16 Тамыз, 2013

Шымкентте жүргізушіге жала жапқан полицей 4 жылға сотталды

228 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Дорожная полиция-6

Шымкентте жүргізушіге жала жапқан жол полициясының қызметкері 4 жылға сотталды. Бұл туралы otyrar.kz хабарлады.

Іс Әл-Фараби аудандық сотында қаралды. Тәртіп сақшысының абыройына дақ түсіретін осы келеңсіздік Елбасының құқық қорғаушылармен болған кездесуінде де айтылған. Сол кезде Президент «полицейлер қолдарына қызыл куәлік түскеннен кейін өзін патша ретінде сезінеді» деп сынаған еді. Тіпті, шымкенттік пәлеқор жол полицейінің өзіне-өзі ұйымдастырған шабуылы да сөз болды.

Оқиға жол полицейлерінің кезекті рейді кезінде орын алған. Тәртіп сақшысы мен жүргізуші арасында дау туындайды. Жол сақшысы көлік жүргізушісінің тәртіпке бағынбағанымен қоймай, погонымды жұлып алды деп жарияға жар салған болатын.

Бірақ бұл арзанқол қойылым болып шықты. Айтылғанның бәрі полиция қызметкерінің қарапайым тұрғынға жапқан жаласы екені дәлелін тапты. Шын мәнінде оқиғаның қалай өрбігені сол маңдағы ақша айырбастау орнындағы сыртқы бейне-бақылау камерасына жазылып қалған. Осыған орай айыптаушы тарап та өз талабын білдірді.

Осылайша жүргізуші емес, полицейдің үстінен іс қозғалды. Жүргізушінің кінәсіздігін прокуратура қызметкері ресми түрде жариялады. Осы дау туындаған кезде полицейдің қасында тағы бір әріптесі болған. Ол әлі күнге дейін іздестірілуде. Ал Мамедов қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша айыпты деп танылды.

Осылайша, қарапайым халықтың қорғаушысы емес, қорлаушысындай болған Мамедов темір торға 4 жылға қамалатын болды. Үкім оқылған күннен бастап 15 тәулік өткеннен кейін заңды күшіне енеді.

Құрыш Нұрымбет.