Зеренді селосының орталық алаңы нағыз мерекедегідей безендірілген. Қысқы спартакиадаға келген облысымыздың аудандары мен қалаларының командалары сап түзеп, ортаға шықты. Спортшыларды спартакиадаға арнайы келген бокстан олимпиада чемпионы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт комитеті төрағасы Серік Сәпиевтің бұқаралық шаңғы жарысына қатысқаны тіптен жігерлендіре түсті.
–Замандастарымыздың спортпен айналысуы және бұл іске қарапайым халықтың көбірек қатысқаны өте қуанышты. Салауатты өмір салтын берік ұстану тамаша дәстүрге айналып келеді. Бәйгенің бұйырар олжасы – өз денсаулығы, – дейді Серік Сәпиев.
Мұнан соң отбасылық жарыстар басталып кетті. Әр аудан мен қаладан келген спортшылар үздік нәтижиеден үмітті. Целиноград ауданынан келген Ахамай Бауыржанның айтуына қарағанда, ұстаздар әулетінен екен. Бауыр еті балаларын бала бақша табалдырығын аттағаннан бастап әрқайсысының икемдеріне орай спортпен бауырластырады. Соның арқасында тұтас отбасы болып салауатты өмір салтын берік ұстанып келе жатыр. Шаңғы базасындағы спорттық сауықтыру кешенінде, №2 мектептің спорт залында, Зеренді көлінің үстінде қысқы спорттың бірнеше түрі сарапқа салынды.
Зеренді аудандық спорт бөлімінің жетекшісі Нұржан Шәкіржановтың айтуына қарағанда, биылғы спартакиадаға 600-ден астам спортшы жиналған. Ал, зеренділіктер болса спортшыларды қарсы алуға жақсылап дайындалған.
Тартысты өткен спорт сайыстарында зеренділіктер қысқы спартакиаданың жеңімпаздары атанды. Екінші орынды Астрахан ауданының командасы еншіледі. Үшінші тұғырға Аршалы ауданының өкілдері көтерілді. Қалалар арасында Көкшетау бірінші, Шучье екінші, Степногрск үшінші орын алды.
Ақмола облысы