Аймақтар • 29 Ақпан, 2020

Әулиеатада Алғыс айту күні аталып өтті

399 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздегі Алғыс айту күніне орай Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Ынтымағы жарасқан, туған өлкем – Қазақстан» атты мерекелік шара өтті. Айтулы шараға 5000 адам қамтылды.

Әулиеатада Алғыс айту күні аталып өтті

Мерекелік шара барысында ұлттық киім киген этномәдени бірлестік төрағалары мен ардагерлері жергілікті жұртшылықпен амандасып, достық рәуіштерін білдірді. Сонымен қатар, келушілерге 12 түрлі ұлттық тағамнан әзірленген Алғыс дастарханы жайылды. Көне шаһар тұрғындары мерекелік дастарханнан дәм татса, түрік, орыс, күрді, әзірбайжан, дүнген ұлтының өкілдері қазақ халқына алғыстарын жеткізді. Көпшілік бір-бірімен құшақтасып, қол алысып, өздерінің ақ ниетін танытты.

 Салтанатты шараны Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сөз сөйлеп ашып, өңір тұрғындарын мерекелерімен құттықтады. «Алғыс айту күні – тарихтың түрлі кезеңдерінде қазақ халқының бауырмалдығына бөленген түрлі этнос өкілдерінің киелі қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген терең тағзымының ашық белгісі. Расында, өткен тарихта тағдыр тауқыметімен Ұлы Дала төсіне әр жылдарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18 мыңнан астам Қиыр Шығыстағы корей отбасылары қоныс аударды. Бүгінде біздің қасиетті Жамбыл жерінде 87 этнос, 21 этномәдени бірлестік өкілдері Ассамблея құрамында бірлік пен татулықта өмір сүруде. Облысымызда күрді, түрік, дүнген және өзге де ұлттар тығыз шоғырланған 5 аудан бар. Көпұлттылық біздің басымдығымыз, бірлік – сарқылмас байлығымыз», деді әкім. Сонымен қатар, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов өзінің лебізін жеткізді. «Біз қазақ деген құшағымыз кең, ақкөңіл, адал, аңғал халықпыз. Біздің бауырымызға қаншама халықтар, ұлттар, сыйып кетіп жатыр. Біздің ең керемет қасиеттеріміздің бірі бұл», деді ол. Сондай-ақ, «Полонез» поляк этномәдени бірлестігінің жетекшісі Лариса Калькова, «Барбанг» күрділер ассоциациясы облыстық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Сабри Асанов барша ұлт пен ұлыстардың атынан қазақ халқына алғысын білдірді.

 Мерекелік шара барысында түрлі этностардың қазақ жеріне қоныстануы турасында театрландырылған қойылым қойылып, соңы өнер жұлдыздарының концертіне ұласты. Сондай-ақ, Қордай ауданындағы Масанчи ауылында 2000 адамды қамтитын «Бірлігі жарасқан, туған жерім – Қордайым» атты Алғыс айту фестивалі өтті. Мерекелік шараға жиналған көпшілік аудан орталығы Қордай ауылындағы Ноғайбай би ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар, Алғыс дастарханы жайылып, Қордай, Қаракемер, Қарасу ауылдарынан келген тұрғындар дастарханнан дәм татты. Алғыс айту күніне орай өңірде бастау алған шаралар Наурыз айындағы мерекелерде жалғасатын болады.

 

Жамбыл облысы