Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында мән-маңызы қай кезде де құнын жоғалтпайтын мынадай сөздер бар: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай... Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды».
Ұлттық код деген не? Меніңше, бұл – халықтың жады. Жақсы мен жаманды таразы басына тартатын, ұлт үшін еңбек еткендерді ескеретін, ел үшін ерлікке барғандарды өмірбақи ескірмейтін ЗЕРДЕ кітабына жазып қоятын да сол жады. Осы тұрғыдан алсақ, ұлттық сана аясында «сүрлеп қоюға» болмайтын дүниелер баршылық. Қазақтың ұлттық дүниетанымы төл табиғатпен етене байланысты.
Қазақша-арабша ай атаулары мынандай: Наурыз – Хамал; Көкек – Сәуір; Мамыр – Зауза; Маусым – Саратан; Шілде – Әсет; Тамыз – Сүмбіле; Қыркүйек – Мизам; Қазан – Ақырап; Қараша – Қауыс; Желтоқсан – Жәди; Қаңтар –Дәлу; Ақпан – Құт.
Қазіргі қолданыстағы ай аттарын замандастарымыз шатастырмайтыны анық. Алайда көнекөз қарияларымыз осы он екі айды ескіше жіліктеп отыратын еді. Енді соның бәрі ұмыт болып барады.
Өзгеріс үшін өзгеру де керек. Заман ағымына икемделу – көптің ісі. Жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіру өздігінен бола салмайды. Бұрын Ұлыстың ұлы күні қыстан аман шыққан көшпелі елдің ат шаптырып, аударыспақ ойнап, жамбы атып, балуан күрестіріп, ұлан-асыр той жасап қарсы алатын тойы еді. Ел тәуелсіздігімен бірге Наурызды тойлаудың да өзіндік дәстүрі қалыптасты.
Жаңару, ынтымақтастық пен жылулықтың мерекесі атанған Наурызды еліміздің батыс аймағы Амал – Көрісу күні ретінде атап өтеді. Көктеммен бірге көңілдің сызын кетіру деген де бір ғажап құбылыс. Ренжіскен ағайын табысып, барлық жамандық атаулы ұмытылатын, ел-жұрт болып жақсылыққа қарай мерейлене бет бұратын бұл күннің шапағаты мол. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде бір-біріне сәлем берген екі адамға да сауап жазылатыны, соның ішінде, бірінші сәлем берген адамға көбірек сауап тиетіні айтылады. Инабат пен ізгілікке толы Көрісу күні ағайын арасындағы ескі өкпе-реніш кешіріліп, татуласып-табысады, араздық ұмытылады. Ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-құрбы сыйлы адамдарына шапан мен шекпен, көйлек-көншек, сырға, сақина дегендерді сыйға тартады. Жастар ақсақалдардың ақ батасын алуға асығады.
Бата дегеннен шығады: батада – береке бар. Кезінде Шәкір Әбенов ақсақал Елбасына бата берген болатын. Ел аралаған сапарында әр өңірдің батагөй ақсақалы Мемлекет басшысына оң болсын айтып, ақ тілеуге толы бата беретін. Осыны мемлекеттік деңгейдегі үрдіске айналдырған абзал. Осы арқылы «біз елдің үлкені, елдің игі жақсысы» деген кәделі жолды сақтап қаламыз, жастар ел ағаларының айтқанына құлақ асатын болады.
Амал күні ешкім ешкімге ренжімей, жайдары жүреді. Көріскен ағайын бір-бірінің отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді. Қарызы бар кісі осы күнге дейін борышынан құтылуға асығады.
Қазақстанның батыс облыстарындағы жұрт бұл мерекені «Көрісу» немесе «Амал» мерекесі деп атайды. Маңғыстаулықтар Амал мерекесін Отпан тауында тойлайды. Негізгі шара «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде өтеді. Маңғыстаудың биік шоқысы Балтық теңізі деңгейінен 532 метр биіктікте орналасқан. Таудың басында Адай батырға арналған 37 метрлік ескерткіш орнатылғанын білеміз. Көкке мойнын созған екі стеллада Адай атаның екі ұлы Құдайбеке мен Келімберді бейнелері бедерленген. Көк бөріні кие санаған елдің ежелгі аңызы бойынша, қасқыр – бүкіл түркі халқы үшін күш пен рух еркіндігінің символдық бейнесі. Бір кезде Отпан тауы жау шапқанда елге белгі беретін бекініс болған, яғни оның басында жанған от елге төнген қатер жайын ескертетін. Бүгінгі бейбіт заманда Отпан таудың басында Амал мерекесін тойлау кезінде ғана от тұтатылады...
Таң атысымен «Көрісу» мерекесін асыға күткен әрбір отбасы дастарқанын қазақтың құрт, бауырсақ, ақ ірімшік, қызыл ірімшік, сары май, уыз сынды дәстүрлі тағамдарымен толтырып, наурыз көжесін дайындап, табалдырықтан аттаған әр кісіні жылы жүзбен қарсы алады. Көрісуге келген жандарға ерекше ілтипат көрсетіп, төрге шығарады, ақадал ас ұсынады.
