Қазақстан • 28 Ақпан, 2020

Туған тіл – татулық тірегі

354 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде Алматы облысының аумағын 105 этнос үлесі мекендейді екен. Аймақта ұсақ ұлттар мен ұлыстардың мәдениетін сақтауға, тарихын жаңғыртуға, дәстүрі мен тілін дамытуға барынша мүмкіндік жасалып отыр.

Туған тіл – татулық тірегі

Яғни, аймақта тұратын өзге өкілдер мемлекет саясаты мен қазақ халқына шексіз ризашылық сезімін білдіруі қалыпты жағдай. Кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1 наурызды Алғыс айту күні ретінде атап өтуді ұсынғанда, қоғам қуана қабылдағаны соның дәлелі. Қазір бұл идея атаулы мереке деңгейінен көтеріліп, жалпыұлттық құндылыққа айналып келеді. Әуелгіде құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының негізі миссиясы да осы болатын. Жалпы, бұл органның жұмысы биылдан бастап жанданып, тың бағытта дамитын болады. Жақында бұл міндетті Елбасы, Ассамблея төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев та сала жұмысына жауапты тұлғаларға жүктеді. Яғни, Ассамблея ендігі жерде ұлтаралық татулықтың сақталуына қатысты қоғамдық пікірді зерделеп, этностардың жекелеген жауапкершілігін арттыру бағытында жаңа ұстанымға көшуі тиіс. Бұл тарапта ең бірінші кезекте қазақ дәстүрі мен мәдениетін тану мен мемлекеттік тілге деген шынайы құрмет көрсету талабы қойылмақ.

Осы жерде этностар арасында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге қатысты ерекше көзқарас қалыптасуы күн тәртібіне шығатыны заңды. Демек, қазақ тілі –  Қазақстандағы ұлт пен ұлыстарды біріктіретін негізгі факторға айналады. Қазірдің өзінде бұған негіз бар. Оның дәлелін қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлт өкілдерінің жыл сайын көбейіп отырғанынан байқауға болады. Бұл үрдістің жастар арасында үздіксіз жүріп жатқаны тіпті қуантады. Яғни, мемлекеттік тілді жүрек қалауымен үйренген ұрпақтың  пікірі мен ұстанымына құрметпен қараудан бөлек, өзгелерге үлгі болуы үшін жиі айтып, жазып жүруге міндеттіміз. Ал мұндай көзқарастағы жастардың қатары Жетісуда көбейіп келеді екен. Мысалы, Іле ауданының Қараой ауылындағы мектептің мұғалімі, литва қызы Валентина Талюс – қазақы тәрбие алған, қазақтың тілін бала жасынан меңгерген жас буын өкілі. Валентинамен өткен жылы танысқанбыз. «Жетісу көктемі-2019» жас әдебиетішілер мен тілшілер форумына жиналған дарынды жастардың ішінде мемлекеттік тілде еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері де болды. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту туралы пікірталас кезінде жас ұстаздың айтқан ойы есімізде қалыпты. « Мен Валентина Ионасқызымын. Тегім – Талюс, өзім литва қызымын. Бірақ, мен өзімді Қазақ елінің патриоты деп санаймын. Сол үшін мемлекеттік тілді меңгердім және қазақтың тілін бала кезімнен құрметтеп келемін. Қазақшаны мәжбүрліктен үйренген жоқпын, отбасындағы тәрбиеден алдым. Мені атам мен әжем өсірді» деген еді ол жиындағы замандастарына.

Айтпақшы, Валентина Ресейде дүниеге келген екен. 1994 жылы Астрахан қаласында туған. Кейін Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Ганюшкин ауылында тұратын ата-әжесінің қолына келеді. Валентинаның қазақ тілі мен мәдениетіне деген ынтасы осы қазақ ауылында оянған.

