Қазақстан • 27 Ақпан, 2020

Қызылорда-Хорезм: Біріккен бастаманың берері көп

568 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов «Агроөнеркәсіптік кооперация, өнеркәсіп және туризм саласындағы аймақтық бизнестің ынтымақтастығы» тақырыбында өткен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ІІ халықаралық аймақаралық ынтымақтастық форумына қатысты.

Қызылорда-Хорезм: Біріккен бастаманың берері көп

Хорезм облысы Үргеніш қаласында өткен форум аясында бизнес өкілдерінің B2B кездесулері, кеңейтілген отырыс және екі мемлекет тауар өндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көлік, су-энергетикалық, тоқыма, машина жасау, туристік, экологиялық салаларда ынтымақтастықты әрі қарай дамыту мәселелері туралы айтылды. 

Кездесу барысында Қызылорда облысының әкімдігі мен Өзбекстан республикасы Хорезм облысының хокиматы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісім екі ел арасындағы қазіргі достық қатынастарды нығайту, шаруашылық қызмет субъектілері арасында тікелей байланыстар орнату және ұзақ мерзімді экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени, іскерлік, сауда қатынастары мен байланыстарды дамытуды көздейді. Мұнан бөлек Қызылорда облысынан арнайы барған индустриялық- инновациялық даму, кәсіпкерлік және туризм басқармалары жергілікті кәсіпкерлермен және мемлекеттік орган өкілдерімен кездесіп, ортақ жобаларды жүзеге асыру мақсатында келіссөздер жүргізді.

25 ақпанда басталған форум аясында өңір өнімдерінен арнайы көрме ұйымдастырылды. Бұл шараға  Қызылорда облысынан  «Абзал и К», «Аралтұз» АҚ, «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС, «Смарт Раббер» ЖШС және  «РЗА» АҚ  өкілдері қатысты. Көрмеге күріш, азық-түлік, цемент өнімдері, тамшылатып суару құбырлары мен сүт өнімдері қойылды.

Хорезмдік кәсіпкерлердің бір тобы Шиелі ауданында жеміс ағаштарын  өсіруге ынта білдіріп отыр.

Сонымен қатар минералды тыңайтқыштар шығаратын кәсіпорын өкілдері Сыр диқандарын минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге дайын. 

Аймақ басшысы Қуанышбек Досмайылұлы ортақ жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторларға қажетті қолдау көрсетілетінін айтты.