Дәл осы күні әр адам өзінен жасы үлкен кісілердің шаңырағына кіріп, амандасып, көріседі. Барған үйіне «Бір жасыңызбен!» деп еніп, жаңа жылға аман-есен аяқ басқан жора-жолдас, туған-туысқандарын құттықтайды. Бір-біріне деген өкпе-реніштері болса, кешіріседі, амандық-саулық тілеседі. Сондай-ақ әр отбасы өз көршілерімен көріседі. Бұл күні әр адам міндетті түрде үш үйдің есігін ашуы керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі тиіс. Бір ерекшелігі – «Көрісу» бір күнмен шектелетін мереке емес, ол наурыздың 14-інен басталып, айдың соңына дейін жалғаса береді.
Айдың он төрті неге таңдалды екен? Біз «жыл» деп Жердің Күнді айналуын, «ай» деп Айдың Жерді айналуын, тәулік деп Жердің өз осін айналуын айтамыз. Жердің Күнді айналуы – 365 тәулік 5 сағат 54 минут болса, Айдың Жерді айналуы – 29 тәулік 11 сағат 49 минут, ал Жердің өз осін айналуы – 23 сағат 56 минут 4 секунд. Бұл цифрлардың астарында біз ойлағандай жылдың дәл 365 күн, айдың дәл 30 күн, тәуліктің дәл 24 сағаттан тұрмайтындығын ұғынуға болады.
«Наурыз» неге «Амал» мерекесі деп аталған? Бұрынғы қариялар 22 наурызды «қызылбастың наурызы» дейді екен (Қызылбас – Иран, бұрынғы Парсы елінің қазіргі атауы). Қазақ халқы наурыз демей – амал деген. Қазіргі күні 14 наурызда еліміздің батыс өңірі ғана ұлыс күнін кеңінен атап өтеді. Еліміздің өзге өңірінде бұл дәстүр ұмытылған. Әйтпесе, күллі қазақ күні кешеге дейін амал мерекесінде көрісу салтын жасап келген деген дерек бар.
Шығыс елдерінің шәмси күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал – амал айының 1 жұлдызы болып есептеледі. «Хамал» – Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. Сондықтан біздің қазақ бұл күнді «наурыз» демей «амал» деген.
Бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді. «Көрісудің» екінші атауы «Амал» болуының сыры осында жатса керек. Ал «Көрісу» деп аталып кетуі осы «Амал» мерекесінде жасалатын басты салт – көптен көрмеген бір-біріне жақын адамдардың кездесіп, көрісуі, өкпе-ренішке байланысты бет көріспей жүрген кісілердің кешірісіп, жүздесуінен туған салт.
Маңғыстау, Атырау облыстарында тегіс, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының кей бөлігінде аталып өтілетін бұл мерекені көршілес Ресейдің Астрахань, Саратов, Орынбор өлкесіндегі қазақтар да, Қарақалпақстанның қазақтар көп қоныстанған өңірлері де тойлайды. Бұл күнді оңтүстік өңірлерде «Самарқанның көк тасы еріген күн» дейді. Шығыста және Орталық Қазақстанда мұны Отамалы дейді, Жетісуда Көкек дейді. Жалпы, қалың қазаққа ең көп тараған атауы – Отамалы.
Ай мен Үркердiң қиылысып өтуiн көшпелi қазақ жұрты ежелден бері «тоғыс» деп атаған. Қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Мағауиннің шығармасында: «Шу бойындағы төpт халықтың тоғысында жеңiсiне жол ашқан» деген сөздер бар. Халық сенімінде тоғыс – наурыз айының 14-і мен 15-і күндерi келеді. Қазақтың ырымы бойынша, тоғыстың алдындағы қыста қойдың құмалағы қалың қарға батса, жақсылыққа жорып, ырысты жыл болады деп жорамалдайды екен.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы еңбегінде қазақта «сегіз күндік Наурызнама өтетіні» жазылған (ескіше 1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы).
