Қоғам • 03 Наурыз, 2020

Көкшетаудың «күміс волонтерлары»

377 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Күміс волонтер» Зейнет жасындағы волонтерларды осылай атайды. Облыста 700-ге жуық жан бар. Қарт волонтерлар да жастардан қалыспай, жақсылық жасауға асық.

Көкшетаудың «күміс волонтерлары»

 «Доброе сердце Кокшетау» деп аталатын ұйым өздерінің ізгілікті іс-қимыл, ізетті іс-әрекетінің арқасында жас толқынға ғана емес, жастары жер ортасынан ауған егде адамдарға да үлгі, жақсылыққа ұйытқы болып келе жатыр.

Адамға қолғабыс етуге әрдайым дайын тұратын Бибігүл Бейсенованың айтуына қарағанда, бір адамға жақсылық жасаса, жаны жадырап қалады. Тіпті, бейтаныс адамдарға да қол ұшын береді. Сол титтей көмегінен рухани ләззат алады. Мұның өзі жақсы қасиет. Кейіпкеріміздің топшылауынша, қайырымдылық жасаған адамының көзінен ризашылық сезімді байқау қиын емес. Төңірегіне осылайша мейірім нұрын төгіп жүрсе, күллі әлем жақсылықтан жадырап кеткендей көрінеді. 

Міне, бүгін өзге волонтерларымен бірге көпбалалы ананың үйіне азық-түлік әкелді. Бір отбасындағы жеті бала үшін бұл жан жадыратар оқиға. Бір айта кетерлігі, жандарынан шуақ төгілген қайырымды жандар оларға үш жылдан бері көмектесіп келеді. Болашақта баспаналы болуларына да жәрдемдеспек.  

–Шынын айтқанда, қазір көмек қолын созатын қамқор адамдар көп емес. Әркім өзінің күйкі тіршілігімен әуре. Ал, қайырымдылық адамдардың арасындағы бірлікті, болашаққа деген сенімді нығайта түседі,–дейді көп балалы ана Екатерина Пажарская.

Алдағы уақытта облыста волонтерларды қолдауға арналған 80-ге жуық  орталық  ашылмақ.  Қазір өңірде ресми түрде тіркелген волонтерлық 10 белсенді ұйым  жұмыс  істеуде.

 

Көкшетау қаласы

Соңғы жаңалықтар