Қоғам • 02 Наурыз, 2020

Ақын Қайырбек Асанов оқырмандармен кездесті

684 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ш. Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асановтың 75 жас мерейтойына орай «Адалдық-асыл мұратым» ақынмен сырласу кеші өтті.

Ақын Қайырбек Асанов оқырмандармен кездесті

Сырласу кешінде ақын Қайырбек Асанов поэзия әлеміндегі орны, өмірлік жолы, бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп келе жатқан асыл жары Күләш Ахметовамен алғаш қалай танысқандығы, қос ақынның арасындағы кіршіксіз махаббаты туралы оқырмандарға әңгімелеп берді.

Іс-шараға жазушы, драматург, публицист Елен Әлімжан, филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ, Мойынқұм ауданының құрметті азаматы, құсбегі Жапар Сатылғанов, сондай-ақ ақын ізбасарларының бірі – айтыскер ақын, журналист Есет Досалы қатысып, қаламгердің шығармашылығы, азаматтық қасиеттері жайында кеңінен сыр шертіп, ақын өлеңдерін оқып, талдау жасап, қызықты естеліктерімен бөлісті

Кітапхана жанынан құрылған «Қаламгер» клубының мүшелері Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студенттері Ерасыл Әуезбай, Құралай Жақан ақынның және жары Күләш апамыздың  өлеңдерін мәнерлеп оқып, әдеби композиция құрды.  Оқырмандар ақ­ыннан қонақ кәде сұрап, жаңа өлеңдерін шабытта­на оқыды. Сырласу кеші сырлы әуенмен әрленді.

Кеш соңында кітапхана дирек­то­ры Эльмира Абдинова  оқырмандарға үлкен әсер сыйлаған ақын шығарма­шылығына толағай табыстар тілеп, кеш қонағына сый-құрмет көрсетті.

Соңғы жаңалықтар