Абай • 03 Наурыз, 2020

Балалардың базынасы – Абайды ұлықтау

287 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көкшетау мен Қараөткелдің арасын жайлаған қалың жұрт ұлы Абайдың ұлағатын айрықша серпінмен насихаттауда. Жалпақ жұртшылықты жете қамтудың бір жолы – мектеп оқушылары арқылы олардың ата-аналарына да рухани мол мұра теңізінің тамшысынан татыру.

Балалардың базынасы – Абайды ұлықтау

Өңірдегі өңі өзге игілікті істі таяуда Көкшетау техникалық-гуманитарлық лицей-мектебі қолға алды. Балалар ата-аналарын қолынан жетектеп, білім ордасына алып келді. Отбасымен отырып оңды шараға қатысты. Тиянақты дайындаған, ұлы Абайға арналған ұлағатты кештің ұқтырары да аз емес еді. тіршіліктің толқынында күнкөрістің қарекетімен жүрген көптеген ата-аналар бауыр еті балаларының бас болуымен бір сәт мол мұраға кенеліп, бір жасап қалды. Алдағы уақытта оқу орнында осы мазмұндағы жұмыс бір жыл бойы жүргізілмек. Әр кездесу өткізілген сәтте кестеленген көркем дүниенің шетін тарқатып, ұлы хәкімнің ұлағатын кезең-кезеңімен көкіректеріне қаттап жинамақ.  

Осы жолы «Абай жолы» романы желісімен қойылған сахналық көрініс көне дүниенің көз алдыңа әкеліп, ұлттық рухани құндылықтарды тыңдарманның сүйегіне сіңірді.  

–Ақын тек қазақ әдебиетіне ғана емес, әлемдік әдебиеттке де қосқан үлесі орасан. Міне, біз осыған көп басымдық беріп отырмыз.   Жасыратыны жоқ,  кейбір ата-аналардың өздері Абай шығармашылығын толық біле бермейді,–дейді Көкшетау гуманитарлық-техникалық мектеп-лицейінің директоры Наталья  Дементьева.

«Сабақты ине сәтімен» дегендей, балаларының базынасы арқылы басты байлыққа кенеліп жатқан ата-аналардың да ризашылығы мол.

 

Көкшетау қаласы.