Дөңгелек үстелді кіріспе сөзбен ашқан «Қайнар» академиясының ректоры, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, профессор Еренғайып Омаров еліміздің ғылымы мен біліміне өлшеусіз үлес қосып, отандық тіл ғылымының халықаралық деңгейде танылуына, түркі дүниесінде өзіндік орын алуына елеулі еңбек сіңірген Ш.Сарыбаевтың тағылымдық-танымдық еңбектері мен ғибратты ғұмырын болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге ету мен насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, тұлғалық келбетін жан-жақты қарастыру үшін еңбектерінің мәнін терең түсіну қажет екенін атап өтті.
Дөңгелек үстел отырысының модераторы ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Кәрімбек Құрманәлиев алғашқы сөзді Халықаралық Түркі академиясының президенті, ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Дархан Қыдырәліге берді. Академик Ш.Сарыбаевтың қазақ тілінің халықаралық деңгейге көтеріліп, әлемдік түркологияда тіліміздің өзіндік орнын алуға өлшеусіз үлес қосқан еңбектеріне ерекше тоқталып өткен Д.Қыдырәлі Халықаралық Түркі академиясы тарапынан атқарылып жатқан ғылыми жобаларды тілге тиек етті. Сонымен қатар отандық ғылымды әлемдік білім-ғылым кеңістігіне кіріктіру үдерісінде түрколог-ғалымдардың атқарар қызметі қомақты екенін, осы орайда еліміздің жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдарымен бірлесіп, серіктестік қарым-қатынастар орнатудың маңыздылығын жеткізді.
Қазақ тілі тарихы, диалектология, лексикология, лексикография, грамматика, т.б. көкейкесті мәселелеріне қатысты ғалымның қаламынан 300-ден астам ғылыми мақалалар, оның ішінде 20 шақты монография, оқулықтар, сөздіктер жарық көрді дей келе Ш.Сарыбаевтың лексикография ғылымын дамытудағы қажырлы еңбегіне тоқталған А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Ерден Қажыбек ғалымның қазақ тілінің өзекті салаларына арнаған еңбектері жайында кеңінен мағлұмат беріп, бүгінгі тіл білімін дамытудың өзекті мәселелерін қозғады.
Шора Сарыбаевтың бар күшін сарп етіп зерттеген саласы – диалектология мен тіл білімінің тарихы. Кәрімбек Құрманәлиев ғалымның осынау еңбектері тұрғысында ой қозғап, шалғайда жатқан тұрғындар тілінің және республикадан тыс жерді мекендейтін қазақтар тілінің байлығын жинауда жүйелі түрде диалектологиялық экспедиция ұйымдастырып, әріптес ғалымдармен бірлесе жүріп, ел аузынан сөз байлығын жинауға басшылық еткенін әңгімесіне арқау етті. Ғалымның 80 баспа табақ көлемді «Қазақ тілінің аймақтық сөздігінің» жарық көруі тіл біліміне қосылған сүбелі үлес десек, академик Сарыбаевтың қазақ тілі жайында өткен ғасыр мен қазіргі кезге дейін жарық көрген еңбектерінің 6 томдықпен жарық көруі – қазақ тіл білімі тарихына қосылған қомақты еңбек, деді ол.
Терминдерді реттеудің теориялық және әдістемелік қағидаттарын «Академик Ш.Сарыбаев және терминологияның өзекті мәселелері» баяндамасына арқау еткен ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, профессор Шерубай Құрманбайұлы қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамытудың ең басты жолдарының бірі – оны ғылым мен техника тілі ретінде одан әрі дамыта түсу және салалық терминологиялық сөздіктерді жасауды бір жүйеге түсіру, ретке келтіру мен жетілдіру керегін айта келе, салалық терминдерді реттеудің теориялық және әдістемелік негіздеріне, сондай-ақ ғалымның спорт терминдерін зерттеудегі рөліне айрықша тоқталды.
Дөңгелек үстел барысында академик Ш.Сарыбаевтың ғылыми шығармашылығы, ұстаздық ұлағаты, тіл тағдырына араласуы, кісілік келбеті, қоғамдық қайраткерлігі және ұлт мүддесіне қызметі жөнінде ҰҒА академиктері мен корреспондент-мүшелері Бақтияр Сманов, Фаузия Оразбаева, Зейнеп Базарбаева және жоғары оқу орындарының профессорлары, филология ғылымдарының докторлары Дандай Ысқақұлы, Жаңалық Балтабаева, Ғарифолла Әнес, Қалбике Есенова, Алтынай Тымболова, Майра Сарыбай, Алтыншаш Құрманәлі, Гүлнар Мұхаммедқалиева, Әнипа Мұхтарова баяндама жасады. Сондай-ақ «Қайнар» академиясының профессор-оқытушылары, студенттері мен магистранттары да қатысып, ой-пікірлерімен бөлісті.
АЛМАТЫ