Экономика • 28 Ақпан, 2020

Лондонда еліміздің жаңа инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

140 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Қазақстандағы тау-кен ісі: роуд-шоу 2020» шарасы аясында 2020 жылғы 27 ақпанда Лондонда әлеуетті инвесторларға еліміздің тау-кен саласының инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Лондонда еліміздің жаңа инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

Іс-шара Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы елшілігінің қолдауымен Британияның «British Expertise International» танымал сауда ұйымы алаңында ұйымдастырылып, еліміздің перспективалық инвестициялық жобалары бойынша британдық компаниялармен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға арналды.

Іс-шарада әлеуетті инвесторларға Қазақстанның жер қойнауын пайдалану саласындағы соңғы үрдістер, заңнамалық реформа және инвестициялық мүмкіндіктер жөнінде мәліметтер ұсынылды. Жиналғандарға Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Руслан Баймишев, «Тау-Кен Самұрық «ҰК» АҚ төрағасы Қанат Құдайберген және Қазақстан бизнес-қауымдастығы өкілдері сөз сөйледі. Баяндамашылар қазақстандық нарықтың келешегі, инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер, тау-кен саласындағы өзгерістер мен инновациялар, сондай-ақ Қазақстанның геологиялық барлауда инновациялық технологияларды енгізу жетістіктері туралы айтып берді.

Руслан Баймишев министрліктің тау-кен саласының инвестициялық ахуалын жақсартуға бағытталған негізгі бастамалары, сондай-ақ, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекстің негізгі жаңалықтары туралы баяндап берді.  

2018 жылы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Кодексі күшіне енді. Бірінші өтінім қағидаты, CRIRSCO қорларын есептеудің халықаралық жүйесі енгізілді. Геологиялық ақпаратқа ашық қол жеткізу қамтамасыз етілді. Мемлекеттік реттеудің айқын және ашық тетіктері қабылданды. Қазақстан жер қойнауын пайдаланудың инвестициялық тартымдылығы бойынша жүргізілген жұмыс нәтижелері бойынша Фрейзер институтының рейтингісінде 73-орыннан 24-орынға (49 позицияға) көтерілді. Дүниежүзілік Банктің Doing Business рейтингісінде Қазақстан әлемнің 190 елінің арасында 25-орында. Секторда Rio Tinto, Glencore, Illuka, Polymetal және т.б. сияқты әлемдік брендтер табысты жұмыс істеуде» деді Руслан Баймишев.

Ұлыбритания халықаралық сауда министрлігінің өкілі Роланд ханым: «Менің ойымша, Қазақстан халықаралық инвесторлар үшін барынша тартымды елге айналуда. Тау-кен секторындағы жаңа кодекс, таяу арада қабылданады деп отырған жаңа экологиялық кодекс, CRIRSCO стандарттары мен өндіруші салалардың ашықтығы бастамасының қолданылуы Қазақстанды бизнес жүргізу үшін тартымды мемлекет етеді».

Британдық компаниялар Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды оң қабылдап, геологиялық және тау-кен саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге мүдделілік танытып, саладағы қазақстандық әлеуетті толық жүзеге асыруға қатысуға дайын екендерін жеткізді.

 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше