...«Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны» демей ме» дейді. Көз алдыңызға не елестеді? Ғасыр алмасса да етекбасты ескіліктен арыла алмаған қазіргі қоғамның суреті ғой мынау! Абайдың тағылымы біздің адами болмысымыздың, таным-түсінігіміздің «диагнозы» іспетті дейтініміз де осыдан ғой.
Жыл басында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласы жарық көрді. Мемлекет басшысы ұлы ойшылдың 175 жылдығын даңғаза-думанға айналдырмай, керісінше, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымызға бағыттауымыз қажеттігін атап өтті. Президент өз сөзінде «Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Абай мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн. Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты. Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады.
Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі» деді. Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» еңбегі Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен үндес, мұраттас.
Шындығында, қазақтың кейбір керітартпа мінезіне күйінген де, сөйте тұра, өзі жерінген жұртты бар жан-тәнімен сүйген де – Абай. Тоғызыншы қара сөзінде «Осы мен өзім - қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Уә әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ. Егер жек көрсем, сөйлеспесем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, «не қылды, не болды?» демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді. Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ. Бұлардың бірі де жоқ. Бұл қалай? Бұл айтқанның бірін тұтпай болмас еді» дейді. Бұл Абайдың аузымен айтылған ұлттың ең бір өзекті мәселесі дер едік.
Бұрынғы қоғам мен қазіргі дәуірдегі адалдық пен арамдықтың аражігін ажыратып беріп тұрған Абай мұрасы қай дәуір үшін де құндылығын жоймақ емес. Хакім әлемі осындай терең түсінікке, рухани кемелденуге шақыруымен маңызды.
Оның «Ненiң қызығын көп iздесең, соның азабын бiр тартарсың» дейтіні бар. Бүгінгі заманның «бүлкілі» де Абай меңзеген ақиқаттан алыстаған жоқ. Еңбегін пұлдап дәніккендер түптің түбінде соның зардабын тартары даусыз. «Бармақ басты, көз қысты» әрекеттпен ешкімнің де алысқа бармайтыны белгілі. Оны ақын былайша сипаттайды:
«...Биік мансап – биік жартас,
Ерінбей еңбектеніп жылан да шығады,
Екпіндеп ұшып қыран да шығады...».
Сыбайластық дейтін кеселден, қисық-қыңыр қасиеттерден біздің қоғам әлі де ада-күде арыла қойған жоқ. Абай биік мансапқа адалдықпен жетуге үндейді. Табысқа жеткен соң құр мақтаннан алыс болуға, ел үшін тірлік қылуды айтады. «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың».
Ақынның «толық адам» тұжырымдамасы бүгінгі қоғам үшін де өзекті. Бұл идея әлі де құнды, әлі де зерттеуді талап ететіні анық.
Абай – өзі өмір сүрген және алдағы сан ғасырларды санасына сыйғызған, болашақты болжаған, адам болмысын тұңғиық тереңнен тербеген, рухани даму жолдарын көрсеткен ұлттың ұстазы.
Ұлы Абайдың әдеби мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Біз данышпан Абай көксеген қоғамды қалыптастырсақ, адаспайтынымыз ақиқат.
Ардақ ЕРСЕЙІТОВ,
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысы