Спорт • 26 Ақпан, 2020

Қазақстан ҰОК Бас Ассамблеясының отырысы өтті

288 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін  елордада Қазақстан ҰОК Бас Ассамблеясының отырысы өтті. Күн тәртібінде ҰОК негізгі басқару органдарын сайлау мәселелері қаралды. Отырысқа Қазақстан ҰОК президенті Тимур Құлыбаев, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, сонымен қатар, Ұлттық спорттық федерациялардың президенттері мен өкілдері қатысты.

Қазақстан ҰОК Бас Ассамблеясының отырысы өтті

ҰОК Жарғысының ережелеріне сәйкес, Бас хатшы және вице-президент лауазымдарына үміткерлерді ҰОК президенті ұсынысы бойынша Сәкен Мұсайбеков бас хатшы болып қайта сайланды. Сондай-ақ жиын барлық вице-президенттер өз қызметтеріне қайта сайланды. Атап айтар болсақ, Данияр Абулғазин ҰОК жалпы мәселелер жөніндегі вице-президенті, Асқар Мамин ҰОК-тың қысқы спорт жөніндегі вице-президенті, Әділбек Жақсыбеков ҰОК-тың жазғы спорт жөніндегі вице-президенті, Қайрат Боранбаев ҰОК паралимпиадалық спорт жөніндегі вице-президенті және Андрей Крюков ҰОК халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президенті лауазымына сайлады.

«Қазақстан ҰОК Атқару комитеті мен Тексеру комиссиясының сайланғанына 4 жыл өтті. Осы қысқа мерзім ішінде Атқарушы комитет корпоративтік процестерді жүйелеу және реттеу, соның ішінде мемлекеттік тапсырмаларды орындау бойынша тиімді жұмыс жүргізді. Енді біздің алдымызда ҰОК-тың келесі екі олимпиадалық кезеңіндегі саясатын нақты анықтайтын маңызды міндеттер тұр» деді жиналыста ҰОК басшысы Тимур Құлыбаев.

ҰОК президенті Атқарушы комитеттің жаңа құрамына 2028 жылға дейінгі стратегиялық жұмыс жоспарын дайындауды тапсырды. Олимпиада комитеті басшысының айтуынша, жоспар тиімді, түсінікті және ең бастысы, орындалуы қажет.

2028 Стратегиялық жоспары жұмысының негізгі бағыттары спорт менеджментін одан әрі жетілдіріп, жастар мен жасөспірімдер құрамаларын қолдау, спорттық медицина, ғылым және допингке қарсы күрес, бұқаралық спортты дамытуға және елдегі олимпиадалық қозғалыс дәстүрлерін дамыту болуы керек.

Сонымен қатар жиында жастар құрамасы туралы да сөз қозғалды. ҰОК басшысы қазіргі таңда қолдауға лайық дарынды жас спортшылардың бар екенін, қажет болса, ересектер мен жастарды бірге дайындау туралы біріктірілген шешім қабылдау қажет екенін де атап өтті.

Олимпиада комитетінің басшысы спорттық медицинаны дамыту және спорттағы допингке қарсы күрес ҰОК пен ұлттық федерациялар жұмысындағы маңызды бағыттың бірі болып қала беретінін атап өтті.

«Спорттық дәрі-дәрмектің қолжетімді болуы, әсіресе, барлық ұлттық құрама спортшылары мен облыстық жастар және ересектер құрамасының реабилитациядан өтуі, жарақаттанған және ауырған спортшыларды қалпына келтіру – допингтің алдын алатын негізгі шара. Тағы естеріңізге сала кетемін, біз таза спорт үшін және допингке нөлдік төзімділік ұстанымын ұстанамыз» деді Тимур Асқарұлы.