Бүгін Үржар ауданына жаңа әкім тағайындалды. Бұл қызметке бұған дейін Алтай ауданын басқарған Нұржан Тоқсейітов келді. Облыс әкімі Даниал Ахметов жаңа әкімді аудан активіне таныстырды.
Нұржан Тоқсейітовтің мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол. Бесқарағай ауданын бір жарым жыл, Алтай ауданын екі жылдан астам уақыт басқарды. Еңбек жолын Бесқарағай ауданындағы «Семеновский» кеңшарында жұмысшы ретінде бастаған. Білімі - жоғары. Мәскеудің Бүкілресейлік ғылыми-зерттеу институтында оқыған. «Өмірлік тәжірибемді ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жұмсауға дайынмын. Аудан жетістіктері бұл жалғыз әкімнің жұмысы ғана емес, бүкіл халықтың билікпен бірге атқаратын жұмысы деп білемін. Сол үшін алдағы уақытта бар күшімізді салып, ауданның гүлденуіне еңбек ететініме уәде беремін» деді Нұржан Тоқсейітов.
Айта кетейік, Үржар ауданын осы уақытқа дейін, яғни 7 жыл бойы басқарған Серік Зайнулдин кеше Зайсан ауданының әкімі лауазымына тағайындалған болатын.
Шығыс Қазақстан облысы