Қоғам • 27 Ақпан, 2020

Жоспарлау – оңай, орындау – қиын

314 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Студентке жағдай жасау оған жатақхана беруден басталса керек. Тұратын жері, паналайтын баспанасы болмаса, білім алушы сабаққа да, тамаққа да жарымай, тұрмыс тауқыметін әбден тартатыны анық. Талабы бар жастардың алаңсыз білім алуы үшін елімізде жатақханаларды көптеп салу ісіне мемлекет соңғы жылдары шындап бет бұра бастаған еді.

Жоспарлау – оңай, орындау – қиын

 

Дегенмен де «Үйдегі бағаны базар­да­ғы нарық бұзады» демекші, жатақ­хана құрылысына байланысты жасалған нақ­ты жоспарлар бар болса да, оны нақты жүзеге асыру тым қиын болып тұр. Мысалы, Елбасы Н.Назарбаев бес әлеу­меттік баста­масында 2022 жылдың соңы­на дейін мемлекет-жекемен­шік әріп­тестігі арқылы 75 мың орын­дық жаңа студенттік жатақха­на салуды тап­сырған бола­тын. Бұл алып құрылыс бірне­ше бөліктен тұрады. Яғни, 2019 жылы 5 мың орын, 2020 жы­лы – 15 мың орын, 2021 жылы – 25 мың, 2022 жылы қалған 30 мың орын пайдалануға берілуі тиіс еді.

Бірақ жатақхана құры­лы­сына жеке­мен­шіктің қызы­ғу­шылығы төмен болды ма, әйтеуір, өткен жылы жоспар­лан­ған 5 мың орынның 2 810-ы ғана пайдалануға беріліп, барлығы 196 млн 397 мың теңге иге­рілді. Яғни, жоспардың 57 па­йызы ғана орындалды. Онда да бұл 2 810 орынның 1 209-ы жаңа жатақханадан бұ­йыр­са, қалған 1 601 орын бұрын салын­ған ғимаратты жөндеудің нәти­жесінде ғана пайда болды. Ал Елбасы жос­парға енген жа­тақ­ханаларды тек жаңа ғимарат­тар салу арқылы шешуді міндет­теп, қаржы да сол жаңа құры­лыс­тарға бөлінген болатын. Сон­да ескі ғимараттардан пайдала­нуға берілген орындарды есептемегенде, Елбасының жаңа жатақ­хана салуға байланысты берген тапсырмасы 2019 жылы 25 па­йызға ғана орындалды деген сөз.

Жатақханаларда жаңа орын­­­дар­ды енгізу кезінде оқу орын­­­дары мен кә­сіп­керлердің мен­­­ші­гіндегі ғима­рат­тар­ды, яғни, қонақүйлер, көппәтер­лі үйлер, әкімшілік ғимараттарды сту­дент­тік жатақханаларға айналдыру үрдісі белсенді түр­де жүріп жатқанын Білім және ғылым министрлігі өкіл­д­ерінің өзде­рі де мойындап отыр. Осыдан кейін өткен жылдың қазан айында бюджет шы­ғын­дарын тағы да нақтылау кезінде жатақхана салуға бө­лін­ген қаржының 77 пайызы игерілмеді деген себеппен кері қайтарылды. Ал 1 қазанға дейін жаңа жатақханадағы орын саны әрең дегенде 1 957-ге жетті.

Жалпы алғанда елімізде 69 жоғары оқу ор­ны мен 105 колледж болса,  соның 90 484 студенті жатақханадан орын таба алмай жүр. Жатақхана салу тура­лы жоспардың жартысы ғана орындалғандықтан 2019 жылы 2 190 студе­нт тиесілі орнын ала алмай, пәтер жалдауға немесе туған-туысқандарының үйін саға­лау­ға мәжбүр болды. Яғни Елба­сының бұл мәселе бойын­ша берген тапсырмасының алғаш­қы бөлігі толығымен орындалмады.

Соңғы жылдары «Серпін» бағдар­ла­масы бойынша грант­қа ие болған қан­шама жас солтүстік облыстарға ағылуда. Орта есеппен алғанда дәл осы бағ­дарламамен жылына 3,5 мың жас Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Пав­лодар облыстарында білім алады. «Серпін» солтүстікте халық санын көбей­­туге байланысты қолға алынып отыр­­ған маңызы зор жоба екені белгілі. Алайда еліміздің осы өңірлеріне жас­тар қаптап келіп жатса да Солтүстік Қазақстан облы­сын­да осы күнге дейін бірде-бір жатақхана салынып, бірде-бір орын берілмепті. Ал Сол­түс­тік Қазақстан облысында 3 мың, Қостанай облысында 2,5 мың студент жатақханаға мұқтаж. Елордада 2019 жылы студенттер жатақханаларын салу мақсатында көп­бейінді колледж үшін 1 учаске және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне 3 учаске бөлінген болатын. Бірақ жатақханалардың құрылысы бас­талған жоқ, жобалық-сме­та­лық құ­жат­­тамалары енді жасалып жатыр.

Енді биыл студент жас­тар­дың өмір сүру жағдайын жақсарту бойынша Елбасының әлеуметтік бастамасын іске асырудың екінші кезеңі басталды.  2020 жылға 15 мың төсек-орын енгізу мін­деті белгі­ленген. Білім және ғы­лым министрлігі берген мә­лімет­тер­ге қарағанда 1 ақпандағы жағдай бойынша 7 657 төсек-орынға 26 объектіні іске қосу, келісім­шарт негізінде 11 нысан бойынша 4 075 төсек-орынға құрылыс-монтаж жұ­мыс­тары басталады. Сондай-ақ жер­гі­лікті бюджет және демеу­шілік қаражат есе­бінен 3 258 төсек-орынды 20 нысанды жү­зеге асыру жоспарлануда. Осылайша, 2020 жылы 10 915 төсек-орынға арналған 46 ны­санды іске қосу міндеті тұр.

Әрине, мұның бәрі әлі жоспар. Жос­пар жасау оңай, оны орындау қиын болып тұр ғой. 2019 жылғы жоспардың жар­­­тысы ғана орындалғанын жоға­ры­да айт­тық. Бұл жатақ­ха­наларды өз уа­қы­тын­да пай­далануға беру кестесіне кесі­рін тигі­зетіні анық. Ендеше биылғы жоспар толық орындала ма? Кешеуілдеп қалған жатақ­хана құрылысы қайтадан қарқын ала ала ма? Оны енді уақыт көрсетеді.