Вирустардың басқа микроорганизмдерден ерекшелігі сол, бұл бактериялар өтпейтін арнаулы сүзгілерден өтіп кетеді, зертханаларда қолдан жасалған жасанды қоректік орталарда өсіп-дамымайды, тек тірі торшаларда ғана тіршілік етеді, тірі немесе структурасы алдын ала бұзылып, ұнтақталған ұлпаларда, тауық жұмыртқасының эмбрионында ғана өсіп-өнеді. Вирустарды 1842 жылы Д.Ивановский ашқан болатын. Алғашқыда оны вирустар, яғни «у» деп атады. Қазір оның түрі 200-ден асып кетті.
Вирустарды зерттейтін ғылымды вирусология деп атайды. Құрамындағы қышқыл түріне байланысты рибонуклейнді (РНҚ) және дезаксириболнуклейнді (ДНҚ) деп екі топқа бөледі. Вирустарда өз кезегінде ортапоксвирус, герпесвирустар, аденовирустар, парвовирустар, реовирустар, парамиксовирустар, ортомиксовирустар, коронавирустар және т.б. болып бөлініп кете береді.
Вирустар микроорганизмдердің басқа түрлеріне қарағанда өте күрделілігімен, зардаптылығымен және тез жұққыштығымен ерекшеленеді. Адамзат тарихындағы жүздеген, мыңдаған емес, тіпті миллиондаған адамды өлімге ұшыратқан эпидемиялық, пандемиялық жағдайлар осы вирустардың әсерінен болған. Егер ауру бір елдің едәуір бөлігін қамтыса оны «эпидемия» дейді де, егер бұл құбылыс бірнеше елдерді қамтитын континенттік деңгейге дейін жетсе «пандемия» деп аталады. Жануарлар арасындағы мұндай жағдайды сәйкесінше «эпизоотия» немесе «панзоотия» дейді.
Әріге бармай-ақ соңғы жүз жылдан бергі ғылыми деректер вирустар миллиондаған адамдардың көзін жойғанын көрсетеді. Өткен ғасырдың 18-19 жылдарында болған «Испанка» пандемиясының негізгі себебі тұмау ауруының (H1N1) штаммы болып, соның салдарынан ауруға шалдыққан 550 миллион адамның 50 миллионы өлімге душар болды. Кейбір деректерде 100 миллион деп айтылады, ауру Еуропа, Азия асып, Америкаға дейін жетті. 1957-1958 жылдардағы Азия тұмауынан (H2N5) 70 мың, 1968-1969 жылдардағы Гонконг тұмауынан (H3N2) 37 мың, 2003-2009 жылдардағы құс тұмауынан (H5N1) 360 адам, 2009-2010 жылдардағы шошқа тұмауынан (H1N1) 2600 адам өмірмен қош айтысты.
Дәл қазіргі дүниені дүрліктірген коронавирус өте аз зерттелген вирустарға жатады. Ашылғанына да көп бола қойған жоқ, 1968 жылы ғана жеке топ ретінде бөлінді. Коронавирус дейтін себебі, ауру қоздырғышын электронды микроскоппен қарағанда вирустың антигендік құрылымы (нуклеокапсид) ортасы дөңгелектеніп келіп шет жақтарынан жан- жаққа қарай бұтақ тәрізді өсінділер тарайтындықтан оны коронаға (тәжге) ұқсатып коронавирустар деп атап кеткен.
Коронавирус тудыратын аурулармен адамдармен бірге ірі қара мал, түйе, шошқа, ит, мысық және т.б. жануарлар да ауырады.
Коронавирустар негізінен тыныс алу, ас қорыту, жүйке жүйесін көп зақымдайды. Ауру көп жағдайда жеңіл өткенімен, оның кейбір штаммдарынан күрделі асқынулар пайда болады. Коронавирустар мутацияға өте бейім келеді, бір түрден екінші бір түрге жылдам өзгеріп, алғашқыда жануарларда, соңынан адамдарда, белгілі бір уақыттан кейін қайтадан жануарларда ауру тудырады.
