16 Тамыз, 2013

Өскеменде банк қызметкері салымшының 44 мың долларын ұрлаған

255 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Банкомат-1

Өскемен қаласы тұрғынының депозиттік есепшотынан алаяқтар 44 мың АҚШ долларын сыпырып алған. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сілтеме жасаған Аltaynews.kz хабарлады.

Оқиға былай болған. Шілде айының соңында өскемендік С. Еленадан полицияға депозиттік есепшотынан қомақты қаражатын шешіп алған белгісіз тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғау жайында өтініш түседі. Келіншек жаздың басында пәтерін сатып, одан түскен ақшаны депозитке салып қоюды ұйғарған екен. Банктің қызметкерлері оған салымшы болуға көмектеседі. Зардап шегуші банктегі депозитін бірнеше рет толтырыпты.

«Банкке тағы бір келгенінде келіншек банк қызметкерлерінен өзінің қаражаты туралы чек басып берулерін өтінеді. Алайда, бағдарлама әйелдің есепшотында қаражат жоқ екенін көрсеткен. Басында менеджерлер оны жұбатып, бағдарламаның кейде жұмыс істемей қалатынын айтқан. Бірақ олар қанша тексергендерімен, есепшотта ақша болмай шығады. Әйел содан кейін полицияға шағымданды», - делінген хабарламада.

Полиция зардап шегушінің сөздеріне орай қылмысты жасаушыларды да тез тауып алады.

Кейін белгілі болғандай, Еленаның есепшотынан қаражатты 23 және 22 жастағы жігіт пен қыз алып алған. Қазір екеуі де ұсталды.

«Қолға түскен С. - банктің қызметкері. Ол бағдарламаларға еркін кіретіндіктен, карта есепшотын дайындап алады. Сол арқылы депозиттен ақша алып отырған. Қазір күдіктілер ұсталып, уақытша қамауға алынды. Тергеу амалдары жүріп жатыр», - деді баспасөз қызметіндегілер.

Құрыш Нұрымбет.