«Үкілім-айдың» осы бір классикалық нұсқасын сырлы сезіммен жүрек сыздата әндететін Байғали Досымжановтың үніне ешнәрсені теңгергің келмейді. Оған таңғалған жандардың ішінде Ришат Абуллиннің: «Үкілім-айға» әнші біткен ынтық. Бәрі айтқысы келеді. Бірақ жүректері дауаламайтын болуы керек, бәрі іштей тынады. Менің де батылым бармайды. Бір жолы Суат Әбусейітовтің орындауында тыңдадым. Оның жүрегі де тебіреністі жүрек, «Үкілім-айды» еріксіз тыңдатты. Әзірше «Үкілім-айды» осы екі әншіден тыңдап жүр, біздің жұрт. Бізден кейінгі толқынның зердесіне жете ме, жетпей ме, бұл «Үкілім-ай», осыған ойланып қалам да, Байғалидың үнін естіп отырғандай: «Бәрібір қияметқайым болса да өлмейтін ән», деп өзімді жұбататыным бар» деген сөзін де әр кез еске алатыным бар.
...1974 жылдың қоңыр күзі. Біраз халық әндерін радиоға (бұл кезде мен музыка редакциясының бас редакторы едім – И.Ж.) қайта жаздыруды ойластырып, белгілі әншілерді шақырып, олардың пікірін ыждағатпен тыңдап, көкейлерінде не сыр бар, не тілек бар, қандай әндер елеусіз, ескерусіз жатыр, осының бәрі-бәрін ақылға салып, қозғай бастадық. Көптеген әніміздің төл сөзі өзгертіліп, социалистік қоғамның саясатына орай насихат құралы ретінде, тіпті, басқа бір ән болып айтылғаны қиянаттың қиянаты еді. Амал не, халық мұрасына жасалған бұл қорлыққа да төзіп баққанбыз. Ғажайып әндеріміздің өз сөзін қалай ғана қалпына келтіреміз, деп дәрменсіз ойға тіреле беретінбіз. Осы ой жүрек сыздатып жүргенде бір жолы радионың әншісі Суат Әбусейітовпен сырласу үстінде ол кісі: – «Үкілім-ай» әнін мен де айтам, бірақ, Байғали ағадан жасқанам да жүрем. Байкеңнің толғауы ол бөлекше бір дүние. «Менмін!» дейтін әншілердің өзі Байкеңді тыңдағанда: «Ә, дүние!» деп еріксіз шер күйігін тартатын шығар. Әншінің әншісін құсалы ғып қоятын бір құдіретті ән.
Мен «Үкілім-айды» айтайын деп айтқам жоқ, оған түрткі болған Шәкен аға... Айманов! Ол кісі кейде өзінің емен-жарқын отыратын көңілашар сәттерінде: «Әй, Шұбат, бүгін үйге кел», дейді әмірлі үнмен. Еркелеткені. Сол отырыс әнмен өтеді. Бейсеубет қысыр сөз болмайды. Шәкен аға толқи сөйлеп, керемет әндерімізді бірінен-бірін асырып, музыка ғұламаларының ойына оралмайтын, аузына түсе бермейтін терең мәнді тебіреністі сөздерді айтқанда, өзіміз орындап жүрген әр әнге тереңірек үңілуіміз керек екен деп ойланып қаламыз. Сондай толғанысты әңгіменің бір тұсында Шәкен аға «Үкілім-айды» жай ғана ыңылдап отырып: «Әй, Шұбат, ұғып ал, «Үкілім-ай» Байғали Досымжановтың әншілік паспортына айналды. Сен де соған ұқсауға тырысып жүрсің. Айт... айтқаның жақсы. Бір әнді әр есті әнші әр қырынан жарқыратады. Сәтті орындалып, жан-жүректі тербеп жатса, ол әннің інжу-маржан делінетіні де сондықтан. «Үкілім-айдың» кейбір сөзі өзгерістерге ұшыраған. Оны екінің бірі байқай бермейді және оны зерделеп жүрген де ешкім жоқ. Әуезі құдіретті болған соң, соған қызығып, әркім өздерінше жамап-жасқаған өлең жолдарын, тіпті, тұтас шумағын қосатыны бар. «Үкілім-айдың» әуені амалсыздан сол сөздерді сүйретеді де жүреді, жаман жарға душар болған есіл азамат секілді. Шұбат, өзің қарашы, қазақтың әндегі өлең ұйқастарында мін болмайды, емін-еркін қисындасып, әуездің үн иіріміне еш қылау түсірмейді. Байғали орындайтын «Үкілім-айдың»:
Ауылым көшіп барады Ылайкөлге,
Дүрия бешпент жарасар қынай белге,
Үкілім-ай , жеңеше-ай,
Сағындым сені... сені өзгеше-ай!
