Аймақтар • 26 Ақпан, 2020

Құжаттары мінсіз, істері өнімсіз

185 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы жылдың қыс айлары да аяқталып келеді. Қыстың аты -  қыс. Оның бораны мен бұрқасыны, қары мен көктайғағы бір-бірімен алмасып келіп тұрады. Осындай табиғат құбылыстарынан кейін іле-шала тазалау жұмыстары, немесе көктайғақтың қатерін жою жөніндегі шаралар жүргізілмесе, тұрғындардың тайып жығылып, аяқ-қолын сындырып алуы әбден мүмкін. Солай болып та жүр. Оның алдын алудың басты бір жолы көшелердегі қарды тиеп, қаланың сыртына тасымалдау және мұздақтың үстіне құм, немесе тұз себу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу болмақ.

Құжаттары мінсіз, істері өнімсіз

Әйтсе де Ақтөбе қаласында бұлай болмай отыр. Ақтөбе қалалық әкімдігі тарапынан аталған істерді атқарумен айналысатын мердігерлік компанияларға қойылатын талаптың төмендігінен көктайғақ қатері тыйылар емес. Соның салдарынан тұрғындар әртүрлі жарақаттар алып,оқушылар мектептеріне жете алмай, құлап-сүрініп жатыр.

Облыс орталығында қала көшелерін қардан және көктайғақтан тазалау жұмыстарын сегіз компания мемлекеттік сатып алулар кезінде ұтып алыпты. Сол уақытта құжаттарында ешқандай мін болмаса, кейіннен «түйелерін көпірден өткізіп алған» соң олар жұмысшылар санының аздығын және техника жетіспеуін көлденең тартып әртүрлі сылтауларды қаптатып жіберген. Бүгінгі кезде мемлекет қаржысын тақымдарына басып алған «Автолайн», «Табыс ел», «Бошан Транс Авто», «Ерхат жолдары», «Коквест», «Барлық Құрылыс» ЖШС компаниялары жалпы көлемі 5,5 миллион шаршы метр құрайтын 711 көшені қар мен көктайғақтан аршуы тиіс. Әйтсе де олардың қазіргі іс-қимылдары мардымсыз, өнімсіз, тіпті жоққа тән екені қала тұрғындарының орынды өкпе-реніштерін туғызып жүр.

Ақтөбе қаласында өткізілетін мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстар кезінде мемлекет қаржысы осылай тектен-текке шашылып кете бере ме? Талас жоқ, бұл жағдайда жергілікті атқарушы органдар тарапынан белгілі бір компанияларға қойылатын талаптың төмендігі мен келісімшарттардың босаң, жалпылама жасалғандығы айқын көрінеді. Бұның өзі ең алдымен Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллиннің қызметіне үлкен сын болмақ. Сондықтан да алдағы уақытта мұндай үстірттер мен олқылықтардан сабақ алынып, әрбір мердігер компанияның атқаратын қызметінің атқаратын қызметінің ауқымы мен көлемі нақты көрсетілсе, енжарлық мен сылбырлық және салдыр-салақтық көріністері қайталанбасы хақ.

Ал әзірге өңірде қомақты көлемдегі мемлекет қаражатын конкурс арқылы иемденіп, соған сай тиісті қызметтерін атқармаған мердігер ұйымдардың қызметі алаяқтық әрекетпен тең әрі соған парапар құбылыс ретінде бағаланып отыр.

 АҚТӨБЕ