Аймақтар • 02 Наурыз, 2020

Балыққа ауа сыйлады

358 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орал қаласы маңындағы Шаған өзенінің бір саласында волонтерлер суды оттегімен байыту үшін мұз ойып, балықты құтқару шарасын жасады. Олардың қатарында Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетіндегі әріптестеріміз де бар.

Балыққа ауа сыйлады

Суретті түсірген Нұрбек Оразаев

– Бір ғасырдан артық тарихы бар «Орал өңірі» газетінің ұжымы біраз жылдан бері қалың қар мен мұз астында қалған балықтар дүниесіне оттегін жіберу ша­­расын тұрақты өткізіп жүр. Оның үстіне елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы волонтерлер жылын ресми ашып, республиканың түкпір-түкпірінен жиналған волонтерлермен кездес­ті ғой. Біз де биылғы шарамызды осы күнге орайластырдық. Редакцияның оншақты жігіті арнайы келіп, мұзға ойық ойдық, – дейді газеттің бас редакторы Бауыр­жан Ғұбайдуллин.

Ағысы жоқ, тұйық, шағын су айдындары қыста қалың мұзбен көмкеріліп, қатып қалады. Мұндай судағы балықтар мен басқа да су жәндіктері құтқару шарасы жасалмаса, тұншығып өледі. Сон­дықтан мұндай кезде 1 гектар айдынға кемінде 10 жерден ойық жасалуы керек. Еріктілер ойық қайтадан қатып қалмасы үшін оған жағалаудан қамыс сындырып әкеліп тығады. Сөйтіп қамыс бойымен барған ауа су жәндіктерін ажалдан сақтайды.

– Облыс аумағында балығы тұншығуы мүмкін 170-ке жуық су айдыны тіркелген. Бұлардың 39-ы жалға берілген, яғни нақты қожайыны бар. Одан бөлек 70-ке жуық өзен-көлде былтырғы желтоқсан айынан бастап біздің мекеме қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен, орман шаруашылығы қызметкерлерімен бірлесіп, тұншығу қаупі бар су айдындарын оттегімен байыту жұ­мысын жүргізіп келеді. Бұл бастаманы жалпы халық, еріктілер қолдағаны өте маңызды, –  дейді Батыс Қазақстан облысы орман шаруашылығы және жануар­лар дүниесі аумақтық инспек­циясының жетекші маманы Төленді Иманғазиев.

Шаған мұзындағы шараға журналистерден бөлек, қаладағы оқу орындарының студенттері де қа­тысты. Батыс Қазақстан ин­женерлік-технологиялық университет жанындағы колледждің 2-курс студенті Әлібек Қуаныш­беков барлық жастарды осындай игі іске жұмылуға шақырды. Қыс­қы айдында сауапты іске жи­­налған топқа қосыла кеткен Михаил Марков есімді қария бұ­рын бұл өңірде балықтың сан түрі бол­ғанын сағына еске алды:

– Жайықта бұрын қызыл ба­лықтың сан түрі болатын. Дәл осы ақпан айында уылдырық шашуға құртпа балық (белуга) келе бас­тайтын, сәуір-мамырда жаппай қаптайтын. Одан кейін бекіре келеді, жаз бойы сайран салады. Сосын тамыздан бастап қарақанат шоқыр келіп, Жайықтың қазан шұңқырларында қыстап қалатын. Бәрі құрып кетті ғой. Бұған өзен суының азаюы да, химиялық қос­палармен улануы да әсер етті. Қашан да табиғатты бүлдіру оңай, қалпына келтіру қиын. Мысалы, құртпа балық 13-15 жылдан бастап қана жетіледі, бекіре 8-9 жасқа келген соң ғана уылдырық шашады, – дейді Михаил қария балықтың сырын қорадағы малындай сипаттап.

Волонтерлер жылының бастауында атқарылған бұл шара жас­ты да, жасамысты да жаңа іске жі­герлендіріп, сауапты қадамға ша­қырғандай болды.

 

Батыс Қазақстан облысы