Елбасы Қазақстанның бай табиғаты, қайталанбас тарихи-мәдени ескерткіштері елімізде туризм индустриясын өркендетуге мол мүмкіндік беретіндігін айтып, өзінің жыл сайынғы жолдауларында туризмді ел экономикасының тұрақты дамуының басым бағыттарының бірі ретінде кәдеге жаратуды ұдайы ұсынып келеді. Оның үстіне ғасыр жобасы атанған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің басым бөлігінің облыс аумағынан өтуі туризмді дамытуға серпін беретін фактор ретінде қаралып отырғаны да шындық. Олай болса, бұл бағытта қандай ізденістер бар, қандай шаруалар атқарылуда? Әңгіменің әлқиссасын осы бағытта өрбіту мақсатында облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Кенжебаевқа жолыққанбыз.

Туризмнің табысты сала екенін төрткүл дүние түсініп болды. Сондықтан да туризмді табыстың қайнар көзі ретінде елдің игілігіне пайдалануға басымдық беріліп келеді. Әлемдік қаржы дағдарысы да экономиканың тиімді салаларын дамытуды алға тартуда. Бұған бүгінгі таңда туризм индустриясынан түскен табыс мұнай өндірісі мен машина жасау өнеркәсібінен кейінгі орында тұрғаны да нақты дәлел бола алады. Сарапшылардың пайымдауынша, 100 мың турист қалада шамамен екі сағат болған кезде 350 мың АҚШ долларын жұмсайды екен. Туризм әлемдегі жалпы ұлттық өнімнің оннан бір бөлігін, халықаралық инвестицияның 11 пайыздан астамын, әлемдік өндірістің әрбір тоғызыншы жұмыс орнын қамтамасыз ететінін де экономистер әлдеқашан шотқа қағып, есептеп қойған. Тіпті халқы бірыңғай туризмнен түскен табыспен күн көріп отырған елдер де бар. Олардан аумағы да, табиғи байлығы да, археологиялық және тарихи ескерткіштері де артық болмаса, кем емес Ақтөбе облысы Ұлы жібек жолы бойында орналасқандығымен-ақ туризмді дамытуға сұранып тұрғандай. Әрине, «аттылыға еремін деп, жаяудың таңы атпас» дегендей, ғасырлар бойы туризмді талғажау етіп отырған елдермен бәсекелеспесек те, ел экономикасын туризмнен түсетін табыспен толықтырудың мүмкіндігі бізде де бар. Елбасы Қазақстанның бай табиғаты, қайталанбас тарихи-мәдени ескерткіштері елімізде туризм индустриясын өркендетуге мол мүмкіндік беретіндігін айтып, өзінің жыл сайынғы жолдауларында туризмді ел экономикасының тұрақты дамуының басым бағыттарының бірі ретінде кәдеге жаратуды ұдайы ұсынып келеді. Оның үстіне ғасыр жобасы атанған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің басым бөлігінің облыс аумағынан өтуі туризмді дамытуға серпін беретін фактор ретінде қаралып отырғаны да шындық. Олай болса, бұл бағытта қандай ізденістер бар, қандай шаруалар атқарылуда? Әңгіменің әлқиссасын осы бағытта өрбіту мақсатында облыстық туризм, денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Кенжебаевқа жолыққанбыз.