2019-nCov Ухань коронавирусы деп аталатын жаңа коронавирус алғаш рет 2019 жылы бөлінді. Бастапқыда онымен балық базарына барған адамдар ауырды, адамдар ауруды жануарлардан жұқтырды деген болжам бар, бірақ қандай жануар екені айтылмады. Ақпарат құралдарының деректері бойынша айтылған базарда теңіз сүтқоректілерінен басқа, жарғанат, тауық, қоян, жылан және жануарлардың басқа да түрлері сатылған. Осы жануарлардың бірі ауру ошағы болуы мүмкін, вирус зооноз ретінде жануарлар мен адамдар арасындағы байланыстан немесе көптеген микробтар тәрізді ауалы-тамшылы жолдар арқылы тараған. 2020 жылы 20 ақпанда дәрігерлер вирустың адамнан адамға жұғатынын дәлелдеді.
Негізгі жұғу жолы ауалы-тамшылы, яғни адам жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде жұғады. Сирек жағдайларда болса да жұғудың контактілі түрі де кездеседі. Тыныс алу, ас қорыту және жүйке жүйесінің ішіндегі ең көп зақымдалатыны тыныс алу жүйесі.
Аурудың белгілері өкпе қабынуының және жедел респираторлық синдромның ауыр түрінің белгілеріне ұқсас келеді. Ауырған адамда құрғақ жөтел пайда болады, мұрыннан су ағады, тамағы жыбырлайды, температура 380 С және одан да жоғары болады, тыныс алу қиындап, ауа жетпей қалады, адамның көкірек тұсы қатты ауырады, басы ауырады, еттерде ауырсыну белгілері пайда болады (миалгия), әлсіздік белең алып, өкпе ұлпаларының прогрессивті бұзылуы салдарынан адам естен танып, өліп кетуі де мүмкін.
Коронавирустар тұқымдасы 40 түрлі вирустан тұрады. Өткен ғасырда тіркелген коронавирустар жедел респираторлық вирустық инфекциялардың қоздырғышы ғана болып, аса қауіп тудыра қоймаған болатын. 2003 жылы коронавирустың ТОРС-СоV деген түрі әлемнің 33 елінде пневмонияның (өкпе қабынуының), кәдімгі пневмонияға тән емес түрін таратып, одан 623 адам көз жұмды. Ғалымдар Уханьдағы 2019-nCoV коронавирусы мен өкпе қабынуының өте ауыр түрін қоздыратын ТОРС-СоV коронавирусының бір-біріне 70 пайыз ұқсас екенін анықтап отыр. Коронавирустар тарататын пневмония бактериялар тарататын пневмонияға қарағанда өте күрделі әрі жылдам өтеді. Мұндай жағдай ауруға жылдам диагноз қойып, емдік шаралар жүргізуді қиындатады.
Коронавирустың МЕРС-СоV деген түрі 2012 жылы Сауд Арабиясында індеттің өте ауыр респираторлы синдромын тудырып, одан 416 адам өлімге душар болды, бұл көрсеткіш ауруға шалдыққан адамдардың 35 пайызы болатын. Адамдар ауруды түйелерден жұқтырған. Қазіргі жаңа коронавирусты ғалымдар 2002 жылы Қытайда өкпе қабынуының өте ауыр, кәдімгі өкпе қабынуына ұқсамайтын түрінен эпидемия тудырған SARS коронавирусына ұқсатып отыр.
Аурудың біліне қоймайтын инкубация кезеңі өте қысқа 6-14 күн аралығында, ал ауру адамнан адамға жұғатын болса тіптен қысқа болып 5-6 күннен ары аспайды. Мұндай қысқа мерзімде аурудың белгілері толық пайда болып үлгермейтіндіктен аталған індетке диагноз қою қиындық тудырады. Сондықтан емдеу шаралары кеш басталып, көп жағдайда нәтижесіз аяқталады. Коронавирусты індеттің клиникалық белгілері жедел респираторлық вирусты аурулардың белгілеріне өте ұқсас келетіндіктен дұрыс диагноз қоюға мүмкіндік бермейді.
Иммунодиагностикалық зерттеу әдістері арқылы нәтижелі диагнозды ауруды жұқтырғаннан кейін 21 күннен соң ғана қоюға болады. Иммуноферментті талдау (ИФА) арқылы диагнозды ауру пайда болғаннан кейінгі 10 күннің ішінде қоюға мүмкіндік туады. Ең нәтижелі әрі жылдам қойылатын диагноз әдісіне молекулярлық-генетикалық құбылысқа негізделген полимеразды тізбекті реакцияны (ПЦР) жатқызамыз. Оған сынама ретінде қанды, сілекейді және басқа да физиологиялық сұйықтықтарды қолданады. Бұл әдіс арқылы диагноз қорытындысын 4-5 сағат әрі кеткенде 1 күннің ішінде алады. Аталған әдіс ДНҚ фрагменттерінің ең аз мөлшерінің өзін көбейтуге мүмкіндік туғызады. Бірақ бұл әдіс арқылы диагноз қою қымбатқа түседі.
