Әрине ауылдық жерлерге газет кешігіп келеді. Оны күтіп отырмай, аптасына 6 рет шығатын газетті таңертең интернет желісі арқылы қарап, күнделікті жаңалықтарға, мақалаларға шолу жасап шығамын. Таңертең газеттің сол күнгі санын қарағанда таң атпай 170-200 оқырманның қарайтынына куә болып жүрмін.
Ең алдымен, төл газетімізде Президенттің жарлықтары, шешімі, тағы басқа тағайындаулар, Үкіметтің қаулылары нақты жарияланады. Ешқандай басқа дәлдікті, хабарламаны қажет етпейді. Сонымен бірге «Әдебиет», «Мирас», «Жәдігер», «Зерде» айдарларынан өзіме қажетті материалдарды алып, сақтап қоямын.
Жақында «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан «Сен де бір кірпіш дүниеге» атты бағдарлама көрсетілді. Төл газетіміздің Басқарма төрағасы Д.Қыдырәлі тізгінді өзі алып жүргізумен қатар, көрермендердің көптеген сұрағына жауап берді. Осы жүздесуден кейін де газеттің өміршеңдігіне көз жеткіздім. Алаш қайраткері А.Байтұрсынұлы айтқандай «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болып қала бермек.
Гүлжан ТОҚМҰРЗИНА,
тарих пәнінің мұғалімі
Атырау облысы,
Қызылқоға ауданы,
Қарабау ауылы