Аймақтар • 27 Ақпан, 2020

Еңбекақы көлемін ұлғайтты

121 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылғы ақпан айының 20 жұлдызында Ақтөбе облысы Темір ауданындағы Кеңқияқ кен орнында «Н-Техсервис» компаниясы құрамындағы бригада жұмысшылары кезекті ауысымға шықпай қалды. Осы жағдайға бай­ланыс­ты Кеңқияққа шұғыл аттанған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов пен компания директорының міндетін атқарушы Ван Илинь және еңбек инспекциясының өкілдері мәселенің мән-жайын анықтау кезінде даудың басты себебі жалақы мөлшерінің төмендігі екенін білді.

Еңбекақы көлемін ұлғайтты

Осыған орай аталған тараптар «Н-Техсервис» компаниясының Бейжіңдегі бас кеңсесімен тиісті келіссөздер жүргізді. Соның нәтижесінде бір ауысымның ғана емес, соны­мен бірге вахталық әдіспен жұ­мыс істейтін барлық қызмет­кер­лердің жалақысын 33 пайызға көтеру жөнінде шұғыл шешім қабылданды. Осы тұста бұдан 1-2 апта бұрын «СNPC-Ақтөбе мұнайгаз» АҚ құрылымдарына қарасты қызметкерлердің жала­қысы да жоғарыда көрсетілгендей көлемде өскенін айта кеткен жөн.

Сервистік компаниялар табы­сының өсуі – тек көмірсутегі ши­кізатын өндіруге ғана емес, көрсетілетін қызметтер көлеміне де байланысты. Бұл ретте жергі­лікті атқарушы органдардың тарифтерді көтеруге қатысты келіссөздер жүргізуі оң нәтижеге бастап келеді. Яғни, ұсы­ныстар сервистік компаниялар тарапынан қолдау тауып, биылғы  жылдың 1 наурызынан бастап тарифтердің құны 10 пайызға ұлғаятын болды. Өз кезегінде мұндай қадамдар мұнай-газ өндірісі саласында жұ­мыс істейтін қызметкерлердің жалақысын көтеру ісіне өз сеп­тігін тигізбек. Сондай-ақ кен орын­дарында жұмысшыларды арнайы киім үлгілерімен жасақ­тау және сапалы тамақпен қамту кезінде де түйткілдер бар екені байқалды. «Оны түбегейлі шешудің кілті ұжымдық шарт­тар болып отыр.  Яғни, ал­дағы уа­қытта бұл мәселені кәсіп­­орын­дар мен кәсіподақ ұйым­да­рының басшылары арасында қол қойылатын құжаттар арқылы шешу көзделген.  Түптеп келгенде, басты мәселе – шетелдік компаниялардағы жұмыс күш­терін біртіндеп азайтып, олардың орнын қазақстандық кадрлармен алмастыру болмақ. Бұл бағытта мамандарды өсіру мен қайта әзірлеуге қатысты мәселелер ал­­дыңғы кезекке шығады. Шет­елдік компания өкілдері жүр­гізетін істі қатаң бақылауға алу­дың қажеттілігі де осында», дей­ді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Міне, жоғарыда көрсетілген деректер облыста жерасты қазба байлықтарын игеру ісі саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақыларын өсіру ісінде біраз кешенді шаралардың қолға алын­ғанын көрсетеді. Талас жоқ, жа­ғымды жайт. Әйтсе де қазір об­лыс тұрғындарының орташа айлық жалақы­сының көлемі аталған саладағы өсіп жатқан жала­қы есебінен жасалады.

Соның өзінде өңірдегі орташа жалақы деңгейі республикалық орташа көрсеткіштен 16 пайызға төмен болып отыр. Рас, өңірде ең­бекақыны өсіру жөнінде бір­қатар жұ­мыс атқарылған. Алдыңғы жылдармен салыс­тырғанда белгілі бір деңгейде өсу көрсет­кіштері де тіркелді. Әйтсе де әзір ақтө­белік­тер орташа жалақы мөлшері жөнінен елімізде тоғызыншы орында тұр екен. Сондай-ақ облыстағы орташа жалақы мөлшері респуб­ликаның батыс өңірлері арасындағы ең төменгі көрсеткіш екені қуанта қоймайды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин 2020 жылдың 12 ақпаны күні тұрғындарға берген есебі кезінде мұны ашық мәлімдеді.

 

Ақтөбе облысы