Наурыз айындағы «Көрісу» рәсімі туралы тарихшы, этнолог Жамбыл Артықбаев былай дейді: «Көрісу» – қазақтың Наурыз мейрамының негізгі салтының бірі. Совет заманында әбден ұмытылып барып, жаңа жанданып жатыр. Қазаққа қыс мезгілі қашанда ауыр болған, тіпті ертеде түгелге жуық Сырдың бойынан бастап Жиделі Байсынға дейінгі аймақта қыстап отырғанда да қиналса керек. Себебі қыс қытымыр болып жатса мал ашығады, кейде көктемге қарай жаңбыр ерте жауып, не қар еріп барып қайта қатып жұт басталып кетеді... Осындай қиындықтардан шыққаннан кейін Наурызды қазақ қуанып қарсы алмағанда кім қарсы алады? Наурызға қазақ қуанбағанда кім қуанады? Көрісу де осыған байланысты шыққан. Қыс бойы бір-бірінің өлі-тірісін біле алмай сағынған елдің жасайтын жоралғысы. Бір-бірін құшақтап, кейде өлгендерін жоқтап, кейде тірі қалғанына шүкірлік айтып көріседі. Қазақтың әңгімелері Наурызды Нұқ пайғамбардың заманымен байланыстырады. Жер бетін топан су басқан оқиға оқырманның бәріне де белгілі. Нұқтың жанында Құдайға сенген сексен адам бар, үш ұл, үш келіні бар алты ай он күн су бетінде қалқып жүріп, өлдік-талдық дегенде Қазығұрт тауының ұшар басына тоқтапты дейді. Біреуі ата-анасынан, біреуі баласынан айырылған, уайым-қайғы басқан ел осы жерде жан шақырыпты. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Нұқтың әңгімесін баяндай келе «Кеменің Қазығұрттың басына тоқтаған күні қасиетті Мұхарам айының оны екен, жұлдыз есебімен санағанда күннің Хамалдың бірінші уәжібіне кірген күні» дейді. Арабтың календары ай есебіне негізделгеннен кейін ылғи да өзгеріп отырады, дегенмен Мұхарам айы оларда қасиетті ай, жылдың басы деп құрметке ие, ал жұлдыз есебімен санасақ Хамал қазіргі уақытта Тоқты аталады және мартқа сәйкеседі. Осы себепті қазақ жерінің батыс аймақтарында Наурызды «Амал мерекесі» деп те атайды, «Амал» дегені «Хамалдан» шығады».
Қазақ халқының өзіне тән салт-дәстүрлері жеткілікті. Бірақ біз сол салт-дәстүрді қаншалықты сақтап жүрміз? Мысалы, «Сәукеле кигізу» деген салт бар еді. Кенесары ханның ағасы Саржан төре Кіші жүздегі Байсақал байдың қызының сәукелесін бес жүз байталға бағалаған. Ұлт жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков өз қолымен сәукеле тіккен.
«Ат тергеу» деген жақсы дәстүр бар еді. Ұлттық болмыс бойынша әйелдер атасына, қайнағасына, қайнысына, қайын сіңлісіне атын атамау үшін қосымша ат қояды. Жеңгелеріміз атымызды атамай, өзіне ұнайтын ат қоятын. Адамды сыйлаудың бір үлгісі. Қазір осы жоғалды. Бадырайтып атын атау үрдіске енді.
«Араша түсу» – дауласқан, жанжалдасқан адамдарға басу айтып ажырату, сабасына түсіру. Бұрындары мұндай жанжалда ауылдың, елдің абыройлы абызы «Араша! Араша!» деп айқайлап, от шыққалы тұрған ортаға барып, ағайынға араша түскен. Қазір ағайынға араша түсер адамды таппайсыз...
Қалың мал, Құйрық бауыр асату, Киіт кигізу деген салт-дәстүр ғана сақталып, көбісі ұмытылды. Күйеуге қатысты ұрын келу, есік ашар, ентікпе, балдыз көрімдік, күйеу табақ, сүтақы, жігіт түйе, атбайлар, босаға аттар, сәукеле, байғазы, жеңгетай, шымылдық байлар, отау жабар, кереге көтерер, уық шаншар, түндік жабар, үзік жабар, туырлық жабар, мойын тастау, ілу, қыз қашар, шашу, қыз көтерер, арқа жатар, қалыңдық ойнау, қол ұстатар, шаш сипатар, көрпе қимылдатар, ит ырылдатар, «кемпір өлді», бақан салар, күйеу аттандырар деген салт-дәстүр тек кітапта қалды.
«Құдалық белгісі – киіт, қоныс белгісі – бейіт», «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген сөздер арагідік айтылатын болды. Тіпті есік-төр көрсету деген дәстүр мүлдем бұзылды. Қазір қыз берген жақ құда шақырылмай-ақ құдаларын төрге шығаратын болды... Құдалық кафеде өтетін болды... Құдасының үйін көрмегендер де жүр...
«Салт-дәстүрін ел бұзбас, уәде – сертін ер бұзбас», «Алты жыл аш болсаң да, атаңның салтын ұмытпа», «Ант бұзған оңбайды, салт бұзған сорлайды», «Саналы ел салтын сақтар» депті қазақ. Ал біз бәрін бұзып жатырмыз...
Салт-дәстүр – ұлт үшін өмір сүру заңы. Қазақ болудың бір жолы. Халық оны бұлжытпай орындайтын болған. Қазақтың салты мен дәстүрін құрметтемеген, сақтамаған адамдарға айыппұл салып, жазалап та отырған.
Салт-дәстүр – мәдениет. Ұлт байлығы. Қазір біз тәуелсіз ел болдық. Бүкіл Қазақстан халқы қазақ мәдениеті шеңберінде өмір сүруі қажет. Сол үшін де өз құндылықтарымызды қадірлей білгеніміз жөн.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, Самарқанның көк тасы еритін, Ұлыстың ұлы күні – Күн мен Түннің теңелетін наурыз айындағы бүкіл түркі жұртының ортақ мейрамы – Жыл басы, Жаңа жылымыз, ұлттық мерекеміз – Амал немесе Көрісу мерекесін жалпыұлттық және жалпықазақтық мейрам ретінде жаппай атап өтудің уақыты жеткендей!
Нұртөре ЖҮСІП,
сенатор