Қайран жар қайта айналып қосылмай ма,
Айналайын, көзіңнен жылай көрме,
Үкілім-ай , жеңеше-ай,
Сағындым сені... сені өзгеше-ай! – деп келеді алғашқы шумағы. Енді қара, Шұбат, осы шумақтың үшінші жолы әнде: Қайран жа-ар айналып қосылмай ма, деп айтылады. «Жар» деген сөз ән өлшемін буынға бөлгенде амал жоқ, «жа-ар» деп екіге бөлініп, екі буын боп тұр. Бұл – тіземен келтіру. О бастағы сөзін білмегендік. Біз – Байғали Досымжанов, Кәукен Кенжетаев, Ришат Абдуллин, Әнуарбек Үмбетбаев... е, бұған қадірлі Бекен Жылысбаевты да қосайық, бәріміз ғайыбынан бас қоса қалғанымызда әлгі «қайран жа-ар» дейтін жерін: «Қайран ғашық айналып қосылмай ма» деп айтушы едік. Ал Байғали осы жолды ұмытып қалыпты. Кейін біз осы жерін «бұл қалай?» дегенімізде Байғали: «Сол күні радиостудиядағы дыбыс режиссерлері жата жабысып, бүгінгі жаздырған әндеріңіз дұрыс, енді «Үкілім-айды» жаздырыңызшы деп болмай қойды. Сол күні асығыстау едім. Амал жоқ, көндім. Әнді жазу үстінде «жа-ар» деген сөз қайдан аузыма түсе кетті, білмеймін, ән солай жазылды. Бірақ кейін соны еске алып, іштей «әттеген-ай» деп өкініп, қорғаншақтап, қысылып жүрдім. «Қалайда қайта жаздырам» деумен уақыт шіркін өте берді. Ән радиодан айтылған сайын дегбірім қашады. «Ән сөзі осылай ма?» дейтін тірі пенде жоқ. Ол сөзді, Шәкен, өзіңнен ғана естіп отырмын, «Үкілім-айды» қайта жаздырам. Әттең, дауыс баяғыдай емес. Жүрек те салқын тартып қалыпты. Бұл әнге үздіккен жанның құштар сезімі керек, оның жалыны да басылып бара ма, әй, солай шығар» деді. Бұл − Байғалидың шын сөзі. Ә, шіркін, «Үкілім-ай»... ал, Шұбат... Суат дейтін атың түйенің шұбаты боп кетті, ха-ха-ха! Ашыған айран... иә, көксуы кілкілдеген іркіт болмай тұрып, «Үкілім-айдың» әлгі жолын түзеп айт... түзеп! Оған сенің әншілік құдіретің жетеді, мен сені сүйіп тыңдаймын ғой» деді.
«Үкілім-ай» жөнінде мұндай уәжді Суат ән сөзіне өте зерделі профессор Бекен Жылысбаевтан да естіді. Семей, Баянаула жағы: «Қайран ғашық айналып қосылмай ма?» деген жолын ежелден айтатынын білді. Ән оны тебірентті де жүрді.
...Кейін Суат Әбусейітов «Үкілім-айды» Шәкен Айманов айтқан сөзбен радиоға жаздырды. Суаттың орындауы да адамды арманды, аңсаулы жан етіп қоятын толғанысты дүние боп шықты. Радиодан беріле бастады. Ал бір күндері радионың подвалдағы фонотекасында батерея жарылып, ыстық судың буы көп пленканы бүлдіріп, істен шығарды. Оқыс апат. Қаншама музыкалық шығарма істен шықты, ол өкініштің орны толмайтын бір сұмдық оқиға болды. Көп шығарманың ішінде Суат Әбусейітов жаздырған «Үкілім-айдан» да айырылдық. Біраз асылымыз осылайша опындырды.
Суат Әбусейітов «Үкілім-айды» қайта жаздырам деп көп қамданып, репетиция жасап жүрді. Уақыт өте берді. Ә, дүние, қай арман орындалып, қай тілек алдыңнан шығып жатыр, мақпалдай жұмсақ, сырлы әуезі жан тебірентетін Суат Әбусейітовтей ақылды, сырбаз, байсалды, сері көңілді жайсаң жаннан бір күні біз де айырылып қалдық. Қайран әнші «Үкілім-айды» өзімен бірге ала кетті...
* * *
Суаттың:
«Үкілім» деп атыңды ардақтадым,
Көп баруға аулыңа ар сақтадым.
Аңдып жүрген дұшпанға сыр білдірме,
Бұдан артық айтуға сөз таппадым,
− деп уһілеген үні күні бүгінге дейін жүрегімді ұйытады да жүреді.
Ілия ЖАҚАНОВ,
Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері,
композитор, өнер зерттеушісі