Аймақтар • 03 Наурыз, 2020

Азаматтық белсенділікке үндейді

135 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өткізілді. Оның жұмысын ашқан департаменттің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және парасаттылық басқармасының басшысы Бақытжан Әмірханов аталған ведомствоның ақпараттық саясаты жөнінде хабарлама жасады.

Азаматтық белсенділікке үндейді

Бұдан кейін сөз алған департамент жанындағы ақпараттық-ағартушылық штабтың төрағасы Ғосман Төлеғұл штаб қызметі туралы кеңінен әңгімелеп берді.

–Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет»  тұжырымдамасын іске асырудың маңызы орасан екенін атап көрсетті,–деді Ғ.Төлеғұлұлы, –өйткені, билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Осыған байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігі өткен жылдың қарашасында республикалық ақпараттық-ағартушылық штаб құрды. Сол кезден бастап бұл құрылым біздің облыстың өңірлерінде де жұмыс істей бастады. Оның құрамына «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының, ардагерлер кеңесінің, аналар кеңесінің, діни бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері енді.

Біздің пайымдауымызша, штаб осынау қысқа мерзімде белсенді қызметімен танылып отыр. Облыстық қоғамдық құрылым полиция, мемлекеттік қызмет істері, бәселекелестікті қорғау және дамыту, қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінде, сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, құрылыс, дене шынықтыру және спорт, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармалары мен Көкшетау қаласы әкімдігінің аппаратында және басқа мекемелерде кездесулер өткізген. Сонымен бірге Зеренді, Сандықтау, Бурабай, Қорғалжын және Аршалы аудандарында көшпелі мәжілістер ұйымдастырылыпты. Жалпы, 4115 адам қатысқан 43 іс-шараның ресми құжаттары қатталып, бұқаралық ақпарат құралдарында 90 материал жарияланғаны айтылды.

Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын тауып, қызмет ауқымы кеңімекші. Брифингте аталған түсінік жұмыстары тұрғындардың құқықтық сауаттылығын және азаматтық қоғамның белсенділігін арттырады деген сенім білдірілді.

 

Ақмола облысы