«Партия дамуының үшінші онжылдығының басы жаңа реалиялар мен уақыттың сын-қатерін ескере отырып, партияны жаңартумен ерекшеленді. Елбасы атап өткендей, Nur Otan жетекші саяси күш ретінде қоғамды жұмылдыруы тиіс. Индустриялық, инфрақұрылымдық бағдарламалар, ауыл шаруашылығы, медицина, халықты ағарту жұмыстары - партияның басым бағыттары болып табылады. Елордамыз өсіп келеді. Осыған орай тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр.
Қаламыздың жетістіктері партия мүшелерінің күнделікті атқарып жатқан жұмысымен тығыз байланысты. Олар халықпен кері байланысты нығайтып, тұрғындар көтерген мәселелерді шешуге етене араласып отыр. Партия мүшелері Мемлекет Басшысы – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын жүзеге асыру жолында еңбектеніп жатыр» деді Nur Otan партиясы қалалық филиалының төрағасы Алтай Көлгінов.
Елорда әкімі Алтай Көлгінов тұрғындар партияның нақты мәселелерді шешуде қалай жұмыс жасап жатқандығын көруі тиіс екенін атап өтті. Атқарылып жатқан жұмыстар пәтер иелері кооперативтерінің мәселелерін шешуге, абаттандыруға, әлеуметтік нысандар салуға, инфрақұрылым сияқты нақты бағыттарды ілгерілетуге бағытталуы тиіс.
Кездесуде «Орталық теміржол ауруханасының» ЖШС директорының мейірбике ісі жөніндегі орынбасары Раушан Абдрахманова осы уақытқа дейін орталық теміржол ауруханасының ескі ғимаратында жұмыс жасағанын айтты. Бұл ауруханада 60 жыл ішінде бірде-бір күрделі жөндеу жұмыстары жасалмаған.
«Блоктарда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа корпусқа көштік. Дәрігерлер мен пациенттер риза. Енді палаталардың жағдайына ешкім шағымданбайды, аудан тұрғындары да қуанып жатыр» деді ол.
Партияның қалалық филиалы жүйелі негізде қоғамдық қорлармен, медициналық және білім беру мекемелерімен, ұлттық орталықтармен бірлесе жұмыс жасайды. 300 млн.теңгеден астам қаражатқа әлеуметтік көмек көрсету бойынша 70 іс-шара өткізілді. Өткен жылы шамамен 8 мың адам филиалдың қоғамдық қабылдауына жүгінді. Бұл ретте 60% - дан астам сұрақтар шешімін тапты. Қалғандары жұмысқа алынды. Мемлекет басшысының «Құтты мекен», «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы» атты ұлттық жобалары жүзеге асырылып жатыр.