Ақтөбе • 28 Ақпан, 2020

Алғыс – адамдар мерейін өсіреді

682 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Джамалов Шахбаз Илал-Оглы Әзербайжандар қауымдастығы республикалық  Ақтөбе филиалының төрағасы,егер маған өзге біреулердің тарапынан: Әлем бойынша ынтымағы мен бірлігі жарасқан, көптеген диаспора өкілдері тұратын елді атай аласыз ба деген сұрақ қойыла қалса , мен бұған көп ойланбастан: Ия, атай аламын, бұл Қазақ елі деп кеудемді көтере тұрып жауап берген болар едім. Сондай-ақ ортақ отанымыз Қазақстанды нағыз бақ пен Қыдыр қонған ел деп атасақ та шындықтан алшақ кетпес еді деп ойлаймын.

Алғыс – адамдар мерейін өсіреді

Қазақ халқының бауырмал бітім-болмысы мен кең-кеуде жаратылысы арқасында кезінде бұл топыраққа еріксіз айдалған талай жандар ажал аузы мен тырнағынан аман қалғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Бұған тарих куә. Сталиндық қуғын-сүргін жылдары бастарын тауға да, тасқа да соққан әзербайжан ұлтының бір қауым өкілдеріне қазақстан қара ағаштай пана, бәйтеректей сая бола білді. Кейіннен бұл қасиетті де киелі топырақ әзірбайжандық этнос өкілдерінің кейінгі және бүгінгі ұрпағы үшін құтты мекенге айналды.

Сол үшін де біз Қазақстандағы әзербайжандар қауымдастығының өкілдері қазақ жері мен еліне мың мәрте алғысымызды айтамыз. Тек мұнымен шектелмей қазақ халқына шексіз қарыздар екенімізді кейінгі ұрпағымызға да аманат етіп қалдыруды басты парызымыз деп білеміз. Егер дәл осы тұста жалпыдан жалқыға көшер болсақ, адамның адамға жасаған жақсылығы мен көмегі үшін алғыс сезім білдіруі табиғи заңдылықтай көрінеді. Тіпті, олардың белгілі бір орын алған жағдайға байланысты айтарлықтай қодау жасаудың мүмкіндігі мен реті келмеген күннің өзінде қуанышы мен қайғысына ортақтасып шынайы ақ адал көңілдерін білдіруінің өзі де шапағаты мол іс болмақ.

Бір сөзбен айтқанда 1 наурыз алғыс айту күні еліміздің күнтізбесіндегі ерекше күндердің бірі деп санаймын. Алғыс оны иеленген адамның да, тұтастай ел-жұрттың да нұрын тасыта алатын құдыретті күштің бірі. Алғыс айту адам бойындағы айнымас парыздың бірі. Осы қағиданы әр кез жадымызда ұстай білсек ер мерейі де, ел мерейі де соғұрлым үстем бола бермек.

 

Ақтөбе облысы