16 Тамыз, 2013

«Қазақстан» телеарнасы көрерменнің көңілінен шығып отыр

458 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Телевизор-1

2011 жылдың 1 қыркүйегі мен 2013 жылдың тамыз айы аралығында толық қазақ тілінде хабар таратуға көшкен «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы 100 мыңнан жоғары тұрғындары бар елді мекендер арасында 55% орташа тәуліктік үлес көрсеткішімен рейтінгісі 47% пайызға өсті. Бұл туралы ТНС Гэллап Медиа Азия (TNS Gallup Media Asia) зерттеу компаниясы хабарлады.

Бұл - «Қазақстан» телеарнасы тарихындағы бұрын-соңды болмаған үлкен жетістік.

2013 жылдың қаңтар-ақпан айларында «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы 100 мыңнан төмен тұрғындары бар елді мекендер, яғни шағын қалалар, аудандар мен ауыл тұрғындары арасында 23,2% орташа тәуліктік үлес көрсеткішімен бірінші орынға шыққаны белгілі. Осылайша 6+ бағамы бойынша, (6 жастан жоғары қазақ және орыс тілді көрермендер арасында) Ұлттық арна қазақ тілді аудиторияда ғана емес, барлық телевизиялық аудитория бойынша да отандық өзге телеарналардың алдына шығып, көш бастағанын хабарлаған едік.  

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша, «Қазақстан» Ұлттық арнасы 2011 жылдың қыркүйегінен 100% қазақ тілінде хабар тарата бастады. Ұлттық арнаның рейтинг жинап, үлкен сұранысқа ие болуы кездейсоқтық емес екенін ТНС Гэллап Медиа Азия (TNS Gallup Media Asia) зерттеу компаниясының бүгінгі мәліметтері дәлелдеп отыр. «Қазақстан» Ұлттық арнасы халықтың сұранысын қанағаттандырып, көрерменнің көкейіндегісін таба білуде көш бастап келді.

100% мемлекеттік тілде хабар тарататын «Қазақстан» телеарнасының өзге ұлттар арасында да үлкен сұранысқа ие болуы қазақ тілінің мәртебесі күн сайын артып келе жатқанын дәлелдейді.

Дастан Кенжалин.