Аймақтар • 02 Наурыз, 2020

Бизнесмендер бағдарламаға дем берді

177 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасындағы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарағанды облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Гүлнәр Құрбанбаева өңірдегі әрбір екінші кәсіпкердің аталған бағдарлама жобасының қатысушысы екенін мәлім етті.

Бизнесмендер бағдарламаға дем берді

 

Өткен жылы облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жобалар саны 200-ден 1 мыңға дейін өскен. Облыс тұрғындары ұсынған қызықты идеяларды кәсіпкерлер қызу қолдап отырған. Мысалы, бүгінгі күнге дейін өмір сүруді жақсарту бойынша 25-тен астам жоба меценаттар тарапынан қаржыландырылған және іске асырылған.

– Қайырымдылық акцияларға қатысатын әлеуметтік жобалар мен адамдар саны арта бастады. Әлеуметтік жобалардың көпшілігін меценаттар мен еріктілер жүзеге асырады. Яғни, 88 мың кәсіпкерлік субъектінің жартысы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға қатысатын біздің белсенді кә­­сіпкерлеріміз, – деді Гүлнәр Құр­банбаева.

Сондай-ақ брифингте Қа­рағанды облысы әкімінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мәселе­лері бойынша штаттан тыс кеңесшісі Бекзат Алтынбеков ағымдағы жылға арналған жоспарлар туралы баяндады. Ең бірінші кезекте өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге айрықша көңіл бөлінетінін атап өтті ол.

– Биыл өңірде бірнеше жоба жүзеге асырылады. Мысалы, Абайдың 175 жылдығына ар­налған іс-шаралар аясында «Абайдың інілері – қазақтың ірі­лері» атты поэзия күнін өткізу жоспар­да бар. Сондай-ақ, биыл Қара­ғанды облысының «100 жаңа есім» анық­талып, әр аудан мен қала бойынша көрнекті тұлғалардың тізімі жасалады. Қасиетті жерлердің сайты және оларға жолсілтемелер әзірленеді. Сонымен қатар «Туған жерге туыңды тік» атты жерлестер форумын өткізбекпіз, – деді Бекзат Алтынбеков.

Брифингке қатысқан об­лыстық ішкі саясат басқар­масының басшысы Ерлан Құ­сайын биыл жарияланғанына үш жыл толған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы жұмыс­тарға жергілікті атқарушы билік тарапынан алдағы уақытта да айрықша мән берілетінін атап өтті.

 

ҚАРАҒАНДЫ