Туризм салыстырмалы түрде біздің өңір үшін тың сала болып табылады. Өңірде бұл саланы дамытудың кешенді шаралары алынуда. Бұл бір-екі жылда өңірімізге туристер ағылады деген сөз емес. Әрине, қазір атқарылып жатқан жұмыстар болашаққа бағытталған қадамдар. Облыста биыл «ИТФА-2013. Туризм. Саяхат. Спорт» халықаралық туристік көрмесі оныншы рет өткізілді. Облыстың айтарлықтай туристік мүмкіншілігі, қолайлы жағрапиялық жағдайы, елімізде ерекше қорғауға алынған нысандар тізіміне кіретін табиғи-тарихи ескерткіштер бар. Бұл өңірде туризмнің бірнеше түрін дамытуға мүмкіндік береді, Алайда, кәсіпкерлер өз имиджін жасағанша біраз қаржы шығаруға, ізденіспен жұмыс жасауға қорқақтайды. Бұл түсінікті, әрине. Дегенмен, қол қуысырып қарап отырғанымыз жоқ. Туризмнің тұғырын бекітетіндей белсенді жұмыстар жүргізілуде. Оныншы рет өткізіліп отырған дәстүрлі туристік халықаралық көрмеге биыл еліміздің бес облысы қатысты. Туристік фирмалар, қонақ үй және мейрамханалық бизнес, көліктік және сақтандыру компаниялары, демалыс базалары, туристік және спорттық жабдықтар өткізуші кәсіпорындар, мұражайлар, туризм мамандарын даярлайтын оқу орындары көрмеге экспонаттар болды. Көрме аясында «Шеберлер ауылы» халық қолөнер шеберлерінің республикалық фестивалін өткізу дәстүрге айналды. Облыста кәдесый, қолөнер бұйымдарын шығаруда да ізденіс көп, игілігі де көрінуде. Өлкенің туристік әлеуетін арттыру, жаңа туристік маршруттарды ашу мақсатында жыл сайын баспасөз туры ұйымдастырылуда. Соның нәтижесінде облыс халқы аймақтың тамаша табиғатымен, әсем жерлерімен, тарихи ескерткіштерімен, туристік мүмкіндіктермен тереңірек хабардар бола түсті. Бұл өз кезегінде ішкі туризмді дамытуға алғышарт жасайды деп ойлаймыз. Ал, сол жерлерден түсірілген жарнамалық материалдарды туристік көрмелерде ұсыну арқылы сырттан туристер тартуға, олардың біздің өңірге деген қызығушылығына ықпал етеді. Былтыр бұл мақсатқа 18 миллион теңге қаржы бөлінсе, биыл да осы шамада қаржы қарастырылды. Яғни, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады, дейді ол.
Рас, облыста ішкі туризмді дамытудың қадамдары жасалуда. Сегіз туристік маршрут ашылған. Қазір келген туристерге Көне Көкжар жәрмеңкесін, Абат Байтақ , Қобыланды батыр кесенелерін, Хромтау ауданындағы Айдарлы аша табиғи ескерткішін, Ырғыз ауданындағы Жаманшың қазаншұңқырын, Байғанин ауданындағы борлы тауларды, Мәртөк ауданындағы реликтті ормандарды қандай туристерге де ұялмай көрсетуге болады. Шетелдіктердің назарын аударуға тұрарлық бұдан басқа да табиғи және тарихи өлкелік ескерткіштер жетерлік.
Аумағында сексенге жуық өзен-көлдер бар Ырғыз өңірі де, «Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» да экологиялық туризмге сұранып тұр десе болады. Мұндай тұмса табиғатқа әсершіл шетелдіктердің қызығатыны сөзсіз. Қазір осы бағытта туристік маршрут ашылған. Бұрын жол мәселесі қиындық келтіретін, қазір ол да шешілген. Ендігі мәселе қаржыландыруға тіреліп тұрған сыңайлы.
Облыста қазірдің өзінде 40 туристік агенттіктер мен операторлар жұмыс істейді. Олардың тең жартысы ішкі туризммен айналысады. Алайда, туристік агенттіктер мен операторлар барлығы бұрыннан қалыптасқан сыртқы туризмді қолай көреді. Мұның өзі біздің әлі де ішкі туризмді дамытуға ден қоймағанымызды аңғартады. Бұл сайып келгенді туризмнен түсетін табыстың сыртқа кетіп жатқанын көрсетеді. Сондықтан қайткенде ішкі туризмнің қуатын арттыру қажет. Бұл жайлы мүдделі адамдар не дейді, енді соларға сөз берелік.
