Аймақтар • 04 Наурыз, 2020

Алматыда Cisco желілік академиясының алғашқы хакатоны өтті

613 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

СДУ Технопаркінде желілік технологиялар саласындағы әлемдік көшбасшы - Cisco компаниясының алғашқы хакатоны өтті. Ауқымды іс-шара СДУ және Cisco желілік академиясының ұйымдастыруымен өтті.

Алматыда Cisco желілік академиясының алғашқы хакатоны өтті

Хакатонның шарттары бойынша студенттер 24 сағат бойы прототиптермен үздіксіз жұмыс істеп,  мәреге 19 команда жетті, олар өз жобаларын қазылар алқасына ұсынды.

IoT трегінде бірінші орынды Integration of Smart Things жобасымен Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің «TUK» командасы иеленді. Прототиптердің бірі ретінде студенттер дыбыс ағынын мәтінге түрлендіруге мүмкіндік беретін Google Speech API жүйесін біріктірді. Шешім субтитрлерді көрсету үшін бейнеконференция барысында пайдаланылуы мүмкін, бұл тек мүмкіндігі шектеулі адамдарға ғана емес, сонымен қатар спикердің сөзі шулы және естілмейтін жерлерде де көмектеседі. Жеңімпаздар XNET компаниясында тағылымдамадан өтіп, Cisco SilkWay Forum шарасына қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Software трегінің жеңімпазы SDU-дан «Akatsuki» командасы атанды. Қатысушылар кеңселік тұрақ процесін автоматтандыруға тырысты. Олардың шешімі нөмірлік белгілер базасы бар камера мен компьютердің көмегімен шлагбаумды басқаруға, қызметкерлерді жіберуге, бос тұрақ орындарын көруге және оларды телеграм-бот арқылы брондауға мүмкіндік береді. Команда WinnCom Technologies компаниясында тағылымдамадан өтіп, Cisco SilkWay Forum - ға жолдама алды.

- Қазақстанда Cisco алғашқы Хакатонында студенттер IoT тақырыбына техникалық концепцияларды тәжірибе жүзінде игеріп, «Cisco Design Thinking» креативті ойлау бойынша тренингтен өтті, сондай-ақ питч-тренинг барысында өз идеяларын таныстыруды үйренді. Біз іс-шараға қатысу жастарға тек оқуда ғана емес, сонымен қатар табысты мансап құруға көмектеседі деп үміттенеміз. Айта кеткен жөн, Хакатонның қорытындысы бойынша Қазақстанның жетекші IT-компаниялары, Cisco серіктестері кейбір студенттерді тәжірибеге алуға дайын», - деп атап өтті Қазақстандағы Cisco желілік академияларының менеджері Наргиз Омарбекова.