16 Тамыз, 2013

«Хазардан – қазаққа дейін» жобасының түсіру жұмыстары басталды

299 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Хазария

«Қазақстан» РТРК» АҚ облыстық филиалы ұсынысымен Атырау облыс әкімдігінің қолдауымен ұлт тарихының облыс аумағындағы құндылықтарын жұртшылыққа тереңірек жеткізу мақсатында «Хазардан – қазаққа дейін» атты жаңа жобаны түсіру жұмыстары басталды.

Ұлт тарихы – ұлт мүддесі. Ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин: «Біз уақыттың тарих ғылымының алдына мүлдем жаңа талаптар қойып отырғанын айқын көріп, ұғынуға тиістіміз. Сондықтан қазақ этносының археологиясын, антропологиясын, этнографиясын, фольклорын, мәдениеті мен дәстүрлерін зерттеуге күш сала отырып, қазақтардың номадтық өркениетін зерттеу саласында ғылыми және ғылыми-қолданбалы зерттеулер бағдарламасын дайындауға тиіспіз» деп, ел тарихын жандандыру мақсатында бірнеше ұсыныстар жасады. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, «Халық – тарих толқынында» айдарымен тарихи зерттеулер ұйымдастыру керек екенін де атап көрсетті.

Атырау өңірі де тарихқа бай, ұлттық құндылықтарға толы аймақ. Ендеше, «Хазардан қазаққа дейін...» атты тарихи-мәдени экспедициясы Атырау облысы аумағында өмір сүрген көшпенді қазақ халқының тарихи-мәдени мұраларын жаңғыртуға бағытталмақ. Негізінен, Батыс Қазақстан аймағын басып өткен сауда жолы туралы алғашқы деректер VI-VIII ғасырларда белгілі бола бастады. Ұлы Жібек жолының бір тармағы – Шаш-Үргеніш-Үстірт-Сарайшық-Батыс тармағы ХІІІ-ХІV ғасырда жандана түсті. Сауда жолындағы Сарайшық қаласының маңызы зор болды.

Сарайшық пен Үргеніш арасында екі сауда тармағы қалыптасты. Біріншісі – Сарайшық-Тасқұдық-Таскешу керуен сарайы (Таскешу көпірі)-Қайнар бұлағы-Бақашы әулие-Ұшқан қаласы-Маңсуалмас (Қосқұдық) тармағы арқылы жүрген. Екінші тармақ – Қосқұдықтан оңтүстік-батысқа қарай бұрылып, Көптам-Сам-Чурук-Білеулі арқылы жүрген. Бұл келтірілген деректер, Атырау облысы өңірінде жүріп өткен Ұлы Жібек жолының да өзіндік тарихы болғандығын айғақтайды.

Жобаның мақсаты – қанша ғасыр өтсе де, маңыздылығын жоймайтын тарихтың куәсі - Ұлы Жібек жолын негізге ала отырып, Атырау облысы өңіріндегі тарихи-мәдени мұраларға саяхат жасау. Атырау облыстық тарихи - мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекцияның мәліметтеріне сүйенсек, 2010 жылы облыс бойынша 313 тарихи-мәдени ескерткіш, 525 нысан тіркелген.

Экспедициялық топ құрамында археолог, тарихшы, өлкетанушылар бар.

Облыс тарихында бұрын-соңды болмаған жоба – 10 бөлімнен тұратын деректі фильмде тарихи-деректі және көркемдік құндылығы жағынан толыққанды дүние топтастырылатын болады.

Жоба жетекшісі – Шыңғыс Мұқан, Атырау облысы әкімінің орынбасары. Фильмнің директоры – Асқар Әшімов, «Қазақстан» РТРК» АҚ Атырау филиалының директоры, қоюшы режиссер. Идея авторы – Назарбек Қосшиев, «Қазақстан» РТРК» АҚ Атырау филиалы директорының орынбасары-бас редактор. Сценарийдің авторы әрі редакторы – Елнұр Есмұратова, «Қазақстан» РТРК» АҚ Атырау филиалының редакторы.

Туған өлкеміздің бай тарихын баға жетпес бейнеқатарлар, өлкетанушы, археолог, тарихшылардың деректері арқылы жұртшылыққа жеткізу – фильмнің басты мақсаты.

Дастан Кенжалин.