– Біздің өңірдің табиғи жағдайы экотуризмді дамытуға қолайлы. Экотуризм аса бір ерекшелікті талап етпейді әрі тұмса табиғатқа қызығушылық та басым. Біз қаржылық жағдайымызды саралай келе қалаға жақын, табиғаты тамаша Қарғалы ауданын таңдадық. Қарғалы өзенінің бойынан келушілерге демалуға ыңғайлы қонақ үйлер салуды дұрыс деп таптық. Өзен жағасынан ағаштан шағын қонақ үйлер салуды ойластырудамыз. Бұл жерде демалудың өз артықшылықтары бар. Тұрғындар мен қала қонақтары отбасыларымен немесе достарымен келіп қонақжайлардың біріне орналасады, еркін тынығады. Көршілес Өзбекстанда агротуризм жақсы дамыған. Бұл елде агротуризм пайда табудың қосымша көзі ғана емес, сонымен бірге қосымша жұмыс орнын қалыптастырудың тиімді жолы болып отыр. Біз осы мақсатта ауылдық жерлерге барып, тұрғындарды туристерді қабылдауға тарту жағын қарастырудамыз. Тұрғындар ешқандай өмір қалпын өзгертпей туристерді өз үйлерінде қабылдай алады. Әрине, тегін емес, ақылы, дейді «Зере тур» туристік агенттігінің директоры Ботагөз Қрамбаева. Ол сондай-ақ, жазда киіз үйлер тігіп, ішін ұлттық жиһаздармен жабдықтауды қолға алатынын айтты. Оның айтуынша, шетелдіктерді еуродизайн қызықтырмайды, оны олар күнде көріп жүр, олар ұлттық, этностильдегі қонақ үйлерде демалуға құмар. Біз бәріне ұлттық сипат бергіміз келеді, дейді Ботагөз Қрамбаева сөз арасында.
Өткен жылы еліміздің өзге өңірлерінен 600 адам, шетелден 60 адам осында тынығып қайтыпты. Бұл үлкен істің бастауы десе де болғандай.
Ботагөз Қрамбаеваның ойынша, облыста туризмді дамытудың мүмкіндіктері мол. Тек соны тиімді пайдалана білу керек. Сондай-ақ, туристік инфрақұрылымды дамыту үшін, сервистік қызметтердің сапалылығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін Үкіметтен қаржылай қолдау да қажет. Осы шаруамен айналысуға ниеттенгендерге кепілсіз, өсімсіз несие беру мәселесі шешілсе деген тілегін де жеткізді.
Ал, «Қос Шынар» Әлия-Мәншүк атындағы Ақтөбе қалалық қайырымдылық қоры қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербесов өткен жылы «Қобда – батырлар өлкесі» маршруты бойынша жұмыс жасағанын, 1 мыңға жуық оқушыларды Абат-Байтақ, Қобыланды батыр кесенелерімен, Әлия Молдағұлованың туған ауылымен таныстырудың сәті түскенін айта келіп, жол бойындағы тамақтандыру қызметінің жолға қойылмағанын сынға алды. Бұл бағытта, шүкір, жол түзелді, ендігі мәселе тынығатын және тамақтанатын орындардың тапшылығы болып отыр, дейді ол.
Өңірде туризмді дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан Сақтаған Бәйішев атындағы университет деу орынды болмақ. Мәселен, облыста ішкі туризм әлеуетін көтеру үшін ауыл туризмін дамыту мақсатында Ойыл ауданында туристік база ашуға келісімшарт жасалған. Алдағы уақытта осында турфирма ашу үшін арнайы бағдарлама да дайындалып жатқан көрінеді. Бұл өлкеміздегі ішкі туризм индустриясын жүзеге асыруға үлес қосудың бірден-бір үлгісі болып отыр.
Университетте бұдан бес жыл бұрын туризм мамандарын даярлайтын бөлім ашылып, былтыр 50 түлек бітіріп шықса, биыл да 50 түлек диплом алды. «Экономика және туризм» кафедрасының меңгерушісі Райгүл Серғалиеваның айтуынша, осы мамандық бойынша бітірген ауыл балалары жұмыс таба алмай жүрген көрінеді. Бірақ, университет іс-қимылсыз отырған жоқ. Студенттердің жұмыссыз қалмауына ықпал ету мақсатында облыс әкімдігімен және турфирмалармен келісімшарт жасасуда.
Ал, облыстық дене тәрбиесі, туризм және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Кенжебаевтың мәлімдеуінше, жоғары оқу орындарын бітірген түлектердің 80 пайызын жұмысқа орналастыруға қолдау көрсетілген. Бұл арада басқарма мен жоғары оқу орындарының арасында байланыс жоқтығы, әлсіздігі аңғарылады.
Облыс аумағынан ұзындығы 621 шақырым «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің өтуі де ішкі туризмнің дамуына серпін береді деп күтілуде. Облыс әкімінің өкімімен жол бойындағы кешендерді орналастыратын жерлерді анықтау және оларға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар құру, көлік дәлізі бойында жол бойы сервистік нысандар құрылыстарының жобаларын іріктеу және келісу жөніндегі жұмыс комиссиясы құрылып, бұл бағыттағы жұмысты бастап та кетті. Өткен жылы халықаралық трасса бойындағы сервис нысандарына кезекті мониторинг жүргізіліп, талапқа сай келмейтін бөлігі жойылды, белгілі бір бөлігі қайта жарақтандырылатын болды. Соның нәтижесінде Әйтеке би ауданында – 16, Ырғыз ауданында 7 жарамсыз нысан жойылды. Олар – жанар-жағармай стансалары мен шайханалар.