Емдеу әдістеріне келетін болсақ, жаңа коронавирусқа тікелей қарсы әсер ететін препарат әлі табылған жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хаттамасы бойынша науқас толық оқшауланады да, аурудың ауыр, жеңілдігіне, індетті құбылыстың өту ерекшелігіне байланысты жалпы вирусқа қарсы емдік шаралары жүргізіледі.
Індеттен қорғанудың қарапайым әдістеріне мыналар жатады: қолды сабындап жуу, соңынан спиртпен сүрту, жөтелгенде немесе түшкіргенде ауыз бен мұрынды орамалмен жауып тұру, тұмау және суық тию белгісі бар адамдармен көп араласа бермеу жолдарын қарастыру, жұмыртқа және ет өнімдерін қайнатқаннан кейін қолдану, үй жануарлары мен жабайы аңдарға көп жақындай бермеу және т.б.
Қазіргі таңда коронавирус індетінің алдын алу үшін қолданылатын вакцина жоқ. Қытай ғалымдары вакцина алу жолдарын қарастырып жатыр. Олар індет қоздырғышын бөліп алғанмен, вакцина жасауға қажетті штаммды әлі толық анықтай алмай отыр. Бұл өте ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді.
Негізінде жұғымталдылығы өте жоғары коронавирус тәрізді індетті аурумен күресудегі ең негізгі шара – аурудың алдын алу үшін организмді вакциналық препараттардың көмегімен иммундау. Қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтпаған ғой.
Зардабы өте жоғары, әлі толық зерттеле қоймаған, елімізде бұрын-соңды тіркелмеген коронавирус тәрізді экзотикалық аурулар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын биологиялық қауіпсіздік деңгейі жоғары зертханалық орталықтар мен институттар ғана жүргізе алады.
Мұндай мүмкіндігі бар кәсіпорын Қазақстанда екеу ғана. Бірі – Отардағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары бойынша ғылыми-зерттеу институты, екіншісі – Алматыдағы Орталық референттік зертхана.
Ал күрделі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге Орталық референттік зертхананың мүмкіндігі мол. Бір ғимаратта 3 министрліктің ғалымдары жұмыс істейтіндіктен ғылыми-зерттеу проблемаларын бірлесе, кешенді түрде шешуге толық негіз бар. Әкелінген сынамалар жан-жаққа тасымалданбай бір ғимарат ішінде жүргізілетіндіктен, оның сыртқы ортаға таралуына жол берілмейді.
Бір айта кететін жайт, «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығының» Алматы филиалының жарғысында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылдануға болады деген пункттің жоқтығы. Бұл мәселені шешу аса қиын емес әрі кеткенде 10-15 күннің ішінде орындалатын шаруа. Сонымен бірге орталықты ғылыми дәрежесі мен атағы бар кадрлармен толықтыру қажет. Елімізде аудандық, облыстық, республикалық деңгейлерді қоса есептегенде 200-ге жуық ветеринариялық зертхана бар. Аталған орталық, осы зертханаларға өзінің референттік (қазылық) қызметін өз дәрежесіне сәйкес атқаруы үшін ғылым мен білімнің соңғы жетістіктерін зерттеп, оны өз қызметіне пайдалана алатын ғылыми-практикалық әлеуеті жоғары орталық болуы тиіс. Мұндай орталықтағы ғылыми жұмыс коронавирус қана емес, басқа да экзотикалық аурулардың таралуын алдын ала болжау (мониторинг), жедел диагноз қою, иммундау үшін қолданылатын вакциналық препараттарды жетілдіру және емдеу үшін қолданылатын дәрілік препараттарды жетілдіру бағытында болуы керек.
Қорыта айтқанда, коронавирус және басқа да экзотикалық және эмерджентті аурулармен күресу кешенді, жедел және жан-жақты, ең бастысы ғылыми-зерттеу жұмыстарына негізделген болса, ауру тез ауыздықталып, еліміздің биологиялық және осыған негізделген басқа да қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілетіні сөзсіз.
Батырбек АЙТЖАНОВ,
ҚазҰАУ профессоры, ветеринария ғылымдарының докторы
АЛМАТЫ