16 Тамыз, 2013

Ақсай ісінде 13-ші адамның өлігі табылды

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аксай-Игорь и Панайот Захаропуло

Алматы облысындағы Ақсай шатқалында жаппай кісі өлтірушілік орын алған оқиғадан кейін арада тура бір жыл уақыт өткенде, ондағы құрбандардың саны 13 болғаны анықталды. Сол кезде хабар-ошарсыз кетті деп есептелген Игорь Захаропуло да қаза тапқан болып шықты. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.

Игорь – сол қырғында өлтірілген егерь Панайот Захаропулоның баласы. Аталмыш егерьдің келесі баласы Александр осы жайында телеарна журналистеріне айтып берді. Оның өзі де мұны жақында білген сияқты.

«Бізге бұл туралы ешкім айтқан жоқ. Сот болғанда да шақырылған жоқпыз. Сонда ол өлі деп есептеліпті. Мұны біз енді естіп отырмыз. Бұлары ешбір адамгершілікке жатапйды», - деді ол.

Шын мәнінде Игорь Захаропулоның не өлідей, не тірідей денесін тапқан әлі ешкім жоқ.

Еске сала кетейік, ақсай шатқалындағы оқиға 2012 жылғы 12 тамыз күні орын алды. Қылмыскерлер 12 адамды, соның ішінде браконьерлермен аяусыз күресіп жүрген белгілі егерь Панайот Захаропулоны, оның әйелі мен достарын малша бауыздап өлтірген. Сол кезде егерьдің баласы Игорь із-түзсіз жоғалып кеткен. Оның тағдыры қазірге дейін белгісіз. Оқиға болған жерге жақын жерде оның қирап қалған көлігі табылған.

2013 жылғы маусым айында Қырғызстанда осы оқиғаға күдіктінің бірі – радикалды діни ағымның мүшесі Саян Қайыров ұсталды. Кейінірек ол Қазақстан жағына тапсырылды. Келесі күдікті Заурбек Ботабаев қазір іздестірілу үстінде.

Сұлтан Бозайғыр.