Жол бойында сервистік нысандар салуға тапсырыс берген кәсіпкерлерге жер телімдерін бөлу басталды. Ақтөбе қаласының солтүстік айналма жолы бойындағы «Грин Лэнд» демалыс базасының инженерлік инфрақұрылымын тартуға 2011 жылы 128,2 миллион теңге , өткен жылы 32,5 миллион теңге бөлінді. Қазір жол бойындағы сервистік кешендерді құрудың шаралары алынуда, сәулет-дизайн көркемделуіне сәйкес жол бойындағы инфрақұрылым нысандарының типтік жобалары жасалуда. Жол бойында инфрақұрылымды құру және дамытуды үш категория бойынша топтастыру жүргізілуде.
Осындай жобаны «Эбита» мемлекеттік заказнигі де жүзеге асыруда, Заказникте ашылған бірінші маршрутта туристер тарихи орындар – табын Бөкенбай ауылы, Үндемес ауылы жұртымен, «Қасиетті қақпа» атанған жермен, басқа да табиғаттың тамаша ескерткіштерімен таныса алады. Қазір Бөкенбай ауылын сол кездегідей қалпына келтіру үшін инвесторлар іздестірілуде
Біз қазақстандық және ресейлік инвесторлардың көмегімен бірінші маршруттың жобасын жасаудамыз. Тек облыстық әкімдіктің жер телімін бөлуге көмегі қажет. Сондай-ақ, екінші маршрутты анықтауға және оны ашуға рұқсат алу қажет, дейді «Эбита» жергілікті маңыздылықтағы мемлекеттік заказнигінің аға инспекторы Б.Құлтаев.
Біз атқарылған шару аларды жоққа шығарудан аулақпыз. Дегенмен, осы мәселемен айналысып жүргендердің мәлімдеуінше, облыста туризмді дамыту әлі де уақыт талабынан төмен. Біз әңгімелескен Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты география кафедрасының меңгерушісі, география ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Көбесова облыс аумағы туристік рекреациялық жағынан әлсіз игерілген деген пікір білдірді. Ол өңірде сыртқы туризмнің анағұрлым дамуы капиталдың сыртқа кетуіне ықпал етіп отырғанын да жасырмады. Туристік мүмкіндік әлсіз пайдаланылып отырғанын, туристік инфрақұрылым деңгейінің төмендігін де алға тартты.
– Өңірде туризмді дамыту үшін саланы басқарудың осы заманғы жүйесін құру және туризмді дамытудың басым бағыттарын және туризмнің материалдық базасын дамытудың бірлескен бағдарламаларын жүзеге асыруға мүдделі басқару органдарының, кәсіпорындар мен фирмалардың қызметтерін үйлестіру қажет. Автомобиль жолдары бойында туризм инфрақұрылымын құру және дамыту да күн тәртібіндегі мәселе. Байғанин, Қобда, Ырғыз, Ойыл аудандарында этномәдени орталықтар ұйымдастыру, өзен-көлдер жағасынан туристік аңшылық үйлер желісін дамыту қажет. Заказниктер мен табиғи ескерткіштер ауданында сервистік нысандар құру, қонақ үй желісін дамыту, тарихи және мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру және қорғау, туристік ақпараттық орталық құру да осы бастан қолға алынуы тиіс. Сонда ғана іс ілгері басады, дейді Гүлнәр Көбесова.
Сонымен, облыста туризмді дамытудың қазіргі жай-күйі осындай. Алдағы күндерге іргетас болатын іргелі істерді осы бастан қолға алу қажет. Тез арада табысты бола қоймайды деп кешеуілдетуге әсте де болмайды. Бұған облыстың экономикалық және туристік мүмкіндігі де жетеді. Туризмнің тұғыры берік болуы үшін жасалар шаруалардың бірсыпырасын ғана тілге тиек еттік. Ал, алда атқарылар істер бұдан да қомақты болары сөзсіз.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.