17 Тамыз, 2013

Қаз бен үйрек өсіру

5800 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

гусиЕгер ауылды жерде өмір сүре­тін болсаңыз, тұрып жатқан мекеніңіздің қасында өзен мен көлшіктер болса, онда сізге қаз бен үйрек өсіргеннен басқа пайдалы іс жоқ. Өйткені, қаз бен үйрек күтімді көп қажет етпейді. Оның үстіне барынша көбеюге бейім. Қаз бен үйректен адам денсаулығы үшін пайдалы ет өндіруге болады. Үстіндегі мамығы мен қанатының өзі пайдаға асады. Оның үстіне қаз бен үйректен алынатын майдың өзі құнарлығымен ерекшеленеді.

 

Егер ауылды жерде өмір сүре­тін болсаңыз, тұрып жатқан мекеніңіздің қасында өзен мен көлшіктер болса, онда сізге қаз бен үйрек өсіргеннен басқа пайдалы іс жоқ. Өйткені, қаз бен үйрек күтімді көп қажет етпейді. Оның үстіне барынша көбеюге бейім. Қаз бен үйректен адам денсаулығы үшін пайдалы ет өндіруге болады. Үстіндегі мамығы мен қанатының өзі пайдаға асады. Оның үстіне қаз бен үйректен алынатын майдың өзі құнарлығымен ерекшеленеді.

Қаз бен үйрек – қиындыққа төзімді, табиғатқа тез бейімдел­гіш құстар. Оларды өсіру үшін алдымен орын-жай сайлап алу қажет. Орын-жайды жерден қазып істеуге болады. Үстіңгі қабатын жерден біршама көте­ріп, төбесін топырақпен ны­ғыздап отырып жабу керек. Жерден көтерілген қабырғаларға шағындап терезе орнатуға болады. Сонда ол жерден көтерілген жертөле секілді қыста жылы, жазда салқын әрі жарық, қаз бен үйрек үшін таптырмас қора болып шығады.

Бірақ жұмыс мұнымен де бітпейді. Енді сіз жертөленің үс­тінен ішіне кірген адам ер­кін жүре алатындай сымнан жасалынған торкөзбен қорша­лынған жеңіл де ашық қора тұрғызыңыз. Қаз бен үйрек үшін бұл қыдырыс алаңы болып табылады. Құстар қораның үстіңгі бетінде күндіз сейілдеп жүреді де, егер күн салқын болса кешке жақын астына түседі. Жертөленің ішінде жұмыртқалайды. Жертөле таза болуы үшін астына жұқалап сағдар төсеп, оны жиі ауыстырып отыру керек. Сонымен қа­тар, ауаны үнемі тазартып отыратын желдеткіштің болуын да ескеріңіз. Негізінде қаз бен үйректі бір-біріне аралас­тырмай, екі бөлек баққан жөн. Болмаған жағдайда жертөлелері бөлек болуы тиіс.

Егер сіз қаз бен үйректі балапан кезінен бастап өсірсеңіз, онда сізге ең дұрысы инкубатор сатып алу. Арнаулы сауда дүкендерінде шағын тұрмыстық инкубаторлар сатылады немесе тәжірибелі құс өсірушілер оны қолдан да жасап алады. Мұның әдіс-тәсілін интернет арқылы білуге болады.

Азықтандыру. Балапандарға жұқалап туралған жұмыртқа, салат, әртүрлі жасыл өсімдіктер мен қайнатылған күріш берген жөн. Бастапқы екі аптада оларды әр екі сағат сайын азықтандырып отыру қажет. Содан кейін оның жиілігін азайтып, тәулігіне бес рет, кейіннен үш рет қолдан азықтандыруға көшіру керек. Балапандардың қанаты әбден қатайған кезде, шамамен алғанда екі ай уақыт өткеннен кейін оларды үлкен құстар қатарына қосуға болады. Бұл кезде оларға басқа құстармен бірге кешке жақын күніне бір рет құрамажем мен астық дәндерін беріп отырған жөн. Өйткені, есейген құстар жаз уақытында өзінің азықтық қажеттіліктерін негізінен жайылыс арқылы өтейді. Қосымша азықтандыру олардың дұрыс жетіліп, семіруі үшін қажет. Бұл кезде оларға жеммен қатар бір мезгіл, көбінесе жайылыстан қайтқан мезгілдерінде бақшада өсетін жасыл өсімдіктер мен олардың қалдықтарын, өсімдік тамырларын, адамдардың өзде­рінен артылған көкөніс және жеміс өнімдері мен түрлі тамақ қалдықтарын турамшылап, ұсақ­тап беріп отыруға болады.

