Аймақтар • 25 Ақпан, 2020

«Меркі қант зауыты» кәсіпорны шаруалардың қарызын өтейді

605 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың халықпен есепті кездесуінде жергілікті бір топ шаруалар өзекті мәселені көтерген болатын. Қант қызылшасын егетін кәсіпкерлер «Меркі қант зауыты» кәсіпорнынан миллиондаған алашағын ала алмай жүргенін айтып, әкімнен көмек сұраған еді. Тіпті есепті жиын аяқталғанда да шаруалар әкімді қаумалап, бұл мәселені реттеп беруін сұрағанда, әкім мәселені шешіп беретінін айтып, уәде де берген. Кейіннен Бердібек Сапарбаев агрономдармен кездесіп, зауыттың шаруаларға берешегі туралы мәселені алға қойды. Жалпы, бұл қарыз дауы жыл сайын болатын әңгіме. Ал, бұл жолы қант қызылшасын егушілердің мәселесі қалай шешіледі?

«Меркі қант зауыты» кәсіпорны шаруалардың қарызын өтейді

«Біз кәсіпорын басшылығымен кездестік. Қызылша өсірушілер алдындағы берешекті кесте бойынша өтеуге келісім жүргіздік. Олар келісті. Егер зауыт басшылығы өз уәдесін орындамаса, қатаң шаралар қолданатын боламыз. Агрономдар қайта тәтті түбір егу жұмыстарын жүргізу үшін берешек қаражатының бір бөлігі келесі айда қайтарылады деп жоспарлануда», деді Бердібек Сапарбаев. Ал, «Меркі қант зауыты» кәсіпорны бақылау кеңесінің төрағасы Нұржан Қайырбеков фермерлер алдындағы қарыздардың толығымен өтелетінін жеткізді.

«Қазақстанда қант бағасының күрт төмендеуіне байланысты бізде де күрделі қаржылық жағдай қалыптасып, облыс диқандары алдында қарыз болып қалдық. Облыс әкімімен кездесуде берешекті кезең-кезеңімен өтеу жөнінде шешім қабылданды. Қарыздың бірінші жартысы келесі айда өтелетін болады, қалғаны сәуір айының алғашқы екі аптасында төленеді», деді ол.

Зауыт басшылығының айтуынша, тәтті түбір егушілердің алдындағы жалпы қарыз 918 миллион теңгені құрайды. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өзекті мәселелерінің жедел шешілуіне ықпал еткені үшін әкімге алғыс білдірді. «Бүгінде біздің ортақ үлкен мәселеміз – қант зауыты тарапынан қарыздардың төленбеуі. 

Облыс басшысы біздің мәселені шешіп берді. Өңірдің қызылша өсіретін диқандары бұл шешімге ризамыз. Алдағы уақытта қант қызылшасы саласын дамытуды, кеңейтуді жалғастыратын боламыз. Биыл мен 300 гектар жерге қант қызылшасын егуді  жоспарлап отырмын. Енді кәсіпорындар бұл секілді келеңсіздіктерге жол бермейді деп үміттенеміз», деді «Аспан Агро» шаруа қожалығының төрағасы Саха Манатов.

 

Жамбыл облысы