Әлем • 26 Ақпан, 2020

Донбасс неден дүрлікті?

1243 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Украинаның оңтүстік-шығысындағы Донбасс аймағында жағдай күрделене түсті. Өткен аптаның басында осы өңірдегі өткізу бекетінде қарулы қақтығыс болып, украиналық бір жауынгер қаза тапты. Украина да, Ресей де атысқа бірін-бірі кінәлап отыр.

Донбасс неден дүрлікті?

 

Естеріңізде болса, 2014 жы­лы Украинаның оңтүстік-шы­ғысындағы бірқатар аймақта сепаратистер бас көтеріп, әкім­шілік ғимараттарды басып ал­ған-тұғын. Шетелден келген қару-жарақпен олар кейінірек рефе­рендум өткізгенін желеу етіп, Луганск халықтық республикасын (ЛНР) және Донецк халықтық республикасын (ДНР) жариялады. Мемлекет ішінен мемлекет жариялағандарға Украина қарулы қарсылық көр­сет­кен. Алайда қайдан келгені бе­л­гісіз әскери техникамен жарақ­танған сепаратистер бой бермеді. Осылайша, өңірдегі жағдай шиеленісіп, әлі күнге дейін жалғасып келеді.

Харьковта, Донецкте, Лу­ганскідегі болған соғыс салдарынан 13 мыңға жуық адам қаза тауып, 30 мыңнан астамы жарақаттанды. Екі миллионға жуық тұрғын үйін тастап, босқын атанды.

Халықаралық қоғамдастық та, Украина да Донецк пен Луганскідегі қақтығысқа Ресейді кінәлап, өзге елдің ішкі тірлігіне араласып, қарулы көмек көрсетті деп есептейді. Алайда Кремль аталған айыптаулардың бәрінен бас тартып, сепаратистерге қол­ұшын созбағанын мәлімдеді.

Жоғарыдағы жағдайға қайта оралсақ. Өткен аптада болған қақтығыстан Украина шекара қызметінің бір сарбазы қаза та­уып, бірнешеуі жараланды. Қару­лы күштердің баспасөз қызметі Киевтің қарамағындағы аймақта орналасқан шектесу пунктіне бірнеше сепаратист шабуыл жасап, кері шегінгенін хабарлады. Сондай-ақ ауыр артиллерия қолданылғанын жеткізді.

Украина қарулы күштерінің басшысы, генерал-полковник Руслан Хомчактың айтуынша, қақтығыс кезінде 4 сепаратист оққа ұшып, 6-уы жараланғанын мәлімдеді. Қолбасшының сөзіне сүйенсек, шабуыл жасамастан бұрын артиллериялық соққы жасалған. «Қарсыластар ең әуелі камераларды жойып жіберді. Не болып жатқанын тіркеп отыру үшін барлық жаққа камера орнатылған. Олар ең әуелі соларды жойып жіберді», деді Р.Хомчак.

Алайда Луганск аймағындағы сепаратистер билігі қақтығысқа Украинаны кінәлап отыр. Олар­дың айтуынша, бірнеше украи­налық сарбаз шектесу пунк­тін кесіп өтпек болған. Украина президенті Владимир Зеленский осы оқиғаға байланысты пікір білдіріп, қақтығысты бейбіт­шілік жөніндегі келісімге кедер­гі келтіру деп есептейтінін жет­кізді. Әйтсе де мемлекет басшысы шабуылды кім ұйым­дастыр­ғаны жөнінде тіс жарған жоқ.

«Әскеріміздің әлеуеті мық­ты екенін айтқым келеді. Аран­дату болады. Әскеріміз лайық­ты жауап берді. Оқиға толық­тай бақылауымызда», деді ол. Ук­раинаның сыртқы істер ми­нистрі Вадим Пристайко БҰҰ Бас ассамблеясына Донецк және Луганск облыстарына бітім­гер­лер әскерін енгізудің уақыты келгенін айтып, өтініш жасады.

Шектесу пунктіндегі қақты­ғыстан кейін Ресей мен Украина бұқаралық ақпарат құралдары арасында ақпараттық шабуыл бұрқ ете түсті. Мәселен, ресейлік «Взгляд» газеті «Киев Мәскеуді Донбаста соғысуға шақырады» деп мақала жазса, liga.net порталы Донбастағы қақтығысқа Кремль тапсырыс бергенін жазады.

АҚШ мемлекеттік департа­ментінің баспасөз хатшысы Морган Ортагус туиттердегі парақ­шасында «АҚШ тарапы Украинаға қарсы Ресейдің кейінгі агрессиясын айыптап, әріптестері мен одақтастарын қол­дайды. Біз президент Зелен­скийдің бей­бітшілік орнату әре­ке­тін қол­даймыз және Минск келі­сіміне сәйкес оқ атуды дереу то­қтатуға шақырамыз», деп жазды.

ЕҚЫҰ-ның Украинадағы арнайы миссиясы оқиға орнына барып, жағдайды бақы­лап қайтты. Олардың күнделік­ті қорытындысына сүйенсек, ай­мақта 2500-ден астам бомба жарылған. Сондай-ақ қақтығыс болған жерден екі тараптан да бірнеше әскери техниканы байқаған.