Ведомство өкілдері жыл басынан бері 10-нан астам ойын аппараты, терминалдар және басқа да құмар ойын құралдары тәркіленгенін жеткізді. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің 2-ші тергеу басқармасының басшысы Олжас Сүлейменовтің айтуынша, 2019 жылы елордада ақшаны заңсыз қолма-қолға айналдыру фактісіне қатысты 4 қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Заңсыз айналымнан 30 ұйымның мөрі тәркіленіп, мемлекетке келген шығын мөлшері 2 млрд теңгені құрады. Қылмыстық топтардың ісіне байланысты тиісті айғақтар алынды.
– 2019 жылы астанада Экономикалық тергеу департаментінің өндірісінде 200-ге жуық қылмыстық іс тіркеліп, оның 108-і сотқа жіберілді. Жұмыс барысында мемлекет бюджетіне 2,5 млрд теңге қайтарылды. Алдын алу жұмыстары аясында Ұлттық банк және екінші деңгейлі банктердің басшылары, сондай-ақ қауіпсіздік қызмет өкілдерінің қатысуымен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Нәтижесінде өзара іс-қимыл жөнінде, сол секілді қылмыстық жолмен табылған кірісті заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыруға және капиталды шетелге шығаруға қарсы бірлескен жұмыстарға байланысты ұсыныстар әзірленді, – деді О.Сүлейменов.
Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері бас қалада жалған валютаны шығаруды жолға қойған азамат қолға түскенін айтты. Анықталғандай, ұсталған адам қағаз ақшаны үйінде басып жүрген. Жалған купюралар ұлттық валютадан көшіріліп шығарылыпты. Оны елордада өткізудің 34 дерегі анықталды. Кінәлі азаматтың қылмысын дәлелдейтін барлық айғақ жиналған деді құзырлы орган басшысы. Қазір бұл фактіге қатысты құжаттар сотқа жіберілді. Осы ретте тергеушілер Ұлттық банкке қауіпсіздік жұмыстарын мейлінше күшейтуге кеңес берді.
Бұдан бөлек спикерлер Арыс және Отардағы әскери қоймаларда оқ-дәріні жоюға байланысты 1,7 млрд теңге ұрланғанын жеткізді. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің 1-ші тергеу басқармасының басшысы Болат Хамитов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Қазтехнология» АҚ басшылығы Арыс және Отар қалаларындағы әскери бөлімдерде оқ-дәрілерді жою кезінде металл қалдықтарын сату нәтижесінде 1,7 млрд теңгені ұрлағаны анықталды. Десе де басқарма өкілдері аталған кәсіпорын басшысына қатысты қылмыстық іс енді қозғалғандықтан, тергеу мәліметтерін әзірге жариялау мүмкін емес дейді.