Қоғам • 02 Наурыз, 2020

Ұлт тарихының өзегі – шығыстану

496 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәдениет және спорт министрлігіне бағынысты Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ұйымдастыруымен «Ресей Шығыстану ғылымының Қазақстан мен Орта Азияны зерттеуі. Қазақстандағы шығыстанудың дамуы» атты дөң­гелек үстел өтіп, оған белгілі ға­лымдар, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Шығыстану кафедрасының оқы­тушылары мен Мемлекет тарихы инс­ти­тутының қызметкерлері, сонымен қатар аталған тақырып бойынша ізде­ніп жүрген докторант, магистранттар қатысты.

Ұлт тарихының  өзегі – шығыстану

Жиында талқыланатын тақырыптар мен бас қосудың мақсаты жайлы көпшілікті хабардар еткен Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Нұрлан Ере­жепов: «Ең әуелі Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай, бүгінгі төл тарихымызға оң көзқарас керек еке­нін жеткізіп, оның ішінде ресейлік шығыс­танудың ірі өкілдері – В.В.Бартольд, С.Е.Малов, В.В.Радлов т.б. оқымыстылардың еңбегі ұлт тари­хын түгендеуде үлкен септігін тигізіп келе жат­қанын атап өтті.

 Жалпы алғанда ХІХ ғасырдың екінші жартысында қалыптасқан ресейлік шығыстану әскери және ғылыми мақсатта жүргізілді. Әсіресе, шығыстану бойынша патшалық мекемелерге жеткізілетін мағлұматтар: жазбахат, баяндама, шолу, арнаулы сипаттама, географиялық нысандар координаты, сызба-карта... сияқты пайдалы мәліметтер, бүгінгі таңда өткенімізді саралауға зор үлесін тигізіп отыр.

Осы орайда академик Болат Көмектің ресей­лік шығыстану мәселесі жайлы айтқан пікіріне құлақ түрсек, бұл ілімді игеру барысында академик В.В.Бартольдтың еңбегі өзіне бағыт-бағдар болғанын, әсіресе, кимектану мәселесінде атақты оқы­мыстының 11 дереккөзін пай­даланғанын, тіп­ті ғалымның назарына ілікпеген 70-ге тарта тың мәлімет тапқанын, бұлардың бәрі ұлт тарихының белес-бедерін айқындайтын құнды дүние деген пайымын вебинар арқылы айта кетті. Тақырып бойынша баяндама жасаған танымал дипломат, профессор Сайлау Батыршаұлы ресейлік шығыстану ғылымының төл тарихымыз бен мәдениетіміз үшін алатын орны ерекше екеніне, бұл сала кеңестік кезеңде тоқырауға ұшырап, тіпті қағажау көргенін дәлел-дәйекпен айтып: «Тәуелсіздіктің арқасында елімізде шығыстану мамандарын дайындайтын оқу орындары көбейді. Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем­дік тілдер университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қа­тар­лы оқу орындарында: араб, парсы, қытай, корей, жапон, урду, хинди тағы басқа тілдер және шығыс халық­тарының тарихы оқытылып жатыр. Бұл құптарлық іс» деді.

Сонымен қатар «Еуразия ұлттық универ­ситетінде шығыстану мамандарын даярлау» тақырыбы бойынша ақпарат айтқан кафедра мең­герушісі Ақжігіт Әлібекұлы, аталмыш оқу орны қазіргі таңда араб, парсы, қытай, жапон, корей тілдеріне маман даярлаумен қатар, келесі жылдан бастап моңғолтану бағытында ілім үйрететіні жайлы айтып өтті. Бұл іс ұлық ұлыс Алтын Орданың 750 жылдық мерекесі, сонымен қатар іргелі империяның негізін қалаушы Жошы хан мен оның ұрпақтарының миссиясына қатысты отандық тарихшылар алдында моңғолтанудың жаңа кезеңі туып тұр деген пайымда тұжырымдалды.

Басқосу барысында шығыстанушы маман Самал Төлекбаева, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ғылыми қызметкерлері Задаш Дүкенбаева, Алмат Аб­салықов, Райымжан Мұзаффаровтардың мазмұнды баяндамалары тыңдалды.