Қаз бен үйректі өз балапандары есебінде өсіру үшін оларға жұмыртқа бастыртады. Бұл үдерісті негізінен алғанда нау­рыз айының соңы мен сәуір айының бірінші жартысында жүргізген жөн. Өйткені, көбінесе осы уақыт аралығында өздерінің табиғи инстинкттеріне сәйкес жұмыртқалауды тоқтатып, жұмыртқаны басуға талпыныс жасайды. Оның үстіне дәл осы кезең аралығында пайда болған балапандар көктеммен бірге өмірге келіп, көктем айының шалғынды шөбін жеп жетіледі. Бұл жағдай олардың дұрыс өсуіне оңды әсер етеді.

Қаз бен үйрек көбінесе өздері жұмыртқалаған қора ішінде балапан басып шығарғанды қалайды. Сондықтан жұмыртқа ба су үдерісі кезінде қораны ауыстырмаған жөн. Бұл үшін жертөлені аздап қараңғылап, жұмыртқа басуға талпыныс жасаған аналық құстың бауырына 11-13 жұмыртқадан орналастырады. Жертөленің температурасы 12 градустан төмен болмағаны жөн. Әрі жұмыртқа басқан аналық құс тыныштықты сүйетіндіктен жертөленің ішін­де оларға жеке орын лайықтаған дұрыс болып табылады. Қаз бен үйрек басып шығарған балапандарды жеке күтімге алуға да болады немесе ең дұрысы, оларды анасынан бөлмей бірге өсірген жөн.

Балапандар жүруге жарасымен көп өтпей-ақ оларды жайы­лысқа шығарады.

Ал балапандарды сатып ал­­ған немесе анасынан жекелеп баққан жағдайда олардың тұра­тын жерінің бірінші тәулік­тегі жылылығы 32 градустан төмен болмағаны жөн. Келесі күндері жылуды әр тәулік сайын 1 градусқа төмендете отырып, 8 градусқа дейін жеткізу керек. Балапанның өмірге келгеніне 22 күн өткеннен кейін олар орналасқан орын-жайды жылумен қыздырмаса да болады.

Ал балапандарды суға 14 тәулік өткеннен кейін жібереді. Бастапқы кезде судың сондай бір суық егер ол ағынды су болса ағысы күшті болмауын ескерген жөн.

Өнімдерді өткізу. Қаз бен үйрек өсірген кезде олардан алынуға тиісті өнімдерді толықтай алып, оларды өңдеуден өткізу мүмкіндігін ескерген жөн. Міне, осындай жағдайда бұл істің тиімділігі де барынша арта түспек. Мәселен, қаздың салмағы 4 пен 8 килограмм ара­лы­ғында болады. Әр қаз 600 грамға дейін мамық бере алады. Үйрек 1,5-тен 3 килограмға дейін тартады. Құстың еті мен жұмыртқасын өткізу ісін жолға қоюмен қатар, олардың мамығынан көрпе, жастық жасау ісін де ойластырған жөн. Немесе оларды осы іспен айналысатын шеберлерге сатуға болады.

Қаз бен үйрек өсіру шығын­дары. Бұл істегі негізгі шығын – балапандарды сатып алу үшін жұмсалатын қаражат. Бір балапанның бағасы шамамен алғанда 400 теңге тұрады. Сіздің өмір сүретін өңіріңіздегі жағдайға байланысты бұл баға одан сәл арзан немесе қымбат болуы да мүмкін. Ал біз рыноктағы жалпы жағдайды есепке алып отырмыз. Сөйтіп, сіз 30 балапан сатып алатын болсаңыз, оған 12 мың теңге қаржы жұмсайсыз. Сонымен қатар, оларға қажетті азықты сатып алу үшін шамамен 3-5 мың теңге аралығында шығын жұмсалады.

Қаз бен үйрек өсірудің кіріс­тері. Бір қаздың рыноктағы бағасы – 5000-6000 теңге. Егер сіз 15 қаз өсіріп сатсаңыз, оның өзінен 75-90 мың теңге пайда аласыз.

Бір үйректің рыноктағы жалпы бағасы – 2000-2500 теңге. Егер сіз 15 үйрек өсіріп сатсаңыз, одан кем дегенде 30 мың теңге пайда табасыз. Сонда сіздің жалпы пайдаңыз 110-130 мың теңге аралығында болады. Әдетте, құс өсіретін адамдар оны жүздеп, тіпті, кейде мыңдап мыңғыртып өсіреді. Сол кезде бұл іс нағыз пайдалы кәсіп түріне айналады.

Әзірлеген

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

____________________

Пайдалы кеңестерді мына сайттардан алуға болады:

www.dom-ptica.org/vyrashivanie_i_otkorm_gusyat.html

www.fadr.msu.ru/rin/vestnic/vestnic2_01/2_10_01.htm#1

Соңғы жаңалықтар

ЕАЭО отырысы Шымкентте өтеді

Саясат • Бүгін, 12:58

Елшіл қайраткерге құрмет

Қоғам • Бүгін, 10:30

«Аллажар» – замана аманаты

Қоғам • Бүгін, 10:10

Отандық өнім, озық технология

Экономика • Бүгін, 09:55

Жанға жайлы Жанұзақ

Аймақтар • Бүгін, 09:50