- Атам Хасанбек және әжем Нинаның қолында өстім. Атам мені кішкентай кезімнен қазақша сөйлеуге үйретті, 5 жасымда тілім қазақша шықты десе де болады. Ауылда араласатын достарымның барлығы қазақ балалары еді. Олармен араласқан сайын қазақшаны меңгере түстім. Атам «Сенің қазақшаң бізден де озды...» деп күліп, қанаттандырып отыратын. Кейін әке-шешеммен бірге Алматыға көштік. Бұл жақта орта мектепті орысша оқуға тура келді. Мектептен кейін жоғарғы оқу орынында да орыс тілінде білім алдым. Бірақ, қазақ тілінде сөйлеуді ұмытпадым. Керісінше, студенттік ортада ауылдан келген қыздар орысша шүлдірлеп жүргенде мен олармен қазақ тілінде сөйлесетінмін. Әрі мемлекеттік тілге байланысты өтетін әртүрлі олимпиада, сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды алып жүрдім. Қазір мектепте педагог-психолог болып жұмыс істеймін. Қазақ тілін терең білу балалармен тіл табысуыма көмектеседі. Мені қазақ ұлтына, қазақ тіліне құрмет қарауды үйреткені үшін ата-әжеме шексіз ризамын, - дейді Валентина.

Бүгінде жас ұстаздың бұл ойын құптайтын өзге ұлт өкілдері көп екен. Жастардың бастамалары облыстық Тілдерді дамыту басқармасы жағынан да қолдау тауып отыр. Валентинаның қазақ халқы мен мемлекеттік тілге деген құрметі  Қазақстан халқы Ассамблеясының орталық аппараты тарапынан еленіп, жас ұстаз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен марапатталыпты. Алғыс хатты Талдықорғанға келген сапарында  Ассамблея төрағасының бірінші орынбасары Жансейіт Түймебаев ерекше ықыласпен тапсырған екен.

Ассамблея демекші, Алматы облысындағы барлық өзге ұлт өкілдерінің басын қосатын этно-мәдени орталықтарының тұрақты жұмыс істейтінін жоғарыда айтқанбыз. Олардың қызметі облыстық филиал жұмысы аясында жүргізіледі. Бүгінде Талдықорған қаласындағы «Достық» үйінде 26 этномәдени бірлестігі бар. Сондай-ақ, облыстың аудандарында 38 филиал ашылған, тағы 7 бөлімше Талдықорған, Қапшағай, Текелі қалаларында тұратын ұлыс өкілдерінің басын біріктіруде. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалында ғылыми-сараптамалық топ, этносаралық тақырып бойынша жетекші журналистер мен сарапшылардың клубы, этномәдени орталықтар, «Ұлағат» ақсақалдар кеңесі, «Аналар кеңесі», «Облыстық Қоғамдық келісім кеңесі, «Бірлік» жастар қауымдастығы, республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өңірлік штабы сияқты қоғамдық ұйымдар ұлтаралық татулықты сақтау мен дамыту бағытында жұмыс жүргізіп отыр екен.

Бұдан бөлек І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде ҚХА кафедрасы бар. Ассамблея шаңырағының астында «Парасат» тіл жанашырлар клубы, белсенді ұзақ өмір сұру орталығы, «Өрнек» би ансамблі, «Полония» вокалды тобы, «Вайнах» шешен-ингуш ән-би ансамблі жұмыс істейді. Өткен жылы осы этномәдени бірлестіктер қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, этносаралық мәдениетті дамыту бойынша жүзден астам маңызды іс-шара өткізген. Ол шараларға облыс бойынша барлығы 3352 адам қатысқані. Негізгі жұмыс ұлтаралық сипаттағы жанжалдың алдын алуға бағытталып отыр екен. Осы бағытта «Достық» үйінде 25 кәсіби медиатор мен 283 ынталы тұлға тіркелген, жастармен жұмыс істеуге көшкен. Ал «Достық» үйінде және аймақтағы 17 аудан мен 3 қалада ашылған 21 медиация кабинеті этнос өкілдері арасындағы дау-дамай, жанжал барысын зерделеп, бейбіт бітім жасауға күш салып келеді.

 

Алматы облысы