Мәселен, коронавирус инфекциясының таралуы бойынша эпидемиологиялық қаупі жоғары елдердегі шетелдік мекемелерімізде жедел штабтар құрылды, біздің азаматтарды эвакуациялау бойынша іс-әрекеттер алгоритмдері қабылданды және консультациялар беру мақсатында «жедел желілер» ашылды.
Бүгінгі таңда Қытайдан 480 қазақстандық эвакуацияланды. Қытаймен тұрақты әуерейстері, жаяу жүру бекеттері, темір жол/автомобиль жолаушы тасымалы тоқтатылды. 2020 жылғы 3 ақпаннан бастап Қытайдағы барлық шетелдік азаматтарға виза беру тоқтатылды.
Биылғы 5 наурыздан бастап Әзербайжанмен әуе рейстері қысқарады және Иран азаматтарының Қазақстанға кіруіне тыйым салынады.
«Біздің азаматтарға эпидемиологиялық қаупі жоғары елдерге сапар шегуден қалыс қалу ұсынылды», — деді М. Тілеуберді.
Қолда бар мәліметтер бойынша, аталған елдерде 95 мыңнан астам азаматтарымыз бар, оның ішінде 35 мыңы Кореяда, 40 мыңы – Америка Құрама Шттатарында, 5100 – Біріккен Араб Әмірліктерінде, 5000 – Германияда, 3000 – Ұлыбританияда, 1800 – Италияда, 1000 – Францияда. Олардың басым бөлігі — студенттер, еңбек мигранттары, шетелдегі мекемелердің қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері, туристер мен бизнесмендер.
«Эпидемиологиялық ахуал ушыққан жағдайда, қазақстандық азаматтарды эвакуациялау мәселесі дер кезінде қарастырылатын болады. Бүгінгі таңда шетелдегі Қазақстан азаматтарының арасында коронавируспен ауырған жағдайлардың тіркелмегенін ерекше атап өткен жөн», — деді Сыртқы істер министрі.
Коронавирус инфекциясының таралуы бойынша эпидемиологиялық қаупі жоғары елдердегі ахуалға, сондай-ақ мемлекеттердің коронавирустың таралуына жол бермеу бойынша шектеу шараларына мониторинг және талдау жүргізілуде.
Жасалған талдау көрсетіп отырғандай, шет елдер келесі шектеу шараларын қабылдауда:
- халықаралық өткізу пункттерінде және әлеуметтік маңызы бар нысандарда санитарлық-карантиндік бақылауды күшейту;
- қаупі бар елдермен визалық режимді ішінара немесе толық тоқтату, тіпті мемлекеттік шекараны жабу;
- авиациялық, теміржол және автомобильдік жолаушылар қатынастарын қысқарту және мүлдем тоқтату;
- уақытша эпидемиологиялық орталықтар және госпитальдар салу;
- қоғамдық-бұқаралық және халықаралық іс-шараларды тоқтату.
«Сонымен қатар эпидемияның экономика мен жеке бизнеске теріс әсерін болдырмау бойынша шетелдік мемлекеттер алдын алу шаралар қабылдануда. Министрлік осы бағыттағы жұмысты жалғастырады», — деді М. Тілеуберді.