбинатының жұмысымен танысты. «Гауһар» тігін фабрикасы бүгінгі таңда Қазақстандағы арнайы киім мен әскери және мекеме үлгісіндегі, мектепке арналған киімді, үйде пайдаланатын тоқыма өнімдерін шығаратын ірі өндіріс орындарының бірі болып табылады.

«AZALA Textile» кәсіпорнының директоры елімізде тоқылатын AZALA Textile маталарына ішкі нарыққа қарағанда Италияда немесе Германияда сұраныс көбірек екенін атап өтті. Комбинат өнімдерінің 90%-ы экспортқа жіберіледі.

Сенат депутаттары тоқыма және тігін өнеркәсібін дамыту үшін жағдай жасау мақсатында құрылған «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында да болды. Депутаттар арнайы экономикалық аймақта «AZALA Cotton», «Бал Текстиль» және «АГФ-групп» серіктестерінің жұмысымен танысты. Сенаторлар өндіріс орындарындағы барлық цехтарды аралады және оларға осында шығарылатын өнімдер ғана емес, сонымен қатар кәсіпорын жұмысының барлық процесі көрсетілді.

Шымкент қаласының кәсіпкерлерімен болған кездесуде сенаторлар жеңіл өнеркәсіп секторындағы бизнестің негізгі мәселелерін талқылады.

Сенат депутаты Серік Жақсыбеков жеңіл өнеркәсіпті дамыту Қазақстандағы басым бағыттардың бірі әрі халықты жұмыспен көбірек қамтуда әлеуметтік мәні зор екенін атап өтті. Сондықтан да жеңіл өнеркәсіптің осы саласы кәсіпорындардың жұмыс процесінде туындайтын негізгі проблемаларды терең зерделеуді және жан-жақты талдауды талап етеді. Депутаттар шығарылатын өнімнің сапасы бағасына сәйкес келуі әрі бәсекеге қабілетті болуы керектігін және әр кәсіпорын өз өнімдерінің сапасын жақсарту үшін мүмкіндіктер іздеуге мүдделі болуы тиіс екенін атап өтті.