16 Тамыз, 2013

Мешіт жанында дәрет сындырған прокуратура қызметкері жұмысынан қуылды

333 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кокшетау-мечеть

Ақмола облысы прокуратурасының қызметкері А.Әкімов мас күйінде қалалық мешіттің ауласында дәрет сындырғаны үшін қызметтік тексеріс қорытындысынан кейін жұмысынан қуылды. Бұл туралы BNews.kz тілшісіне облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

«Прокуратура қызметкері А.Әкімовтің қызметтік этиканы бұзу оқиғасы бойынша Ақмола облысының прокуратурасы қызметтік тексеру жұмыстарын жүргізген болатын. Оған А.Әкімовтің Көкшетау қаласында 2013 жылы 19 шілдеде сағат 00:10 шамасында мас күйінде Д.Мұхаметжановтың көлігін соғуы себеп болған», - деп хабарлады баспасөз қызметінен.

Тәртіп комиссиясының шешімімен Қазақстан Прокуратурасы органдары мен мекемелерінің Ар-намыс кодексін бұзғаны үшін және прокуратура органдары қызметкерінің беделін түсіргені үшін А.Әкімовті қызметінен босату және тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылды.

«Облыс прокурорының бұйрығымен прокуратура органдарының атына кір келтіретін әрекет жасағаны үшін кіші әділет кеңесшісі А.Әкімов қызметінен босатылып, Ақмола облысы прокуратура органарынан қуылды», - деп нақтылады прокуратурадан.

Естеріңізге сала кетейік, облыстық прокуратура қызметкері «тарауық-намаз» кезінде мешітке мас күйінде келіп, дәл мешіттің ауласында дәрет сындырған. Содан кейін көлігіне мініп кетпек болған ол қасында жолын бөгеп тұрған автокөлікті соғады. Бұл шулы оқиға мешіттің сыртында орнатылған бейнекамераға жазылып қалған екен.

Құрыш Нұрымбет.