Аймақтар • 27 Ақпан, 2020

Еліміздегі ең алып кітап

513 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл қазақ халқының ғұлама тұлғасы Абай Құнан­байұылының 175 жылдығы. Осы айтулы датаға орай үшінші мегаполисте бірқатар тағылымды іс-шаралар жалғасын табуда. Соның бірі ретінде Шымкентте еліміздегі ең алып кітаптың тұсауы кесілді. Сөйтіп салмағы 27 келі болатын кітап жарық көрді. Қалалық білім басқармасына қарасты №1 жалпы орта кешкі мектебі мен №167/3 түзету мекемесінің ұжымы бірлесіп ұлы ақынның туған жерінде өтетін мерекеге ерекше сый жасады.

Еліміздегі ең алып кітап

 

Көлемі мен салмағы жа­ғы­нан елі­міздегі ең үлкен кі­тапқа Абайдың қа­ра сөздері жинақ­талған. 24 беттен тұ­ратын кітаптың көлемі – 122 х 90 см.

Кітаптың тұсаукесер рәсімі №167/3 түзету мекемесінде өтті. Кеш­­кі мектептің ұстаздар қауымы ақын­ның өлеңдерін жатқа оқып, поэзиялық кеш ұйымдастырды. Әннен шашу ша­шып, өнерлерін ор­таға салды.

«Алып кітап алдағы аптада Ал­маты қаласында ор­наласқан Қазақ­стан рекорд­тар кітабына тіркеуге жібе­ріледі. Сертификатталған қара сөздер жинағы, одан соң, Абайдың туған еліне жет­кізілмек», дейд­і мектеп директоры Исақ Асанов.

Сондай-ақ данышпан мұ­расын өскелең ұрпаққа үл­гі етуге арналған іс-ша­ра­лар­дың эстафетасы осы аптада қа­лалық сотта жалғасын тапты. «Абай – қазақ құқығы­ның білгірі» ат­ты ерекше фор­­маттағы іс-шарада кемең­гердің ағартушы, классик қана емес, қара қылды қақ жарған әділдігі де жаңа қырынан танылды.

Шымкент қалалық со­тының төраға­сы Ербол Ра­хым­беков Абай мұ­расының өзектілігі мен маңызды­лығын атап өтті. Басқосуда абайтанушы ғалым, филология ғылым­дарының кандидаты Мақсат Әліпханұлы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Баршагүл Исабек ұлы Абай өлеңдерінің рухани құндылығын таныта түсті. Философиялық әңгіме­лері мен қара сөздерінің маңыз­дылығына кеңінен тоқталды.

Қалалық, аудандық сот­тар­дың төрағалары мен судьялары, зиялы қауым өкілдері, сот қызметкерлері қатысқан шарада Ж.Шанин атын­дағы қазақ-драма театрының ак­тері, Қазақстанның мәдениет қай­рат­кері Еркінбек Шымыр­құлов Абай­дың ұлттың мінезін өзек еткен қара сөздерінен үзін­ді оқыса, Қазақ­станның ең­бек сіңірген әртісі Құр­ман­бай Шойынбаев Абай әндерін орындады. Сонымен қатар жас­тар да ақын өлеңдерін оқып, белсенділік танытты.

Елбасының «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында ұйымдас­тырылған іс-ша­рада студенттер, ЖОО-ның оқытушылары ұлы ақын­ның рухани қазынасымен жан-жақты­лы танысуға мүмкіндік алды.

 

Шымкент